Ауыл көркейсе – ел өркендейді
Қазалы қаласына іргелес жатқан Көларық ауылдық округіне қарасты Ақтан батыр ауылында қазіргі таңда 342 отбасы тұрады. Тұрғын саны 1517-ге жеткен. Баба атымен аталатын ауылда жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып, экономикалық ахуал жақсарып келеді. Ауыл көркі де бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай ажарлы. Тұрғындардың да тазалыққа деген көзқарасы бөлек. Бұндағы әрбір азамат туған өлкесінің көркейіп-гүлденуіне өз үлесін қосып келеді. Қариялар үлкендігін көрсетіп, өнегелі сөзбен жастарға жол сілтеп отыруды парыз санайды. Ал ата тілін алған ұғымтал ұрпақтың өркені өсіп, көсегесі көгерері сөзсіз.
Әлеуметтік ахуал алға басып келе жатқан ауылда жыл бойына округ әкімінің атына 17 жеке тұлғадан өтініш түсіп, 70 адам жеке қабылдауда болған. Олардың барлығына тиісті заңдылықтарға сәйкес, жауап беріліп, тұрғындар тілегі тасада қалмапты.
– 2023 жылдың 6 айы бойынша «Көларық ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 98 млн 987 мың 200 теңге қаржы бөлінді. 6 айлыққа қаралған қаржы 44 млн 253 мың 200 теңге оның 44 млн 252 мың 533 теңгесі игеріліп, 100 пайызға орындалды. Округ бойынша жиналуға тиісті жеке тұлғалардың мүлік салығынан 99,75 мың теңге, жер салығынан 178,45 мың теңге, жеке тұлғалардың көлік салығынан 778,01 мың теңге, заңды тұлғалардың көлік салығынан 373,85 мың теңге түсті, – дейді ауыл әкімі Серік Өмірзақов.
Көларықта кәсіпкер көбеюде
Бүгінде Ақтан батыр ауылында 89 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оның ішінде төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестік және он сегіз шаруа қожалық, екі азық-түлік дүкені, бір қоғамдық монша, бір газ құю бекеті және ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларында 67 кәсіпкер халыққа қызмет көрсетіп отыр. Биыл жаңадан 23 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлік мақсатқа бір жер учаскесі табысталған. «Қазіргі таңда «Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін немесе жер учаскелерін меншік құқығын сату жөніндегі сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) ұсынылатын жер учаскелерінің жобасын белгілеу туралы» Көларық ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 26 мамырдағы №8 санды шешімі шықты», – дейді ауыл әкімі.
Осы жылдың 6 айында мемлекеттік бағдарламалар бойынша оның ішінде «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы ЖШС-нен – 5 адам 21,9 млн теңге несие алған. Қаржыға қол жеткізген кәсіпкерлер Рахмет Алпысбай, Алмағамбетов Жанарыстан, Сағымбаев Абдулла, Сахи Ерлан, Үмбеталиев Алмас өз ісін одан әр жандандырмақ.
Сонымен қатар, бұрынғы қолданыста болған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орнына «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылға арналған ұлттық жобасы» негізінде құны 30,0 млн теңге болатын 1 жоба ұсынылып, нәтижесінде Света Райс ЖК «Раяна» қол жеткізіп, жұмыс басталып та кетті. Бағдарламалардан тыс екінші деңгейлі банк және қаржылық ұйымдар арқылы «Стартап грант» жобасы бойынша Ғалымбек Құрманалиев 1,4 млн теңге алып, қалаған ісін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 10 адам кәсіпкерлік негізінде оқып, сертификаттарын алды.
Ауылдық округ көлемінде жұмыссыз болып тіркелгендердің саны 25 адам. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша жыл көлемінде ақылы қоғамдық жұмысқа 20 және 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Округте 3269 бас мүйізді ірі қара, 7235 қой-ешкі, 2650 жылқы, 233 түйе бар. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланған. Сонымен қатар, 801 гектар күріш, 232 гектар жаңа жоңышқа, 92 гектар бидай егілген. Ауылда айтарлықтай алға ілгерілеушілік бар. Бұны ауыл басшысының сөзінен де аңғаруға болады.
– Ақтан батыр ауылының 5 құдық (сважин) құжаттандырылды. Қазіргі таңда осы құжаттандырылған құдық (скважин) көзін ашып қалпына келтіру жұмыстарына қаржы көздерін қарастыру жұмыстары жүргізілуде. Ақтан батыр елді мекенін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына барлығы 7 млн 991 мың теңге, оның ішінде 816 мыңмың теңге көркейту көгалдандыру жұмыстарына және 3 млн 161мың теңгесі аяқ су жеткізу жұмыстарына, санитарлық тазалыққа 592 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. Ақтан батыр ауылының Ақтан батыр көшесі бойына қоршау (гүлзар, тратуар) жұмыстары жүргізіліп, 3 млн 584 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді, – дейді Серік Өмірзақов.
Мектеп төріндегі тарих айнасы
Ақтан батыр ауылындағы №190 орта мектепте биыл 281 оқушы білім алды. Сонымен қатар, мектеп жанындағы «Мерей» шағын орталығы 50 балаға тәрбие береді. Қазіргі таңда мектепте 57 мұғалім, 35 техникалық қызметкер, шағын орталықта 18 қызметкер жұмыс жасайды. 2022-2023 оқу жылын 13 оқушы бітіріп, 2 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік аттестат» игері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 12 оқушы қатысты. Орташа балл – 79,3%-ды құрады.
Адамзат баласы өмірінің өткенін танытуда мұражай үлкен рөл атқарады. Ұлттың мәдени, азаматтық, әскери, еңбек жетістіктері, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктеріне де осы қасиетті орын арқылы қанығамыз. Ол бойдағы патриоттық сезімді оятып, отанды сүюге тәрбиелейді. Осы мақсатта Ақтан батыр ауылындағы №190 мектеп жанынан өлкетану мұражайы ұйымдастырылған.
Аталған білім ордасында өлкетану мұражайын жасақтау 2009 жылы қолға алынған. Алдымен ел ішінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар ғылыми жобалар қорғап, құнды деректер мен жәдігерлер жинақталады. 2011 жылы көптен күткен мектеп мұражайы салтанатты түрде ашылды. Ұстаздар қауымы бұл істі атқаруда сол кездегі мектеп директоры Қайрақбай Жақсыбайұлы мен білім бөлімінің әдіскері Қатира Ниязқызының табандылығын айрықша атады.
Мұражай үш экспозициялық бөлімге бөлінген. Біріншісі, «Ерлік пен елдікті, иман мен адалдықты ту еткендер» тақырыбында. Бұнда қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен, Жанқожа бабаның жан досы, үзеңгілес жолдасы Ақтан батырдың өмір жолын насихаттайтын «Қорған болған халқына батыр баба», ислам дінін насихаттаған Әзілхан ишанға арналған «Тәрбие негізі – иман» атты экспозициялар қойылған. «Ауылым – алтын діңгегім» атты бөлімде ауыл тарихы суреттелген. Ауылдың экономикасы мен халықтың әл-ауқатының артуы және мәдениеттің дамуы 1976-1990 жылдар аралығына сәйкес келеді. Дәл осы кезеңдерде ауылда ірі құрылыстар бой көтерді. 1996 жылы совхоз Ақтан батыр ауылы аталып, 1997 жылы Ақтан батыр кесенесі салынып, ауылдағы «Әзілхан ишан» мешіті күрделі жөндеуден өткізілді. 1999 жылдан бастап «Сыр маржаны» ЖШС ауылдың өсіп-өркендеуіне зор ықпалын тигізіп, бүгінгі күні ауыл халқы берекелі тірлік кешуде. Бұның барлығы мұражай ішінде фотосуреттер арқылы көрсетілген.
Екінші бөлім «Рухым бай, көрген емес азайып, біздің елдің перзенттері ғажайып...» деп аталады. Онда соғыс, еңбек, тыл ардагерлері, батыр аналар үшін «Ер есімі – ел есінде», «Тылда тер төккендер», «Қарттарым – асыл қазынам», «Алып та туар анадан», «Ауылдың абыройын асырғандар», «Еңбек ер атандырады» атты және ауыл экономикасын көтеруге зор үлес қосқан белгілі тұлғалардың өміріне арналған «Еңбектен тапқан бақытын», «Елі үшін еңбегін аямаған», «Артында нұрлы із қалған», «Өмір жолы өнеге», «Қалаулысы халықтың» атты экспозициялар жинақталған. Соның ішінде колхоздастыру жұмыстарының белсендісі, соғыс кезінде өз қаржысын майдан қорына жолдаған азамат Бермахан Мәшенбаев пен дархан дала төсінде шыңдалған майталман диқан, 1982 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атанған Әбуша Дінісламовтың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.
«Аға буын, қайыспаған нағыз нар, бүгінгі ұрпақ өздеріңе қарыздар» тақырыбындағы үшінші бөлімде «Мектебім тұнған тарих» атты экспозиция бар. Бұнда білім ордасының тарихы кеңінен көрсетілген. Сонымен қатар, педагогтарға арналған «Мектеп басшылары», «Ұлағатты ұстаздар» және «Мектеп мақтаныштары» туралы мағлұматтардан ауыл мектебінің дамуына зор үлес қосқан білікті басшылар туралы таныса аласыз. 1988 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты Ж.Жәдиевке арналған «Білімнің болған бағбаны» атты бұрыш жасақталған.
Мұражай Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып ашылғандықтан «Тәуелсіздік жылнамасы» экспозициясы жасалған. Жалпы мұражайдағы жәдігерлер – 580, қосымша жәдігерлер – 120. Мұражай жетекшісі мектептің тарих пәні мұғалімі Шынар Кәрібайқызы. Аудан көлеміндегі білім мен тәрбие, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз әріптестік орнатқан мұражайда мәдени-танымдық, тәрбиелік шара үзбей өткізіліп тұрады.
Бұған дейін де бірнеше байқауларда бақ сынап, жүзден жүйрік танылған мектеп мұражайы Астана төрінде өткен республикалық «Үздік мұражай – 2018» байқауында бірінші орынды иеленді. Шәкірттердің бойына білім нәрін себумен бірге тәрбиенің темір қазығын қатар қаққан мектеп ұжымы мұражай жұмысын жандандыруда да талай жоспарлы жұмыс атқарамыз деген ниетте.
Әлеуметтік ахуал алға басқан
Ақтан дәрігерлік амбулаториясы ауыл халқының денсаулығын қадағалау және емдеу-сауықтыру үшін тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Амбулаторияда 1 жоғары санаттағы дәрігер, 8 мейіркеш, 4 жұмысшы халыққа қызмет көрсетеді. Амбулатория бойынша науқастарды қабылдау бөлмесі, балаларды қабылдау және жұқпалы ауруларға қарсы егу бөлмесі, 6 орындық 2 палата, зертхана, туберкулез науқасымен ауырған науқастарды қабылдау бөлмесі, науқастарды егу бөлмесі, жүкті әйелдерді қабылдау бөлмесі, инфекциялық ауруларды қабылдау бөлімі бар. 2023 жылы күндізгі емдеу бөлімде емделген науқас саны –250 адам, амбулаторлы емделген науқас саны – 345 адамды құрады.
Ауылдық кітапханада 19 468 кітап қоры бар. Жыл бойына түскен кітап саны 171 дана. Оқырмандар саны жыл бойына 690 адам, оның ішінде 368-ы ересектер, 322-сі мектеп оқушылары.
Ақтан батыр ауылдық клубында барлығы 8 адам жұмыс жасайды. 2023 жылдың 6 айы бойынша барлығы 33 мәдени іс-шара өткізілді. Оның ішінде 1 республикалық және 1 аудандық байқау өткізіп, І,ІІ,ІІІ орындар бойынша жүлделер және дипломмен, алғыс хаттармен марапатталып, ауылдың мәдени ағарту жұмыстарына өз үлестерін қосып отыр.
– Көларық ауылдық округі әкімі аппаратында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында 2023 жылға арналған іс-шара жоспары жасалып бекітілді. Іс-шараға сәйкес, ауыл бойынша біршама жұмыстар атқарылып, жыл көлемінде 2 құқықтық оқу болып, орындалуы туралы анықтамалары, хаттамалары уақытылы жазылып отыр. Ауылдық елді мекенде ортақ ой сананы біріктіру және сыбайлас жемқорлыққа шыдамау мақсатын қалыптастыру үшін «Адалдық – ерлік нышаны» тақырыбындағы бильбор көше орталығына ілінді. Негізінен, жыл көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты арыз-шағымдар түскен жоқ, – деген ауыл әкімі ауылда діни ахуалдың тұрақтылығында тілге тиек етті.
Мешіт – имандылық ұясы
Ағымдағы жылы Ақтан батыр ауылында діни ахуалды тұрақты ұстап, ауыл жастарының және өзгеде кәсіпкерлердің демеушілігімен «Әзілхан Ишан» мешіті жанына асхана, дәрісхана бөлмесі, неке қию залы, от жағу, құрал-жабдықтарды қоюмен қатты отын жинауға арналған сарайлар және дәретхана салынып пайдалануға берілген.
Көларық ауылдық округіне қарасты Ақтан батыр ауылында ескі құрылыс нысандарының біріне баланған Әзілхан ишан мешіті орналасқан. бұл имандылық үйін 1900-1910 жылдар аралығында жергілікті шебер Әбілдай Нұрымбетұлы Әзілхан ишанның тапсырысымен салған деседі. Деректерге сүйенсек, оның кірпіші бие сүтіне майдалап қиылған жылқының жалы мен ешкінің қылы қосылып, дайындалған. Мұнда намаз оқитын үлкен зал, қызметтік, бала оқытатын және тамақ дайындайтын бөлмелер бар. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары мешітті мектеп, шеберхана, тауық фермасы, дүкен және қойма ретінде пайдаланған. 1962 жылы наубайхана қызметін атқарған. Кейін 1986 жылы ескерткішті «Қазжобақалпынакелтіру» институтының экспедициясы зерттеген. Ал тәуелсіздік алған жылдары тарихи ғимаратты қайта мешіт ретінде қолдануға рұқсат етілген.
Әзілхан ишан Қожаназар, Тiлеулес ишандардың замандасы. Бұхарадағы Көкiлтас медресесiнде бiрге оқыған. Ол 1854 жылы Қазалы уезінің Көларық елді мекенінде Домақ ауылында (қазіргі Ақтан батыр) дүниеге келген.
Жалпы "ишан" атауы – ислам дінінің білгірі, мұсылмандардың жетекшісі және дін ғұламасы дегенді білдіреді. Қажылыққа барып, діни білім дәрежесін толықтырған мұсылмандар "ишан" атағын алып отырған. Олар адамдарды емдеу қасиетіне де ие болған.
Мақаш Әбдікәрімовтың «Қожаназар ишан және ислам тағылымы» атты зерттеу еңбегінде Қожаназар ишан 16 жасында бір топ баламен бірге Бұхараға оқуға аттанады. Бұхарадағы Көкілташ медресесін Тілеулес және Әзілхан ишандармен бірге бітіріп шығады делінген. Елге келген соң Әзілхан ата халыққа ислам діні жайлы уағыздар айтып, шәкірт тәрбиелейді. Ауру-сырқауларға, жанына ем таппағандарға, перзент сүйе алмағандарға шипасын дарытқан.
1913 жылы Қазалы уезінде атақты мешіттер болған. Бұлардың қатарында Ноғай мешіті, Сарт мешіті, "Әзілхан ишан" мешіті, Сайғондыда "Тілеулес ишан", Бөгендегі Тәжімбет, Сырдария бойындағы "Қожаназар ишан" мешіті бар. Қазалыдағы кеңес заманына дейінгі 57 мұсылман мектептің бірі осы "Әзілхан ишан" мешітінде орналасқан. Әзілхан ишан 1917 жылы дүниеден өтеді. 2015 жылы 25 мамырдағы Қызылорда облысы әкімдігінің №19 қаулысы негізінде "Әзілхан ишан" мешіті жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Бүгінгі күні мемлекет қорғауында.
***
Ауыл көркін арттырып, тұрғындардың тіршілік жағдайын тіктеуде толымды тірліктер атқаруды көздеп отырған ауыл басшысының алға қойған мақсаты да айқын. Алдағы уаықтта Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыру, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз ету, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал ету және шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс жасаймыз деген ниетте. Бұдан бөлек Ақтан батыр ауылының 3 көшесіне қиыршық тас төсеу жұмыстарын қолға алсақ деген жоспарын дажасырып қалмады. Ақтан батыр ауылындағы кеңшардан бергі өз еркімен жүргізілген электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжатын әзірлеу үшін ПИР дайындауды да алдағы атқарылуға тиіс міндеттер қатарына қосқан. «Әзілхан ишан» көшесіне түнгі жарық шам орнатып, ауылдағы барлық көшелердің электр бағаналарын жаңартуда алдағы күннің еншісіндегі шараулар тізімінде тұрғанын айтты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА