Салық кімдерге салынады?
Мобильді аударымдарды 15 сәуірден бастап бақылайды екен деген ақпарат тарағалы тұрғындардан тыныштық кетті. Тіпті кейбір дүкендер мен такси жүргізушілері каспий голд арқылы төлем қабылдаудан бас тартып, жұрт банкомат жағалап кетті.
Қаржы министрінің 29 наурыздағы бұйрығымен жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша жүзеге асырылатын операцияларды кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу критерийлері бекітілді. Құжатқа сәйкес, бір жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына қатарынан күнтізбелік үш ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түссе, онда бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операциялар қатарына жатқызылады.
Екі адамның басы құралса, «ұялы телефон арқылы ақша аударымын жасаған кез келген адамнан салық ұстайтын болды» деп даурығуының себебі осы бұйрықта жатыр. Мәселенің мән-жайы мынадай. 15 сәуірден бастап аударымдардың өлшемін, қандай жағдайларда оларды кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерге жатқызу керектігін белгілейтін бұйрық күшіне енеді. Бұл рас ақпар. Ол бойынша салық органдары қатарынан 3 ай бойы 100-ден астам аударым алатын адамдар туралы ақпаратты сұрап, тексеретін болады. Бірақ ол бүгіннен басталмайды. Банктер салық органдарына деректерді 2023 жылдан, жалпыға ортақ декларация тапсыру басталғанда ғана береді. Онда да алдымен тек мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерінің деректері беріледі.
2024 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен компания басшылары қосылады.
2025 жылы қатарға басқа адамдар қосылады. Бұл жылдың өзінде күнделікті достарыңыз бен туыстарыңыздан аударым алсаңыз, сізде алаңдайтын ештеңе жоқ. Банк құпиясының талаптарына сәйкес, аударымдарыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Бұрынғыдай жеке мақсаттарыңыз үшін аударым жасап, ала аласыз. Бұл туралы егжей-тегжей білуді жөн санасаңыз, 1414 нөміріне қоңырау шалсаңыз болады.
Аталған мәселеге орай Мемлекеттік кірістер комитеті: «Бұйрық жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарына еш қатысы жоқ. Ол салықтық мониторинг жүргізу кезінде тиімділікті арттыруға, заңнама нормаларын сақтауға және салықтан жалтарудың алдын алуға бағытталған», – деп атап өтті.
Ақпараттың анық-қанығын аңғармай, түрлі алып-қашпа әңгімелерге әсерленіп жүрген болсаңыз, алаңдауға негіз жоқтығын жадыңызға тоқи жүріңіз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА