Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет игілігін көрген кәсіпкерлер

Мемлекет игілігін көрген кәсіпкерлер

Қазалы ауданында кәсіпкерлік саласы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Ал соңғы кездері уақыт талабына сай жеке ісін қолға алушылар қатары тіптен көбеюде. Оларға мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың да көмегі зор. Әсіресе көпбалалы отбасыларды тығырықтан шығарған қайтарымсыз гранттың пайдасы ұшан-теңіз.

Әсел ЗДАН, күміс алқа иесі:
– Бала кезден ата-анам мал ұстап, біз соларға көмектесетінбіз. Келін болып түскен кезде де маған қиынға соқпады. Сиыр сауып, айран пісіп, құрт кептіруді қиналмай жүріп атқарып тастаймын. Құдай қосқан қосағым Тойымбетпен бірге 3 қызым мен 3 ұлым да үй тірлігі мен мал баптауда қол ұштарын созады. Осыдан екі жыл бұрын қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, екі бұзаулы сиыр алған болатынмын. Солардан қол үзбей сүтін сауып отырмын. Қосымша қаражаттың басын құрап, тағы бір сиыр алдым. Мал асырағанның бір жақсысы үйіңнен табиғи ағарған сусының арылмайды. Сүтін арасында саудалағандарға сатып, нан-пұлға жаратамын. Айран да ұйытып, күбіммен пісіп, май да аламын. Кейбір кезде құрт жасап, балаларымды құнарлы өніммен қуантып қоямын. Бұған қоса, қорада майда жандық пен тауық асыраймыз. Былайша, базардан ет пен жұмыртқа ала қоймаймын. Себебі, бәрі өзіміздің қорадан өндіріліп тұр.
Қазір қарап отырсаң базардағы барлық азық түрлі қоспалармен әзірленгендіктен көпке дейін бұзылмайды, әрі бағасы да шарықтап тұр. Сондықтан өз аулаңда бағып-баптаған табиғи өнімдерге ешнәрсе жетпейді ғой. Ал әрекет етсең, бәрін де еңсеруге болады. Ынталанған адамға Құдай берекетін де береді деп есептеймін.
Меруерт ҚОЖАБЕРГЕНОВА, кәсіпкер:
– Қазір еңбектенген жанға барлық мүмкіндік бар. Асықпай ойланып табыс табу жолдарын қарастырғанға түрлі жоспар көп. Отбасында ақша табуды жалғыз ер адамға артып қоймай, әйел де қолдан келген көмекті жасаған дұрыс деп есептеймін.
Бүгінде жолдасым Руслан екеуміз 5 баланы тәрбиелеудеміз. Олардың жағдайын жасау мақсатында үйде отырып, тапсырыспен той-томалаққа, қонақ күтуге дастархан мәзірлерін дайындауды қолға алғанмын. Уақыт өте тұтынушылар қатары көбейіп, қасыма әуелі екі қыз кейін төрт қыз тартып тойханалардың да тапсырысын орындап отырдым. Жақсы табыс таптым. Дегенмен елді індет шарпыған карантин кезінде жұмысым тоқтап қалды. Күйеуіммен ойласып, кәсіптің жаңа түрін ашуды көздедім. Соның арқасында жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы ұсынған қаражатқа мұздатқыш пен қажетті аппарат алдым. Бұл дүниелерді әлі де толықтырып, көбейтудемін.
Осы күні «Полуфабрикат» атаулы жеке кәсіпкерлігім бар. Таныс еңбекқор қыздарды шақырып, бірге қолдан түйілген табиғи таза өнімді әзірлеудеміз. Санитарлық жағдайға сай жұмыс істейміз. Еттің жұмсақ жерінен алып, оны жақсылап жуып-тазалап, еттартқыш арқылы фарш дайындаймыз. Өнімнің сапалы әрі дәмді болуын өзім қадағалаймын. Кәсіби рецепт бойынша жасау мақсатында арнайы курсқа қатысып, үйрендім. Осылайша өзімнің брендтік қаптамаммен қатталған манты, тұшпара, вареники, тефтели мен самсаны аудан халқына ұсынудамын. Сыртқы бетіне «Қазалы» атауы жазылған қаптаманы Алматыда келісімшартпен жасаттым. Алғашқылардан болып тың дүние шығарған соң аудан халқы уақыт өте өнімімді алып үйренісе бастады. Бүгінде айналымға шығып, тұрақты тұтынушы жинаудамын. Шүкір жаман емес. Тапсырыс көлемін ұлғайттым. Халық теріс баға беріп жатқан жоқ.
Қазір «Мечта», «Рамазан», «Назерке», «Халықтық» және «Айдар», «Тыным» дүкендеріне өткізіп тұрмын. Алға қойған жоспар көп, негізгісі – Байқоңыр мен Арал халқына да өнімімді жеткізу.
Балжан ПОЛАТ, көпбалалы ана:
– Мемлекет тарапынан ұсынылған жобаларға дән ризамын. Жалғыз мен емес, қаншама қазалылықтың кәсіп ашып, ақ адал табыс табуына септігі тиюде. Отбасымда отағасы бақытжан екеуміз үш ұл мен бір қызды тәрбиелеудеміз. Солардың жарқын болашағы үшін қолдан келген кәсіпті жүргізуге әркез әзірмін. Бастысы, көптен армандап жүрген тігін құралдарын алуға көмегін берген тиісті мамандарға алғысым шексіз. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының игілігін отбасыммен бірге көріп отырмын. Мемлекеттік гранттың арқасында «JACKF5» аппаратына және арнайы маникендер мен кестелеу тігін машинасына қол жеткіздім. Сонымен бірге «Janome» оверлок орындайтын жабдықты иемдендім.
Шыны керек, қуанышымда шек жоқ. Себебі бұлардың ісмерлік өнерде атқаратын қызметі көп. Тоқпен автомат түрінде жұмыс істейтін болған соң тапсырыстарды қиналмай тез дайындауға мүмкіндік мол. Біраз жұмысымды жеңілдетіп, уақытымды үнемдетеді. Тігіншілік ісім де алға басып келеді. Тұрақты тұтынушылар саны да көбеюде. Қандай тапсырыс болмасын орындаймын. Негізінен қазір көрпе де көктеп, құрақ құраймын. Ерлерге арналған пиджак пен түрлі дизайнға қарай әйелдерге де киімдер тігемін. Жалпы қиындығына қарай киім пішіп, келушілер сұранысына орай кез келген тапсырысты әзірлеп беремін. Түрлі жазу мен суретті кестелеп, автоматты түрде әсемдеймін. Қызметіме аса көп баға қоймаймын. Халықтың қаржысы көтеретін тиімді ақыны ұсынып отырмын. Көрші-қолаң, жақын-туыс орындаған қызметіме ризашылығын айтып жүреді. Кейбірі маталарын әкеліп, өз талғамына сай көйлек тіккізеді. Мемлекет тарапынан берілген мұндай қолдауға дән ризамын. Пенде болған соң алға қойған мақсаттарым да бар. Оны алдағы уақытта жүзеге асыруға қамданудамын.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

01 шілде 2023 ж. 167 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930