Kaspi-ден – таксиге
Таңертең көлік оталмай қалып, такси шақыра қойдым. Бұрынғы әдетімше «Kaspi»-ден таксиге ақысын аударуды ойлап, нөмірін сұрап едім: «Балам, қолма-қол қабылдаймын» демесі бар ма. Кей кезде тапсырыс бергенде электронды төлемді таңдауға көп мән бере бермейтінмін. Соны меңзеп: «Өзің қолма-қол төлем жасаймын деп көрсеткен жоқ па едің?», – деді. Салық басқармасына хабар беруге оқталып едім, уақыттың тығыздығы мұрша бермеді. Оның үстіне бойды билеген түсініксіз ыңғайсыздық «қойшы» деді. Амал таусылғасын жол-жөнекей дүкенге тоқтап, «Kaspi Gold»-тағы қаржыны қағаз ақшаға айырбастап алуға тура келді. Сонан соң жұмысқа келіп, осы мәселенің түйінін тарқатуға отырдым.
Расында билік көлеңкелі экономикамен күресті кеше ғана бастаған жоқ. Қолма-қол ақша жүрген жерде кәсіпкерлер тарапынан таза табысты жасыру, оны төмендетіп көрсету көптен бар десек жарасады. Бір жағы ел жанашыры, отансүйгіш азамат ретінде табыстың бір бөлігін салық ретінде төлеу ардың ісі. Екінші тұсы, сол салық есебінен қалыптасуы керек өмір сүруге қолайлы орта жағдайы жүдеп тұрғасын бір тиынын екеу қылуды ойлаған кәсіпкерлерге мін таққың келмейді екен. Әлгі таксиді салықшыларға ұстап бермейтін мен сияқтылар екінші ойға тоқталса керек. Әңгімемізге қайта оралсақ...
Жұрт үшінші желтоқсаннан бастап «Kaspi»-де ақша сақтамаңдар деп даурығуы бекер-ақ екен. Өйткені тиісті министрлік қарапайым тұрғындар мен жұмысшыларға емес, жеке кәсіпкерлерге сауда-саттық жасаған кезде салық салынатынын айтты. Онда да 2023 жылы арнайы заң шығып, ол бекітілгеннен кейін ғана жүзеге аспақ. Әзірге іскерлер үшін электронды аударым табысты жасырудың таптырмас амалы болғанымен, бірер жылдан кейін сауда-саттықтағы «плюстің» бұлтартпас дәлелі қызметін атқармақ. Егер былтыр Президент интернет саудаға салық салу мәселесін тоқтата тұруды тапсырмағанда кәсіпкерлер әр тапқан тиынынан қазынаға қаржы беруге міндеттелер еді.
Көлеңкелі экономикаға байланысты сарапшылар біраздан бері дабыл қағып келеді. Экономист Сапарбай Жобаев: «Бізде мәселен, дүкендер өзі декларация жасап, бар табысын көрсетуге әлі ынталы емес. 20-22 проценттік көлеңкелі экономика бар дейді. Ал кейбір маман оны пандемия кезінде 30 % да шығарып жіберді. Мәселен, 30-35 % болса, үштен бірі, сол үштен бірі салықтан жалтарып жүр», – деді.
Әзірге жұрт жиі жолығатын такси мен дүкендер салық деп саспаса болады. Өйткені олардың табысынан тиын жырып алайын деп отырған ешкім жоқ. Кәсіпкерлік талоны барлар бұрынғыша салығын төлей береді. Осы ретте биліктің ресми дерегіне назар аударған едік.
– Тек қана кәсіпкерлерге қатысты болады. Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға еш салық салынбайды. Мұны біз Қаржы министрлігі ретінде ресми түрде тағы да хабарлаймыз. Жеке кәсіпкер егер ақшаны аударым арқылы алатын болса, өзінің салықтық режимі аясында ғана салық төлейтін болады. Одан артық ешқандай салық ұсталмайды, – дейді Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ