Тегіс жол – тынымсыз тірлік көрінісі
Соңғы Үкімет отырысы көптің көңілінде қалғаны белгілі. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі автомобиль жолдарының сапасы жайындағы ойын бүкпесіз айтқан еді. Қазалы ауданында да жөндеу көрмеген жолдар жоқ емес. Дегенмен соңғы бес жылда кент пен қала, ауылдық округтердегі көшелер көркі артып келеді. Аудандық тұрғын үй комунналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанның сөзінше, былтыр 50 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің 40 көшесін жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 3,1 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Аудан меншігіндегі 406 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы және елді мекендердің 405 шақырымды құрайтын 455 көшесіне аталған бөлім тікелей жауапты. Бұған дейін оның 232,5 шақырымы асфальтталып үлгерді. Тағы 102,7 шақырымға қиыршық тас төселіп, 71-і топырақпен тегістеліп, қазынадан қаржы қаралғанын күтіп тұрғаны аян. Осы тұста айта кетейік, 2020 жылы біткен істің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 75,6 процентті құраса, 2021 жыл қорытындысымен жолдардың индикаторлық үлесі 82,5 процентке жетіп отыр. Жүйелі жұмыс цифрмен өлшенетін заманда мұны көңілге қонымды көрсеткіш ретінде көрсетуге болады. Бөлім басшысы биыл да сенім үдесінен шығатынына сенімді.
– Қазіргі күні мемлекеттік ірі жобалардың игілігін жұрт көре бастады. Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлініп, 60 шақырым тұрғындар шағым айтпастай етіп жөнделеді деген мақсат бар. Атап айтсақ, Бозкөл-Кәукей елді мекендері арасындағы автомобиль жолы күрделі жөндеу көреді. Басықара-Абай ауылының аралығындағы 20, «Кожабакы-Бекарыстан би» 18, «Әйтеке би-Басықара» аралығындағы 19 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын орташа деңгейде қалыпқа келтіреміз. Сол сияқты «Бекарыстан-Майдакөл» ортасындағы 2,7-10, «Қожабақы-Бекарыстан би-Майдакөлді» біріктіретін 12 және «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» жұрты көп жүретін 43,7-56 шақырым аралығы орташа жөндеу көрмек. Ал «Даму» бағдарламасы арқылы қаралған 157,2 миллион теңге «Әйтеке би-Басықара» жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғыртуға жұмсалып жатыр, – деді Мұрат Байғабылұлы.
Соңғы деректер ауданға қарасты 21 елді мекенде 405 шақырымды құрайтын 455 көшенің 68 проценті жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін көрсеткен. Оған биыл іске асатын жобаларды қоссақ, нәтижені білуге асығарымыз анық. Мәселен, облыстық бюджеттен бөлінген 35,1 миллион теңгеге Әйтеке би кенті 3,5 шақырымды құрайтын 7 көше жақсартылады. Қ.Қартақов, И.Байзақова, Ә.Қашаубаев, Бейбітшілік, Қ.Ибрагимов, Жанқожа батыр 3 км, Біржан сал тұрғындарын қуантуды «Қазалы Жолаушы» серіктестігі мойынына алған.
Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен бөлінген 22,6 миллион теңгеге Абай тұйығы, Ә.Тыныбаев орамы, «Қазалы су сервис» МКК кәріз суларының тұндырғышына кіре беріс жолы көлік қатынасына ыңғайлы етіледі. Ал осындай жөндеу көрген көшелердегі көлік қозғалысын реттеуге 9,3 миллион теңге қаржы қаралған. Бұған 162 жол белгісі мен 6 жол кедергісі орнатылып, 30 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына және 16 жаяу жүргінші жолына жол жолағы сызылды.
Ринат ӘБІҚАЛЫҚ