Қызылорда облысы аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

Іс-шара барысында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың салдарынан болатын дене жарақаттарын болдырмау, азаматтардың өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың алдын ала отырып, аталған бұйымдарды халық көп шоғырланатын жерлерде пайдаланудың жолын кесу мақсатында полиция жасақтарының, учаскелік полиция инспекторларының, мектеп инспекторларының қатысуымен рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Осыған орай, елді мекендерде және бұл үшін бөлінбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, азаматтық пиротехникалық заттардың және оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицензиясы бар тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға –5, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –10, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, еркін сауда жасауға Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен, заттармен сауда жасау ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғатынын ескертеміз.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі