Қыркүйектегі қос қуаныш

Шара басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Туы сахна төріне көтерілді. Бұдан кейін жиналған қауым оң қолды жүрек тұсқа қойып, ерекше толқыныспен әнұран шырқады. Ізін ала Халықаралық педагогикалық білім беру Академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», профессор Мұстафа Матайұлы атындағы мектеп оқушылары тұлғаның өмір жолынан хабар берді.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алдымен тарихи сәтке құттықтауын жолдаған өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың жылы лебізін көпшілікке оқып берді. Сондай-ақ, аудан әкімі ретінде ұстаздар қауымы мен білім ордасының шәкірттерін айтулы оқиғамен құттықтап, маңызын атап өтті.
Келесі сөз кезегін алыстан арнайы ат басын бұрып келген ҚР премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіұлы алып тұлғаның кескін-келбеті, өміршең еңбегі жайында сыр шертті. Бұдан кейін ғалым, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Әбділдин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бағдат Карбозов, саласы бөлек болса да, ғалымға ізетті іні болған Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов естеліктерімен бөлісті.
Ал әке бюстінің ашылуына асыға келген марқұмның ұлы Ғабит Матайұлы мен немересі Оңталап Қырымбекұлы қуанышты күні білім ордасына Гарвард, Оксфорд, Кембридж университеттерінің қазақ тіліне аударылған ең үздік оқулықтарын тарту етті.
Осыдан кейін «Қорқыт сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің музыкалық сүйемелдеуімен жиналған қауым мүсіннің ашылу салтанатын бастады. Шараға арнайы келген меймандар, ауданның атқамінер азаматтары мен халық қалаулылары бюст алдына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Қонақтар мектеп ішінде ұйымдастырылған музейді тамашалап, естелік суретке түсті.
Көп ұзамай жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, оқушылар жүрекке артқан үлкен жауапкершілікпен оқуларына кірісті. Мұндай тебіреніске толы сәтті аудандағы 40-қа жуық мектеп оқушылары сезінгені анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ