Қазалыда комиссияның кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті
Қазалы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынды жүргізіп отырған Дәурен Оңғарбайұлы кездесу ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Н.Оспанованың ұсынысымен және облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында берілген тапсырмасына сәйкес болып отырғанын жеткізді.
Жиынға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері және Қазалы қаласы, Әйтеке би кентіндегі ата-аналар комитетінің төрағалары мен төрайымдары қатысты.
Комиссия отырысында күн тәртібіндегі алғашқы мәселе - «Есірткісіз аймақ», Кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық шаралар туралы болды. Бұл жөнінде аудан прокурорының міндетін атқарушы Ғанибек Серікұлы баяндама жасады.
Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Ғанибек Құрманәлиев кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар, қабылданған шаралар туралы сөз етті.
Мұнан соң аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Андасұлы білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі туралы айтса, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Әлішева кәмелетке толмағандар арасында салауатты өмір салтын қалыптасыру туралы хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселенің бірі - бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы болса, ол жайында №276 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Ұлжан Ахметова айтып берді.
Жиын барысында түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов балалардың жазғы мезгілде суға түсетінін айтып, аталған жағдай үнемі назарда болу қажет екенін айтты.