Кәмелетке толмағандарға жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар шаралар ұсынылды
Бүгін аудандық партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Жиынға комиссия төрағасы Әділбек Сарабеков төрағалық етті.
Ең алдымен комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі күнгі Жолдауында айтылған кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстар бойынша аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Амановтың хабарламасы тыңдалды.
Сондай-ақ аталған мәселеге қосымша ретінде аудан бойынша білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселесіне сәйкес атқарылған жұмыстарды аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Надира Амангелдіқызы айтып берді.
Өз кезегінде комиссия мүшелері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту мақсатында аудандық полиция бөлімі білім беру ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге мектеп оқушыларының әлеуметтік желіні пайдалану барысын ұдайы бақылауда ұстау, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын-алу бойынша жұмыстарды жандандыруға сәйкес ұсынымдар берді.
Мұнан соң партияның Сайлауалды бағдарламасын Қызылорда облысы бойынша іске асырудың Жол картасындағы жастарды қолдау бағытының аудан бойынша орындалуын Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов баяндады.
Комиссия мүшелері жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес сауалдарын қойып, аудан көлемінде жастарға арналған бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
#AMANAT