Серіктестік жұмысында серпін бар
Өмірімізді электр қуатынсыз және онымен жұмыс істеуді білетін адамдарсыз елестету мүмкін емес. Энергетик мамандығы әрқашан сұранысқа ие және сонымен бірге өте қауіпті. Десе де қиындығына қарамай осы саланы өзіне серік еткен жандар жетерлік. Қарапайым ғана еңбегімен қоғам тынысына игілігін дарытып, өлшеусіз еңбек етіп жүрген мамандық иелерінің көпшілік көңілінде елене бермейтіні бар. Бүгін осы бір олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтып, білікті электромонтерлар жиналған «Энергомера» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымының жұмысымен жақынырақ танысып, жұртшылықпен бөлісуді жөн деп таптық.
Серіктестік өз жұмысын 2008 жылдың наурыз айында бастаған. Жалпы серіктестік негізінен құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысады. Нақтырақ айтқанда, сыртқы және ішкі 110/35/10кВ дейінгі электр желілері мен ТП, КТПН-10/0,4 кВ трансформатор қондырғыларын монтаждау, өрт дабыл қаққыштарын орнату, көше жарық шамдарын орнату, көшелермен ғимараттарды түрлі-түсті жарықтармен безендіру, көлік бағдаршамдарын орнату, сондай-ақ оларға техникалық күтім жасау .
.Бүгінде серіктестік 50-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мекеме басшылық құрам, жобалау-техникалық бөлімі, инженер-техникалық бөлім, есеп бөлімі, өндіріс-техникалық сынды бөлімдерден тұрады. Өндіріс-техникалық тобында екі жұмысшы бригада жасақталған. Өндірістік бөлімінің шеберлері Асхат Жүсіпов пен Өмірбек Жиенқұлов өздерінің жұмысына өте тиянақты. Олар жұмысшыларға бағыт-бағдар беріп, күнделікті жүргізілетін жұмыс барысына жетекшілік жасайды. Ал бас инженер Нұрбақыт Құлманбетов мемлекеттік тапсырыстардың орындалуына жауапты.
Серіктестікте 6 күндік жұмыс аптасы белгіленген. Мекеменің өзіндік ереже қағидалары да жоқ емес. Мұнда кеңсе қызметкерлерінен басқалары арнайы киім киюге міндеттелген. Нағыз ер-азаматқа тән мамандық иелерінің құрал-саймандары мен көлігі әркез сақадай сай тұратындындығын да айта кету керек. Жұмысшылар электрлік құрал-жабдықтармен түгел қамтылған. Мекемеде 10 қызметтік көлік бар. Оның алтауы ауыр техника болса, төртеуі жеңіл көлік.
«Энергомера» ЖШС ашылған кезден бастап облыс көлемінде ғана емес, ресублика аумағында салынған маңызды нысандар жұмысына қатысып, бас мердігер және қосалқы мердігерлікті өз дәрежесінде атқарып келеді. Мысалы соңғы 3 жылда бірнеше жобалармен жұмыс жасап, көптің ықыласына бөленіп үлгерген.
Мысалы 2020 жылы Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентіндегі «Аймақаш мөлтек ауданына жаңа электр жүйесімен жабдықтау» жұмысын, «С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің, Мергенбаев атындағы №226 гимназияның»күрделі жөндеу жұмыстарын жасаса, облыс төңірегінде Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Сонымен қатар Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылға арналған «Жол картасы бағдарламасы» негізінде Қармақшы ауданы, Төретам кентінде №22 35/10 қосалқы станциясын кеңейту және қайта құрылымдау жұмыстары» бойынша жұмыстар атқарды.
2021 жылы «Қызылорда қаласы СПМК-70/2 учаскесіндегі тұрғын үй кварталдарының инженерлік желіліерінң құрылысы, Жаңақорған ауданы, М.Нәлібаев атындағы ауылдық округте «Бақытжан» шаруа қожалығын электрмен жабдықтау, Қызылорда қаласы, Ақсуат ауылдық огругі Наурыз елді мекенінде электр жүйелерінің құрылысы, республика төңірегінде Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласы, Нұрлы Көш мөлтек ауданында жеке тұрғын үйлерге жаңа электрмен қамту желісін салу, «Қазалы-Әйтеке би» ауданаралық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары мен 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің электр желілерінің құрылысын сәтті жүргізді.
2022 жылы Ақтөбе Облысы Мәртөк ауданы Родниковка ауылында жаңа электр жүйелерін жүргізу» жұмыстарын ойдағый орындап, жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленіп қайтты.
Биыл Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінде электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары, Қазалы ауданы электр желілерін қайта жаңғырту, облыс төңірегінде Шиелі ауданында электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша мемлекеттік тапсырысты жеңіп алып, қарқынды жұмыс жасауда.
Мекемеде қызмет ететін мамандар мен жұмысшылар жұмыс барысындағы түрлі қиындықтар мен тосын жайларға әбден төселген. Тіпті бұл олар үшін әдеттегі жағдайға айналған. Дегенмен серіктестік директоры қатаң тәртіп пен жұмысқа деген жауапкершілікті бәрінен жоғары қоятындығын айтады.
– Серіктестік құрылғалы ісіміз ілгерілеп, біршама жетістіктерге жетіп келеміз. Бұл ұйымшыл ұжымның ортақ жемісі. Егер ұжымның бірлігі болмаса, жұмысымыз алға баспас еді. Әр жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы болатыны секілді, біз де еңбек кезінде сан түрлі кедергілерге жиі тап болып жатамыз. Бірақ көлдеңең кездескен тосқауылдарға жұмыла төтеп беріп, жұмыс барысындағы қиындықтарды кәсіби шеберлер мен электромонтерлардың біліктілігі мен қажыр-қайратының арқасында еңсеріп келеміз, – дейді серіктесік директоры Бекетай Мұхашов.
Ауданның өсіп-өркендеуі жолында өзіндік үлесін қосып жүрген «Энергомера» серіктестігі өздеріне сеніп тапсырылған қызметтерін қалтқысыз орындап келеді. Алдағы уақытта да көптің үдесінен шығып, жұртшылықтың қуанышын еселейді деген сенім бар.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ