Ресейден келетін күнбағыс Қазақстандағы бағаға әсер етпек: Шаруалар импортқа тыйым салуды сұрауда
Фото: pexels.comҚазақстандық фермерлер Ресейден күнбағыс импорттауға уақытша тыйым салуды ұсынып отыр. Бұған көрші елде өнім көлемінің рекордтық деңгейге жетуі және арзан шикізаттың Қазақстан нарығына көптеп келу қаупі себеп. Диқандар мұндай жағдай күнбағыс бағасын түсіріп, отандық шаруалардың табысына әсер ететініне алаңдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Eldala.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл Ресейде күнбағыстан рекордтық өнім жиналуы мүмкін. Aitas Agro компаниясының бас директоры Талғат Алдажаровтың айтуынша, өнім көлемі 21 миллион тоннаға жетуі ықтимал. Егер Ресей оны экспорттай алмаса, күнбағыстың көп бөлігі Қазақстан мен Орталық Азия нарығына бағытталуы мүмкін. Бұл отандық өнім бағасының төмендеуіне әкеліп, фермерлердің табысын азайтады.
"Бұл жағдайда ішкі нарыққа қысым түсетіні анық. Оның әсерін бағаның өзінен-ақ байқап отырмыз. Қазір күнбағыстың бір тоннасына 200 мың теңгеден артық ұсынатындар аз. Қытаймен шекара маңында 230–240 мың теңге беретіндер бар, бірақ ол жаққа өнім жеткізу үшін көп қаражат жұмсау қажет. Ал отандық май зауыттары бір тонна күнбағысқа 180–190 мың теңге ұсынып отыр", – деді ол.
Фермерлер қалыптасқан жағдайға байланысты Үкімет күнбағыс экспортына салынатын қазіргі баж салығын алып тастауы немесе барынша төмендетуі керек деп есептейді. Қазір оның мөлшері – тоннасына 100 еуро.
Нарықты қолдаудың тағы бір жолы ретінде олар Ресейден Қазақстанға күнбағыс әкелуге уақытша тыйым салуды ұсынып отыр.
Алдын ала болжам бойынша, биыл Қазақстанда да күнбағыстан рекордтық өнім жиналады. Оның көлемі шамамен 2,5 миллион тоннаға жетеді деп болжанып отыр.












