Облыс әкімі шоқайтанушы ғалымдармен кездесті
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын зерттеуші ғалымдар ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Мәмбет Қойгелдиев, Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірмен кездесіп, қайраткердің есімін ұлықтау мәселелерін талқылады.
«Еліміздің тарихында өшпестей із қалдырған, өнегелі ісі аңыз болып дараланған тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі Сыр елінің асыл перзенті, түркі бірлігі идеясының жаршысы Мұстафа Шоқайдың орны ерекше. Оның сан салалы саяси қызметін, шығармашылық мол мұрасын танудың өскелең ұрпақты ұлттық рух пен отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Мұстафа Шоқай есімі өздеріңіздей ғалымдар мен Тәуелсіз елі барда ешқашан өшпейтіні, тағылымды істері халық арасында насихаттала беретіні анық», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде, ғалымдар ұлт қайраткерінің мұрасын зерттеу және танытудағы жоспарларын баяндап, ұсыныстарын ортаға салды.
Мұстафа Шоқай – қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, тәуелсіз, біртұтас Түркістанның идеологы. Алашорда үкіметі халық кеңесінің мүшесі. Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға.