Кемел келешекті көздеген көш-керуен
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, білекке емес, білімге сенетін заман. Бүгінде барлық адамзат баласы білім мен ғылымға тәуелді. Ал сол құндылықтарды игілігімізге жарата білсек, онда біздің ештеңеден ұтылмайтынымыз анық. Оның үстіне сәт сайын жаңарып жатқан жаһандық үдерістердің көшінен қалмай, оған ілесу де бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.
Иә, бірақ кейде бұл үдерістерге барлығы бірдей, соның ішінде жастар толығымен қатыса бермейді. Оған түрлі жағдайлар себеп. Десе де мемлекет білікті мамандар даярлап, жастардың барлық санаттарына тең дәрежеде қолдау көрсету мақсатында түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып келеді. Былтырдан бері мемлекеттік жастар саясаты аясында ауданда жүзеге асырылып жатқан бірегей «Жастар керуені» жобасы белсенді әрі білімді жастардың ел дамуының қозғаушы күші екендігін ұғындырып, олардың өмірлік жолдарына бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқан. Маусым айынан басталған жоба бүгінде аяқталуға жақын. Жуырда жастар керуенінің көші аудан орталығына қарасты Басықара және Бірлік ауылдық округтеріне бағыт алды.
Алдымен Бірлік ауылдық округіне аялдаған керуенді ауыл тұрғындары керемет қарсы алды. Керуеншілер ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан соң, бірқатар шараларға қатысты. Әуелі қыздар мен ерлер арасындағы үстел теннисі өтті. Кейін «Тәтті тоқаштар» аталатын нан өнімдерінің көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Одан соң «Дәмді бауырсақ» бауырсақ party ұйымдастырылып, келушілер жаңа піскен бауырсақтан ауыз тиді. Сонымен қатар ауыл жастары арқан тартуға қатысып, өзара бақ сынады. Таңнан кешке дейін жалғасқан шаралардың соңы гала концертке ұласты. Жиында сөз алған Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы:
– Былтыр ғана басталған жоба жыл өткен сайын шыңдалып, өзіндік ерекшелігімен көптің көңілінен шығып, жұртшылыққа қуаныш сыйлауда. Бұл сөзіме қаладан шалғай жатқан ауылдық жерлердегі жастардың аталмыш жоба аясында өтететін шараларға белсене қатысып жатқандығы дәлел болса керек. Мұны мемлекеттік жастар саясатының жүйелі жұмысының нәтижесі деуге болады. Керуен құрамындағы сала мамандары, жастар орталығының кеңесшілері ауыл жастарының жан-жақты дамуына ықпал етіп қоймай, олардың қандай да бастамаларына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беруді алдағы уақытта да жалғастыра береді. Ал жастар өз кезегінде осындай жарқын бастамалардың жанынан табылып, үнемі белсенділік танытуы қажет, – дейді ол.
Мерекелік кеш барысында барлық шараға қатысып, белсенділік танытқан ауыл тұрғындары мен бірқатар жас марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал кейін гала концерт алау басындағы кездесумен жалғасты. Мұнда жастар керуенмен ілесе келген сала мамандарына өздерінің көкейдегі сауалдарын жолдап, сұрақтарына жауап алды.
Керуеннің келесі аялдамасы Бірлік ауылына бағыт алды. Бірлігі жарасқан бірліктіктер келушілерді ерекше ықыласпен қарсы алып, ауыл тіршілігімен таныстырды. Мұнан соң ауыл жастарының қатысуымен кіші футболдан жарыс өтті. Одан кейін әр ауылдың атымен отау тігіліп, алтыбақан құрылды.
Ауыл орталығында басталған ауқымды шаралардың легі кейін «Қазақтың келіндері көркем» атты келіндер байқауымен жалғасты. Мұнда келіндер өздерінің шеберліктерін ортаға салды. Қазақы дастарқанын жайнатып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Жан-жақты дайындығымен келген келіндер жарыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлеріміз ұлықталып, бесікке салу, тұсаукесер сынды рәсімдер өтті.
Одан соң ауыл жастарының қатысуымен балық аулау сайысы ұйымдастырылды. Ал керуенмен ілесіп келген сала мамандары мен жастар ресурстық орталығының кеңесшілері ауыл жастарының әлеуетін арттыру мақсатында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіріп берді. Сондай-ақ қоғам өмірінен тыс жүрген жастарды уақытты құр өткізбеуге және жаңа жобалардың іске асуына атсалысуға шақырды.
– Жалпы «Жастар керуені» жобасының негізгі мақсаты – аймақ тұрғындарына мемлекеттік саясатты түсіндіру, жастарды қолдау, халық игілігіне арналған түрлі қызметтер мен мол мүмкіндіктерді ұсынатын мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және өзекті мәселелер бойынша жастарға ақпараттық-әдістемелік көмек көрсету болып табылады. Жастар орталығы сала мамандарымен осы мақсатта жұмылып, бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оң нәтиже беріп жатыр деп нық айта аламын. Былтыр ғана басталған жобаға ауыл жастары арасында сұраныстың болуы жоғарыдағы сөзімізге дәлел болып тұр.
Біз керуенді жоспарлағанда тек жастарды әлеуметтендіруді ғана емес, сондай-ақ оларды қоғамның рухани өміріне де белсене араласуына ықпал етуді мақсат тұттық. Соның аясында жоба барысында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған шараларды көбірек өткізуге басымдық бердік. Сондай-ақ бұқаралық спортты, соның ішінде өзіміздің төл спорттық ойындарымызды жастарға дәріптеуді де назардан тыс қалдырмадық. Жастар белсене қатысып жатыр. Демек бұл жобаның жастарға берері мол деп айтуға толық негіз бар.
Жастарды кемел келешекке бастайтын жастар керуенінің көші аяқталуға жақын. Десе де бұл көштің соңы емес. Жарқын бастамаларға бастайтын жол әлі алда, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ