Жанға шипалы жабдық
Ауданда тұрғындардың деснсаулығын түзету мақсатында қыруар шаруа қолға алынып келеді. Соның нәтижесінде қаншама құрал-жабдықтар іске қосылды. Солардың қатарында Қазалы теміржол ауруханасы заманауи талапқа сай соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылуда. Жиырма мыңнан аса халық қарамағында бар ауруханада көптеген сырқатқа септігі тиген оттегімен емдейтін барокамера жұмыс істеп тұр. Бұл жабдықты барынша қолдану мақсатында арнайы мамандар әзірлеп, іске қосты. Шымкент қаласында оқудан өткен қызметкерлер күніге 3-4 адамға емдік көмек жасауда.
Барокамерада науқас шамамаен 40-50 минуттай жатады. Угарный газбен уланғандар 1 сағатқа дейін жатқызылады. Қызылорда облысының аудандары бойынша тек біздің аудан ғана бұл құрылғыға қол жеткізген. Бір курсы 5-10 сеанс аралығында жүргізіледі. Қауіпсіздік шаралар сақталады. Қазалы теміржол ауруханасында бір орындық барокамера гипербариялық оксигенация бөлмесі жұмыс істейді. Ақылы бөлімнің ішінде бірінші қабатта орналасқан.
Онда барокамера ОКА-мт халыққа қызмет көрсетеді.
Бұл салада қызмет көрсетіп жүрген мамандар бар. Олар дәрігер – Нұрдәулет Серікұлы, инженер – Ерлан Қуантайұлы, мейіркеш – Мақпал Жеткербайқызы.
– Барокамера ағзаны жоғарғы қысымда оттегімен байыту арқылы көптеген ауруларды емдеп, көмек көрсетеді. Оның ішінде, әртүрлі жағдайда уланғанда, жүрек, қан тамыр ауруында, өкпенің созылмалы қабынуларында, асқазан-ішек жолдарының сырқатын жазуда септігі мол. Сонымен бірге бауыр мазалағанда, орталық жүйке жүйесі аутқушылығында, көз ауруларында, эндокриндік дертке шалдыққанда, хирургия саласында ұзақ жазылмай жүрген жарақаттар мен жүктілік кезіндегі патологиялық жағдайларда көмегі зор, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының невропотолог дәрігері Нұрдәулет Серікұлы.
Сонымен қатар арнайы маманның мәліметінше, оны қолдануға болмайтын аурулардың бірнеше түрі бар. Оларға – эпилепсия, пневмония, өте жоғары артериялық қысым, жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуы аурулары жатады.
– Барокамерамен емдік сеанс кезінде қолайлы жағдай қамтамасыз етіледі. Әдетте, науқастар ГБО ( гипербариялық оксигенация ) сеанстарын жақсы көтереді. Қолданылған әдістеме мен тұрақты бақылау арқылы жағымсыз әсерлердің жоқтығына кепілдік береді, – дейді Нұрдәулет Балдақов.
Бұл әдіс тек ірі қалаларда, облыс орталықтарында қолданылады. Осыған орай Қазалы теміржол ауруханасының басшысы Құбыл Ршымбетов аудан жағдайында алысқа ақша шығындамаудың жолдарын қарастырып, тиімді көмек түрін көрсетуді жүзеге асырып келеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА