Білімнің жаққан шырағын...
1–қыркүйек — Білім күні! Балғын-балалар үшін тебіреніске толы мерекеге орай, бүгін Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында салтанатты шара өтті. Жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен елдің атқамінер азаматтары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Мәдени кештің шымылдығы ашылып, көрермен назарына алдымен Қорқыт атаның бейнесі ілікті. Ұлы ойшыл өзі ойлап тапқан қасиетті қобызбен жүрек қылын тербетердей ән әуелеткеннен кейін: «Бірлігі бекем, берекесі мол елдің болашақ кілті – білім, ғылымда болса, оның бастауы – мектеп қабырғасынан қадам алар. Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті болады. Наданмен қас болғанша, кітаппен дос болыңдар. Жаңа ғажайып ғылым ғасырында келелі келешек көкжиегіне көз тастар – бүгінгі білімді ұрпақ. Ұл ақылды көш көрмес, ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес ана үлгісін көрмес деген өсиетім ата-ананың санасында орын алсын. Ал халқым, ақылдың атасы ақиқат екенін және ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ екенін, көптің қорқытатынын тереңнің батыратынын ешқашан естен шығармаңдар», – деп өрелі өсиетін айтты.
Бұдан кейін аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы білім бәсекесінде әлемдік деңгейде сынға түсіп, бәйге белесін бағындырып жүрген білімпаз шәкірттерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, ғылым теңізіне жаңаша із қалдыруды мақсат еткен жарқын ұстаздарды білім күнімен құттықтап, шәкірттерге ыстық пейіл танытты. Көрермендердің қалың қошеметінен соң мерейлі мұғалімдерді марапаттау рәсіміне кезек берілді.
Сахна төріне алдымен С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Гүлбану Исабекқызы көтерілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 17 шілдедегі Жарлығымен«Күміс алқа» алқасымен наградталған ұстазға аудан әкімі айрықша ықылас көрсетті. Бұдан бөлек №94 мектептің тарих пәні мұғалімі Бағила Құрманәлі мен Қ.Күлетов атындағы № 92 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсұлу Қараманова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында құрметке бөленгендер қатарында №266 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсайрам Баймаханова да бар. Былтыр республикалық «Дарын» додасында топ жарған ұстаз облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Майра Өмірзақова мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Гүлзат Жолдыбаева облыс әкімі орынбасарының ілтипатына ілікті.
Салтанатты шарада аудан бойынша абырой төріне шыққан ел ағаларының да мерейі өсті. Ардагер-ұстаз Күнділдә Төлеген «Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанды. Ал №93 орта мектептің директоры Серікбол Сансызбаев пен Қ.Нұрмаханов атындағы №95 мектептің басшысы Оңталап Маханбетовке Қазалы ауданының Құрмет граматосы табысталды.
Сонымен қатар өткен оқу жылында жеңімпаз шәкірттердің шыңға шығуына айрықша күш салған мұғалімдерге Қызылорда облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және аудан әкімі Мұхтар Әуесұлының Алғысы берілді.
Мәдени шарада адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фараби, қазақтың бас ақыны Абай мен ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың образы сомдалды. Олардың ұлт мүддесі үшін айтқан жанды сөздері көрермен жүрегіне жетті.
Бұдан кейін жаңа оқу жылының символына айналған Алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар өнер көрсетті. Салтанатты шара қазалылық ақын Жетіскен Мәкеналының сөзіне жазылған «Қазалы вальсі» әнімен тәмамдалды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат