Толымды тірлік – табыс тетігі
Ықылымнан жол жайы маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. Бұрынғылар жылқы мен түйені тізгіндеп алыс елдермен сауда-саттық, дипломатиялық байланыс орнатқан болса, бүгінгілер төрт доңғалақты автокөлік арқылы діттеген жерге лезде жетуде. Ал жол қатынасы ел экономикасын дамытуға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, жүк тасымалын ұлғайтуға, сондай-ақ халықаралық, елішілік қатынастың артуына айрықша әсер етеді.
Бұған орай Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жыл сайынғы жоспар бойынша өз міндеттерін кезең-кезеңімен атқаруда. Әуелі тақырыпқа тұздық үшін айта кетсек, Қазалы ауданының коммуналдық меншігінде барлығы 406 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы және елді мекендердің 430 шақырымды құрайтын 470 көше жол торабы бар. Жалпы айтқанда, оның ішінде – 232,5 шақырым асфальтты, 102,7 шақырым қиыршық тасты және 71 шақырым топырақты жолдар қамтылған. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 82,5 процентті құрайды.
Өткен жылға жалпы ұзындығы – 75 шақырымды құрайтын тоғыз жол мен бір көпір құрылысын жүзеге асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1801,6 миллион теңге қаржы бөлінді.
2022 жылдан жалғасып келе жатқан үш нысанның жұмысын аяқтауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Жиентайұлының айтуынша, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» 45-76 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстары келесі жылға өтпелі болып табылды. Жұмысты толық аяқтауға 61,6 миллион теңге қаралды. Мердігер мекеме «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып танылды.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылы басталған «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға 3,9 миллион теңге бөлінді. Қазіргі кезде мердігер мекеме «Жылу-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан көпір жиегіндегі қоршаулары орнатылып, асфальт қабаты төселуде.
«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Нысан жұмысын аяқтауға қомақты ақша құйылды. 2021 жылы жұмысты бастаған «Кочевник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жосықсыз қатысушы деп танылды.
Жалпы, 2023 жылға аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 1180,4 миллион теңге қаржы қаралды. Оған 51 шақырымды құрайтын үш аудандық маңыздағы автомобиль жолдары орташа жөнделіп, бір жол қайта жаңғыртудан өтетін болады. Қазіргі кезде осы жобалар бойынша 296,2 миллион теңге қаржы игеріліп, жалпы 25 процентке орындалып отыр. Ал жолдарды жөндеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесі мен ауа райының қолайсыздығына орай сәуір айында басталғаннан 24 процентке игеріліп отыр. Сонымен қатар қаражаттың негізгі бөлігін шілде, тамыз айларында игеру жоспарлануда.
Биыл атқарылып жатқан жобаларға жеке тоқталған Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықов, Қожабақы-Бозкөл 30-45 шақырым және Қожабақы-Бекарыстан би 0-25 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары «Қазалы жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілуде. Қазіргі кезде, жолдардың негізгі қабаттарын күшейту және бұзылған асфальт қабаттарының учаскелерін (ямочный ремонт) қалпына келтіру жұмыстары жүруде дегенді алға тартты.
Аталған 2 жоба бойынша келісім шарт сомасы 1 164,0 миллион теңгені құрап отыр. Игерілген қаржы көлемі 259,9 миллион теңгені қамтып тұр. Мұратбаев елді мекеніне кіре беріс 0-5 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу «Строй модуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы іске асырылуда. Бұзылған учаскелері толықтай қалпына келтіріліп (ямочный ремонт), төрт шақырымға асфальт бетон қабаты төселді. Келісім шарт құны – 124,5 миллион теңгеге жетті. Игерілген қаржы көлемі – 36,2 миллион теңге болды. «Бозкөл-Тасарық» 13 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртуға байланысты 2,0 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүруде.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы қалай игерілуде?
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің 12 көшесіне – Қазыбек би, Әуезов, С.Сейфуллин, Бегім ана, Алтынсарин, Счастнов, Талқанбаев, 2-квартал, Асан қайғы, Нұртуған жырау, Әл-Фараби, Әубәкіров, Ү.Түктібаев елді мекені алты көшесіне – Ә.Қаналиев, Орымбет Ишан, Бейбітшілік, Ә.Жасақбаев, Жаңажол, Жаңажол тұйығы және Ғ.Мұратбаев елді мекенінің Қуандық әулие көшелеріне орташа жөндеуге барлығы 520,7 миллион теңге қаралды. Қаржыдан 137,4 миллион теңге игерілді.
Бүгінде Әуезов, Алтынсарин, Асан қайғы, Әл-Фараби, Әубәкіров көшелерін жөндеу жұмыстары бөлінген қаржыға сәйкес аяқталды. Түктібаев ауылының Ә.Қаналиев, Орымбет Ишан, Жаңа жол көшелеріне құм аралас малта тас қоспасы және асфальт қабаты төселіп, жол жиегін бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Әйтеке би кентіндегі Қазыбек би көшесіне құм аралас малта тас қоспасы төселсе, Счастнов көшесінің жөндеу жұмыстарын «Строймодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізетін болады. Өз ісінің майталман мамандарының берген анықтамалығына көз жүгіртетін болсақ, Ғ.Мұратбаев ауылындағы Қуандық әулие көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2 рет мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған болатын. Алайда бірде-бір мердігер конкурсқа түспегендіктен өтпеді деп танылып, құжаттары қайта ұсынылуда.
Сонымен қатар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында сатып алу конкурстары жүргізілген Әйтеке би кентінің Талқанбаев, Нұртуған жырау, Бегім ана, С.Сейфуллин, 2-квартал және Ү.Түктібаев елді мекеніндегі Ә.Жасақбаев, Бейбітшілік көшелерін орташа жөндеу жобалары қаржылық жоспардың өзгеруіне байланысты кейінге қалдырылды.
Әйтеке би кентінің Жанқожа батыр мен Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жұмысын бастауға берілген 150,0 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүруде. Жобаның жалпы құны – 840,7 миллион теңге болды. «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының Түркебаев, Булекбаев, Жакеев, Жанұзақов1, Жанұзақов2, Қазалы1, Қазалы2, Қодасов, Қосаев, Құлахметов, Құлқашов, Мергенбева, Муратбаев, Өтепбергенов, Булекбаева 2, Сәтпаев көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүруде. Келісім шарт сомасы – 869,9 миллион теңге. Игерілген қаржы көлемі – 167,2 миллион теңге. Алты көшенің көне жол материалдарын бұзу жұмыстары және екі көшеге құм аралас малта тас қоспасы төселуде.
Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыру мақсатында Әйтеке би кентінің 11,5 шақырымды құрайтын 23 көшесіне қиыршық тас төсеуге тиісті қаржы берілді.
Бүгінде 5 көшенің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қалған 18 көшеге топырақ және гравийлі құмды қоспа (ГПС) қабаты салынуда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырыс беруімен салынып жатқан «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымдағы Қарлан учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыстарын жалғастыруға 2813,9 миллион теңге, «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы» аралығындағы 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуды аяқтауға 801,6 миллион теңге берілді. Дегенмен төрт жолақты жол құрылысы мердігер мекеме тарапынан өте баяу жүруде.
2024 жылды қаржыландыру мақсатында төрт аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу және қайта жаңғыртуға, Қазалы қаласының 10 көшесін (бір жоба) қайта жаңғыртуға қажетті барлығы 3,0 миллард теңгеге тиісті министрліктерге бюджеттік өтінім тапсырылды.
– Қазалы ауданы «Лақалы ауылына кіре беріс» пен «Бекарыстан би-Шөмішкөл» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға және «Жанқожа батыр елді мекеніне кіре беріс» аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жобаларының жалпы құны көрсетілді. Сонымен қатар «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» ПК33+00-ПК43+00 аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу мен Қазалы қаласы көшелерін қайта жаңғырту жобасына қажетті қаржы берілсе, жұмыстар кезеңімен атқарылмақ, – дейді Жасұлан Сыдықов.
Биыл жұмысы басталатын 2 жобаны аяқтауға 1366,0 миллион теңгеге өтінім берілді. Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлерінің мәлімдеуінше, «Бозкөл-Тасарық» ПК22+00-ПК35+00 аудандық маңыздағы автомобиль жолына (13 шақырым) қайта жаңғырту жобасын аяқтауға 676,0 миллион теңге, Әйтеке би кенті Жанқожа батыр және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жобасын аяқтауға 690,7 миллион теңге жеткілікті.
Одан бөлек, ағымдағы жылы жұмысы басталған бір аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеуді аяқтауға да қаражаты есептелген, 13 көшені жөндеуді аяқтауға облыстық бюджеттен 16,9 миллион теңге бөлу қажет етіледі.
Сондай-ақ осы жылы аудандық маңыздағы автомобиль жолында орналасқан екі темір бетон көпірі мен Әйтеке би кенті, Өркендеу және Ақтан батыр елді мекенінің 27 көшесін жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 42,9 миллион теңге қаржы бөлініп, жоба сметалық құжаттары әзірленуде.
Жарықтандыру жұмыстары қарқынды
2022 жылға Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде Қазалы қаласының 10 көшесін жарықтандыруға республикалық бюджеттен 124,1 миллион теңге қаржы қаралды. Мердігер «Гемакасес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жұмыстар толық орындалып, нысан пайдалануға берілді. Бұл ретте 433 дана жарықшам орнатылып, жалпы ұзындығы 15,9 шақырым электр желілері тартылды.
Сонымен бірге өтпелі жоба саналатын Қазалы қаласы электр желілерін қайта жаңғырту жобасы мердігер мекеме тарапынан жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 16,64 шақырым ішкі электр желілері жаңартылатын болады.
Әйтеке би кенті мен Түктібаев ауылының электр желілерін қайта жаңғырту үшін әзірленген жоба республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылып, Ү.Түктібаев ауылына 2022 жылға қаржы бөлінсе, Әйтеке би кентіне «Ауыл Ел бесігі» арнайы жобасымен 187,6 миллион теңге қаржы қаралып отыр.
– Әйтеке би кентіне 324,4 миллион теңге, Түктібаев ауылына 253,1 миллион теңге қаралды. 2023 жылы Қазалы қаласы, Қожабақы, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Бірлік елді мекендерінің электр желісін қайта жаңғырту жобасын әзірлеп, қаржыландыруға ұсыну жоспарлануда, – дейді Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықов.
Тұрғындар тіршілік нәрімен қамтылып, кәріз жүйелері жаңартылмақ
Сарбұлақ елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету (скважина) жобасының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге аудандық бюджеттен тиесілі қаражат бөлініп, сатып алу жұмыстары жүруде. Сарқынды суларды бұру қызметі бойынша Әйтеке би кентіндегі кәріз жүйесін кеңейту және қайта жаңғырту жобаларын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері кәріз жүйесін кеңейту жобасы бойынша аудандық аурухананың екінші ғимаратынан (Туб больница) бастап жаңадан ашылған тұрғын аймақтар мен мөлтек ауданда орналасқан көп қабатты үйлер қамтылатын болады. Қайта жаңғырту жобасы бойынша пайдаланудағы құбырларды жаңартып, кәріз желісінің жүру бағытына өзгеріс енгізіледі. Әйтеке би-Жанқожа көшелері арқылы орталық базар аумағы қамтылып, тұтынушылар санын арттыру жоспарланған.
Қазалылықтарға жайлы демалыс алаңдары беріледі
Әйтеке би кенті №5 кварталдағы 18 пәтерлі 6 жалдамалы тұрғын үйдің, аумағы абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен барлығы 171,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекемемен жасалынған шартқа сәйкес жұмысты уақытында аяқтау жоспарлануда. Оған облыстық бюджеттен 22,2 миллион теңге қаржы қаралып, қосымша келісім шарт әзірленді.
Анықтама ретінде айтатын болсақ, жобада балалар алаңы – 428,54 шаршы метр, көше тренажерлері – 130,38 шаршы метр, субұрқақ, беседка алаңы – 35,0 шаршы метр, әткеншекке арналған алаң – 80,0 шаршы метр және тағы басқа да жұмыс түрлері қарастырылған.
Баспана мәселесі басты назарда
Алғашында кезектілікке орай, аудан бойынша бүгінгі күнге мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесінде 1903 қазалылық кезекте тұр. Оның ішінде, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары – 897, көпбалалы отбасы – 503, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 208, бюджеттік сала қызметкерлері – 295-ке жетті.
Берілген тұрғын үйлер бойынша бүгінгі күнге коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға – 211 тұрғын үй мен пәтер берілген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру» қағидаларына сәйкес 40 үй тұрғын үй комиссиясының шешімдері негізінде жекешелендірілді. Қалған 171 тұрғын үй, пәтерлер тұрғын үйге мұқтаждарға келісім шарт негізінде берілді.
Кредиттік тұрғын үйлер бойынша 2020 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған Әйтеке би кенті, №5 квартал аумағынан бір қабатты төрт пәтерлі 10 тұрғын үйлерді «Отбасы банк» акционерлік қоғамы Қызылорда филиалы арқылы «Нұрлы жер» (5-20-25) мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сату жоспарланған.
Нәтижесінде, тұрғын үйді сатып алуға ниет білдіруші тұлғалардың Бағдарлама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Кейіннен «Отбасы банк» өтініштер қабылдауды уақытша тоқтатты. Осы себепті, бүгінгі күнге аталған пәтерлерді тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтарға заң талаптарына сәйкес кезектілік тәртібімен беру көзделуде деген мәліметтерімен Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықов бөлісті.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА