Күзгі сенбілік: кент көшелерінің тазалығына басымдық берілді
Қазалы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында күзгі санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда. Бүгін аудан орталығы Әйтеке би кенті мен барлық ауылдық округтерде кезекті сенбілік ұйымдастырылды.Бұл жолғы тазалық жұмыстарына кент ішіндегі көшелерді ретке келтіруге басымдық берілді. Атап айтқанда, М.Әуезов, С.Мұқанов, Р.Бағланова және Төремұрат жырау көшелерінде қоқыстар жиналып, бей-берекет өскен шөптер шабылды. Сонымен қатар кенттің ішкі және сыртқы аумақтарында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке мекеме қызметкерлерімен қатар аудан тұрғындары да белсенді қатысып, өз аулалары мен көшелерін қоқыстан тазартуға үлес қосты.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі тазалық жұмыстарын аралап көріп, орталық көшелердің санитарлық жағдайына назар аударды. Кент әкімі мен тазалыққа жауапты аймақ басшыларына тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу және көшелердің күтімін тұрақты бақылауда ұстау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Бүгінгі сенбілікке 143 мекемеден 1 678 адам мен 18 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде полигондарға 17,5 тонна қоқыс шығарылды.














