Жүгенсіздіктің жазасы ауыр немесе жаяу жүргіншінің жауапсыздығы
Әдетте жол бойында қандай да оқыс оқиға орын алса жаяу жүргіншіні емес, жүргізушіні кінәлай жөнелеміз. Жол ережесін сақтамай, тізгінге ие бола алмады дегенді желеу етеміз. Бірақ бұл мәселеде біржақты көзқарас танытып, жолдағы қателіктің бәрі көлік тізгіндеушілердің кесірінен деп айту жөнсіз. Себебі, әрбір сезінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болады. Осыдан-ақ, жол-көлік оқиғасы тек жүргізушілердің тарапынан болмайтындығын бағамдай беріңіз.
Сандық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында жол қауіпсіздік ережесін бұзған 2809 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылыпты. Осы көрсеткіштің өзі жүргіншілердің сақтыққа салғырт қарайтындықтарын аңғартады. Аудандағы ахуал да көңіл көншітерлік еместігін байқадық. Қазалы аудандық полиция бөлімінің ұсынған мәліметіне сенсек, биыл жол жүру қағидаларын бұзған 172 азамат анықталып, оларға заң аясында тиісті әкімшілік жаза тағайындалған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол жүрісіне өзге де қатысушыларына кедергі келтірген 35 көлік жүргізушісіне әкімшілік шара көрілген.
– Бүгінде жол ережесіне бағынбай, тәртіп бұзатын жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілердің де саны артып жатыр. Жол қауіпсіздік ережесін біле тұра бағынбайтындары да бар. Шыны керек, біз өз тарапымыздан тұрғындардың жолда жүру ережелері туралы түсініктерін кеңейту мақсатында түрлі шаралар, атап айтқанда "Жаяу жүргінші", "Абайлаңыз балалар!", "Құқық тәртібі" жедел-профилактикалық іс-шараларын үздіксіз ұйымдастырып келеміз. Соған қарамастан жыл көлемінде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 9 адам түрлі дене жарақатын алды. Осындай оқиғалардың бәрі "жаяу жүргіншінікі дұрыс" деген стереотипті санамызға сіңдіріп алуымыздан болып отыр. Бұл қағида қате. Өйткені абайсыздық, немқұрайлылық ешқандай "менікі не оныкі дұрыс" дегенге көнбейді. "Жол қателікті кешірмейді" дегенді қаперіңізде ұстаңыз. Осы ретте, қос тарапты яғни, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол ережесіне бағынып, сақтанып жүруге шақырамын, – дейді аудандық полиция бөлімінің ӘПб-нің бастығы Олжас Қожахметов.
Жаратқан "Сақтансаң – сақтаймын" дейді ғой. Бірақ мұны ескеріп жатқан кім бар? Асыққан кезде айналасына көз салмастан-ақ жолдың арғы бетіне жүгіре жөнелетіндер көп. Таяу маңда көлік келе жатыр ма, жоқ па оған мән беріп те жатпайды. Тосыннан шыға келсе ше? Тежегішті басып, тоқтауға әрекет қылды делік. Бірақ ол тізгінді тартқанымен, екпінімен сырғанап, сені сырғыта әкетпесіне кепілдік жоқ қой. Неге біз өз-өзімізге осылай қастық қыламыз? Адамдар асығыстық қайда апаратындығын білмей ме әлде?
Білмейді емес, біледі. Бірақ соның байыбына баруға құлықсыз. Бірақ бәрі емес, әрине. Жол ережесін қатаң сақтанатындардың да бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Олар жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі көлік жүргізушілерінің де асығыстық танытуынан болатынын айтады.
– Осы күні жаяу жүргіншілер жолағынан он ойланып, жан-жағымда толық бағдарлап барып өтетін болдым. Бірде жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатып, көлік соқты. Көрер жарығым бар екен, аман қалдым. Аса қатты жылдамдықпен келсе, кім біледі сол жерде ажал құшар ма едім? Кейбір жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолағына жақындағанда ғана тежегішті басады. Бағдаршам тұсына немесе жаяу жүргіншілер жолағына жақындағанда жүргізушілер жылдамдықты бәсеңдетуі керек. Сонда ғана үлкен қателіктің алдын аламыз, – дейді кент тұрғыны Мәуе Айтжанқызы.
Ал қазалылық азамат Талғат Нұртаза:
– Халқымызда "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деген тәмсіл бар. Жаяу жүргінші де, жүргізуші де тәртіпке бағынса, жол-көлік оқиғалары болмас еді. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып жіберетіні рас. Жүргіншілердің белгіленбеген жерлермен жолды кесіп өтетін жайттары да жиі кездесіп жатады. Мұның бәрі жол ережесін сақтамағандықтан. Ол үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу керек. Орталық көшелерге үлкен лед экрандар қойып, жол қауіпсіздігі жайында бейнероликтер жиі көрсетіліп тұрса, дұрыс болушы еді. Бұл жол-көлік оқиғаларының азаюына септеседі. Сондай-ақ жол патрульдік полициясының жұмысын да жеңілдетеді. Қателіктердің алдын алу тек солардың құзырындағы іс дегеннен аулақ болуымыз керек. Өйткені қоғамның қауіпсіздігі – байлығында. Сондықтан қоғамның басты қазынасы саналатын өзімізді қатер мен қателіктерден алыс ұстайық, – дейді ол.
Бәрі сақтық пен ережені қатаң сақтау керектігін айтады. Бірақ бұл айтылғандардың бәрі құр сөз ғана ме дейсің... Өйткені айыбын айыппұлмен өтеп, жазадан жалтарып жатқандар көп. Кейде маған осы әдіс мемлекеттік бюджет үшін ғана қолайлы сияқты болып көрінеді. Себебі айыпталғандардың санының артуы мемлекеттік қазынаға құйылатын қаржы көлемін ұлғайтады емес пе?! Өзіңіз ойлап қараңыз, жол қозғалысы ережелерін сақтамаған жаяу жүргіншілерге (қате жерден өту және тағы басқа) 2 АЕК 6 900 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК (34 500 теңге) дейін өседі. Қарап тұрсаң, аз ақша емес. Бірақ бұл жауапкершілікке жұмсақ қарау емес пе?! Айыппұлмен айыбын жуар, бірақ оның сол қателікті тағы қайталамасына кім кепіл болмақ? Жауапсыздыққа көз жұмбай, жол қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға қазірден қажетті жағдай жасамасақ, жүгенсіздіктің бізді жақсылыққа жетелемесі анық.
А. ЖҮСІПОВА