Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпті қуантқан керуен

Көпті қуантқан керуен

Көпшілікке белгілі «Жастар керуені» жобасы ауданда жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде аталмыш жоба мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында жас ұрпақтың толыққанды тұлғасын дамыту, бос уақытын ұтымды ұйымдастыру, рухани азықтандыру және тағы да басқа бағыттарда жұмыстарды үйлестіруде.
– Жастардың өзін-өзі дамытуын әрі қарай қоғамның дамуына ұластыру аса маңызды. Ол үшін жастардың қай салада болмасын сауатты болуы шарт. Ал мұндай сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ оны арттыру аудандық жастар ресурстық орталығы кеңесшілері мен сала мамандарының мойнына жүктелген. Олар аталған түрлі бағыттағы кешенді ақпараттық және ағартушылық жұмыстарды тиісінше жүргізуде. Жалпы бұл жобаның түпкі мақсаты – жастарға арналған жаңа мүмкіндіктерді оларға түсінікті тілмен жеткізу. Сондай-ақ түрлі саладағы тың жаңалықтармен таныстырып, оларға мүмкіндік сыйлайтын жобалар жайын түсіндіріп қоймай, оларға жөн сілтеу болып табылады.
Айта кететін жайт, бұл жобаның басқалардан өзгешелігі сол жастар жоба аясындағы мәдени-танымдық, спорттық сайыстарға белсене қатысып, қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылуда. Біз осындай шаралар арқылы жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып қоймай, қарым-қабілетін шыңдап, оларға қолдау көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра бермекпіз, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Иә, бүгінде бәсекеге қабілетті болу – баршамызға басты міндет десек артық айтқандық емес. Дегенмен ұлттық құндылықтарсыз болашаққа аяқ баса алмайтынымызды да айта кеткен жөн болар. Жобаны ұйымдастырушылар мұны да ескерусіз қалдырмаған. Олар ата-бабамыздан келе жатқан ұстанымдарымыз бен әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртуды да мақсат тұтқан. Оған жоба аясында көрініс тауып жатқан салт дәстүрге негізделген түрлі шаралар, келіндер сайысы, ұлттық ойындар дәлел.
Кешегі Сарыбұлақ ауылына аялдаған керуен көші де осындай жарқын көріністермен көптің есінде қалды деуге болар. Онда жастардың қатысуымен кіші футболдан, сондай-ақ волейболдан тартысты жарыс өтті. Одан соң ауыл жастары балық аулаудан сынға түсті. Кешкілік гала концертте жас өнерпаздар ауылды әдемі әнмен әуелетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кеш соңы жастармен өткен бейресми кездесуге ұласты. Онда ауыл жастары аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке, сондай-ақ ауыл жастарына ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуге ат басын бұрған сала мамандарына өздерінің көкейдегі сауалдарын жолдады.
– Бұл жобаның жастарға берері мол деуге болады. Олай дейтінім, мұнда келген сала мамандарынан өзімізді толғандырып жүрген сауалдар бойынша толыққанды мағлұмат алдық. Жаңадан кәсіп бастаймын деп ниеттенген жастар үшін мемлекет тарапынан түрлі мүмкіндіктердің барын естіп, ерекше қуанып отырмын. Бұйырса, сала мамандарының бағыт-бағдарымен болашақтағы кәсібім мемлекеттен қолдау табады деп сенемін. Осы орайда осындай жобаны ұйымдастырып, жастарға арналған мүмкіндіктерді ұсынып жүрген жандарға алғыс білдіргім келеді, – дейді ауыл тұрғыны.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
01 тамыз 2023 ж. 228 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031