Басықара ауылдық округінің әкімі сайланды
ҚР-ның «Сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес 17 қыркүйек күні Басықара ауылдық округі әкімінің сайлауы заң талаптарына сай ұйымдастырылып, ауыл халқы өз таңдауын жасады.
Округ тұрғындарының дауыс беру нәтижесінде «AMANAT» партиясынан ұсынылған кандидат Бекмамбетов Мұратбек Тоқтамұратұлы 59,7% дауыспен жеңіске жетіп, Басықара ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Басықара ауылына арнайы барып, ауыл тұрғындарымен бірге Мұратбек Тоқтамұратұлының қызметіне сәттілік тіледі.
– Ауылға кімнің әкім болып сайланғаны маңызды емес, бастысы – халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстарды лайықты деңгейде атқарса болғаны. Дегенмен, Сіздер өз таңдауларыңызды жасап, Мұратбек Тоқтамұратұлына сенім арттыңыздар. Сондықтан округ тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік салаларын дамытуды, елді мекендегі әлеуметтік-саяси ахуалын тұрақты ұстауды, салалық мекемелермен тікелей байланыста болып, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген міндеттерді жүйелі атқарып, тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындау Мұратбек Тоқтамұратұлы, Сізге жүктелмек. Жұмысыңызға табыс, қызметіңізге сәттілік тілей отырып, күн-түн демей ауыл халқы үшін жұмыс жасауыңыз қажет, – деді М.Әуесұлы.
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов ауыл басшысын сайлауда ауыз біршілікпен жүйелі жұмыс атқарған округ халқына ризашылықтарын білдірді.
Жиында ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, бұған дейін елді мекеннің әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп келген азаматтың алдағы қызметіне сәттілік тілеп, батасын берді.
Айта кетейік, Басықара ауылына аудан басшысымен бірге облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев барды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат