Білім мен тәрбиені тел берген
Отандық білім берудің алдындағы жаңа міндеттер мен талаптарды орындау барысында, балалар бақшасына деген сұраныстың жоғарлауына байланысты, елімізде көптеген мектепке дейінгі ұйымдар ашыла бастады.
Осы орайда Әйтеке би кентінде құрылтайшы Айтуған Жазира Өмірбекқызының бастауымен 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, ЖШС «Гауһар Тас-2» балабақшасы ашылды. Бұнда екі топта 50 бүлдіршін бар. Оқу-тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алты жыл ішінде 300 балапанды тәрбиелеп, балабақшадан қанат қақты. Бүгінде олар мектеп қабырғасындағы талантты әрі білімді шәкірттер қатарында.
Балабақшада қажетті құралдармен, ойыншықтар толық жабдықталған. Оқу, ойын және ұйықтау бөлмелері, асхана, дәрігерлік кабинет бар. Ұжымды ұйытып, ауызбіршілікте ұстап отырған жас болса да іскер басшы атанған Тұрсынай Ешмағанбеттің еңбегі ерекше.
– Ұжым келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етуде. 23 қызметкер жұмыс жасайды. Тәрбие отбасынан басталатындықтан қашанда алдыңа келіп отырған тәрбиеленушілердің ата-анасымен жете танысып, үнемі қарым-қатынаста болуды тәрбиешілеріме басты мақсаты ретінде айтып отырамын. Мен еңбек еткен 5 жылдың ішінде жинаған тәжірибемді жас мамандарға үйретіп, үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Қазіргі таңда төрт тәрбиеші, әдіскер, бән жетекшісі бар. Балабақша бақыт баспалдағы болу үшін тәрбиешінің қосар үлесі мол. Тәрбиеші мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Педагогтарымыз жылдан-жылға өз білімдерін шыңдап, біліктіліктерін аттыруда. Әр квартал сайын балалардың білімдерін тексеріп мониторинг өткізіп отырамыз. Жалпы стандартқа сай жұмыс толық өз деңгейінде атқарылып жатыр. Жетістіктерімізде жетерлік. Оларды атап айтатын болсақ, «Қазақ тілі» Қазалы ауданы бойынша қоғамы» қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен ұлтымыздың тұрмыс салт-дәстүрін насихаттау мақсатында өткізілген «Ана тілім – арым, салт-дәстүрім – бағым» атты байқауда бірінші дәрежелі дипломмен марапатталдық, – деді бізді жетістіктер қоржынымен таныстырған Тұрсынай Батырбекқызы.
Бұдан бөлек «Жеті Өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Мұхтар Әуезовтің 155 жылдық, Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойларына арналған IV республикалық рухани патриоттық байқауына қатысып І дәрежелі дипломант атанған. Қызылорда облысының Білім Басқармасының 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай балабақша меңгерушісі басқарма басшысынан «Алғыс» хат иеленді. Өткен жылы аудандық жеке балабақшалар арасында ұйымдастырылған «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» атты мерекелік шарада ерекше өнер көрсеткені үшін тәрбиеленушілер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген «Балдәурен» аудандық би байқауының аймақтық іріктеу кезеңінде «Гауһар Тас-2» би тобы жүлделі үшінші орын иеленді.
– Балабақшамыздың жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің, ұжымның өз еңбегінің нәтижесімен, жаңалығымен біліктілігі мен білімдерінің арқасы деп білемін. Тәуелсіз еліміздің бақытты балдырғандарына білім тәрбие беруде балабақша ұжымы жаста болса біршама жетістіктерге қол жеткізді. Педагогтарымыз үнемі, шығармашылық ізденіс жолында. Ата-аналар пікірінше біздің «Гауһар Тас-2» балабақшамыз «балалардың саялы мекені».
Балабақша келешек, ел басқарар, жер-суына иелік етер, ел-халқын гүлдендірер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Біз осы атқа лайықты болу үшін жастық жігеріміз бен күш-қуатымызды сарп етуге әрқашан дайынбыз, – деп әңгімесін түйіндеді «Гауһар Тас-2» балабақшасының меңгерушісі Тұрсынай Батырбекқызы
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА