Көші көрікті жастар керуені
Маусым айының бел ортасында басталған жастарды әлеуметтендіруге арналған «Жастар керуені» жобасы жалғасын тауып келеді. Бүгінде жоспарға сәйкес бекітілген ауылдық округтердің төртеуінде болып, ауыл жастарына бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқан Жастар ресурстық орталығы мемлекеттің ел жастары үшін дайындаған бағдларламаларын кеңінен насихаттап, түсіндіруде.
Иә, бұл керуеннің басты мақсаты жастарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты ұғындыру екенін бәріміз жақсы білеміз, дегенмен орталық мамандары тек мұнымен шектеліп қалуды құп көрмейді. Олар қаладан шалғай жатқан елдімекендердегі жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып қоймай, олардың қоғамдық-мәдени шаралардан тыс қалмауын да басты назарға алған. Оған ауыл жастарына кеңес беруден бөлек, олардың қатысуымен түрлі танымдық, мәдени, спорттық сайыстар мен шаралардың өткізіліп жатқандығы дәлел болса керек.
Жуырда көші көрікті керуенмен ілесіп, ауылдарға біз де жол тарттық. Керуен басы алдымен Құмжиек ауылына аялдады. Мұнда ауыл жастарының уақытын тиімді өткізу мақсатында ұлттық спорт түрлерінен тоғызқұмалақ, қол күрес, ләңгі тебу сынды сайыстар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары волейболдан бақ сынады. Жастардың бойында ұлттық руханиятқа деген құрметті арттырып, асыл құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған «Жақсы келін – ырысың» келіндер байқауы өтті. Бірінен соң бірі жалғасқан шаралар кешкілік гала концертке ұласты. Мұнда ауыл өнерпаздары әуелете ән салып, мың бұрала билеп, көпшілікті ерекше көңіл күйге бөледі. Мерекелік кештің соңында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетова ауыл жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, емін-еркін сұхбат құрды.
Ал келесі күні керуеншілермен бірге Майлыбас ауылдық округіне тоқтадық. Мұнда да ауыл жастарының уақытын ұтымды пайдалануға арналған шараларға куә болдық. Ауыл жастары кіші футбол, дойбы, қазақша күрес, қол күрес, гір көтеру, белтемірге тартылу сынды спорттық сайыстарда сыналып, белсенділіктерін байқатты. Содан соң ауыл тұрғындарының қатысуымен «Отбасындағы тәрбие» атты танымдық конференция өтті. Тағылымы мол шарада көптеген пайдалы әңгімелердің тиегі ағытылды. Жастардың рухани азықтануына септігін тигізуге атсалысқан қатысушылар көптеген пайдалы кеңестерімен бөлісті.
Одан кейін «Tulga bol» жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңкесі аясында аудандық жастар денсаулық орталығы, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандары жеке қабылдау өткізді.
Сондай-ақ, көлік-техникалық колледжінің мамандары биылғы бітіруші түлектерге білім ошағындағы қажетті мамандықтар мен жеңілдіктерді ұсынды. Ал ауыл тұрғындары тиісінше көкейдегі сауалдарын жолдап, бірқатар сұрақтарға жауап алды.
– «Жастар керуені» жобасы биыл екінші рет ұйымдастырылуда. Аталған жоба аясында бүгінде біршама жұмыстар атқарылып, жастарға түрлі салалар бойынша толыққанды ақпарат берілуде. Мысалы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, әр сала бойынша жаңа мүмкіндіктерді таныстыру, тегін кәсіптік білім алу, бұқаралық спортты насихаттау, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру сынды бірқатар мәселелер бойынша жастарға кеңес беріп, оларға қолдау көрсетуді жалғастырып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Себебі жаһандану көшіне ілесіп, ілгері басу осындай жұмыстарды жүйелі жүргізуден басталады. Жастар өздеріне қатысты маңызды шараларға белесене қатысып, берілген мүмкіндіктерді мейлінше пайдалануға ниетті болу керек деп есептеймін. Сондықтан барлық ауыл жастары «Жастар керуені» жобасынан тысқары қалмай, сала мамандарына сауалдарын жолдап, ақпарат алуға асыққаны жөн, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Орталық директорының сөзіне сенсек, бұл керуеннің көздегені тым тереңде деуге негіз бар. Өмірде әр сала бойынша өз таңдауларын жасайтын жастар, болашақ кәсіп иелеріне толыққанды ақпарат беріп, қай мамандықты игерсе де мемлекеттен қолдау табатындықтарына көз жеткізуде жастар орталығы мен өзге де бөлім мамандарының жасап жатқан жұмысы жүйелі десек артық емес. Аталған жұмыстары ары қарай өз жалғасын тапса, жастарымыз сан салада жетістікке жетері анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ