Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтынбек Төреханов: Талапты жаста таңдау көп

Алтынбек Төреханов: Талапты жаста таңдау көп

Өткен айда 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қызығушыларды көптеп кездестіретін едік. Қазір бұл тақырыптағы талқылау бәсеңдеп қалған сияқты. Аудандық жұмыспен қамту мен жастар орталығының мамандары жер-жерде халыққа барынша түсіндіріп жүр. Себебі әлі бұл жобаның кеңшілігін тағы 22 адам көруіне мүмкіндік бар. Аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынбек Төрехановпен әңгіме барысында 5 миллион теңгеге дейінгі несиені қалай оңай алуға болатынын жайында сіздермен бөліскенді жөн көрдік.

– Алтынбек Төреханұлы, көптің қызығушылығын оятқан 2,5 проценттік жеңілдетілген несие бағдарламасы жоспардың бел ортасына жақындап қалды. Жоба басталғалы қанша жерлесіміз қолына қаражат алды?
– Шынында да кәсіп бастаушыларды қолдау, жұмыссыз азаматтар санын мейлінше азайтуға бағытталған бағдарламалардың ішінде бұл жобаның алар орны ерекше. Өйткені бұл – осы уақытқа дейін іс бастаушылар үшін барынша тиімді етілген, кәсіптің айналымға шығу уақытын есепке алып, бейімдетіле іске қосылған бағдарлама. Наурыз айынан бері қазалылық 5 талапкер осындай несиені алып үлгерді. Олар бизнес жоспарына сәйкес, 15 миллионға жуық қаржы алды.
Облыс бойынша жыл аяғына дейін 257 адамға ақша беріледі деп жоспарланып отыр. Қарыз алған күннен бастап 1 жылдан кейін төлеуге мүмкіндік беретін несиені 27 жерлесіміз алуы тиіс. Ол үшін мал, сауда-саттық пен техника сатып алатынын дәлелдеуі керек.
– Бұл жобаның негізгі бағыты жастардың іскерлігін арттыруға бағытталғанын білеміз. Дегенмен 35 жасқа дейінгі азаматтардың арасында әлеуметтік жағдайы әлдеқайда «керемет» жастар да бар. Несиеге нағыз мұқтаж іскерлер көлеңкеде қалып қояды деп ойламайсыз ба?
– Осы тұста қайтарымсыз грант қаржысы туралы да айта кеткен жөн болар. Жыл басынан бері 24 адамға 1 миллион 380 мың теңгеден үлестірілді. Әрине, бұл лайықты жоба ұсынып, комиссияның оң шешімін алғаннан кейін жүзеге асып отыр. Желтоқсан айының соңына дейін тағы 114 әлеуметтік жағдай төмен, көпбалалы аналар ойда жүрген арман-мақсаттарын жүзеге асыруға қаржылай көмек алады. Бұл үкіметтің өткен жылдары жастарға, биыл қолынан іс келетін аяулы аналарға ұсынып отырған «қармағы» десек жарасады. Байқасаңыздар, бұл бағдарлама да жастарға арналып іске қосылғанымен, тек жұмыссыз жүргендерді қамтып келеді. 2,5 пайыздық несие де көзделген топтағы азаматтарға жәрдем беруді мақсат етеді.
Неге десеңіз, 5 миллион теңгеге дейінгі қаражатты мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме, мектеп басшылары ала алмайды. Мұғалім, полицей, дәрігер, тіпті жұмыссыз болсаңыз да жеңілдетілген несиеге құжат жинап, өтініш тапсырсаңыз болады.
– Жобаның шарттары жайында толықтырып айта кетсек... Талапкерлер үшін ең қиыны – кепілге қоятын үй табу. Құжат дайындауда басқа да қиындық тудыратын тұстар бар ма?
– Жеңілдетілген қарыз, қомақты сомма болғандықтан кепілге мүлік қою – қалыпты дүние. Өзінің атында баспана болмаса да арнайы техникасы, көлігі бар жастар аз емес. Кепілзат ретінді оны да бағалатуға болады. Бұдан бөлек сіздің несие төлей алатыныңызды растайтын, жалпақ тілмен айтсақ «гарант» тұлға болуы шарт. Бұдан кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысуды бастағаныңыз туралы мемлекеттік кірістер басқармасынан талон аласыз. Осы тұста жобаның тағы бір шартын еске сала кетейік, кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жылдан асып кеткен азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.
Тағы бір ескеретін жайт, біздің ауданға бөлінген лимиттің санына қарап, мүмкіндік аз деп ойлауға болмайды. Жыл аяғына дейін тағы қосымша қаржы қаралуы мүмкін. Тіпті болмаса, бизнес жобаңыз мықты болса, келер жылы жеңілдетілген несие үлестіру жалғасады. Оған дейін құжаттарыңызды түгелдеп, осында тексертіп, өзіңіз облысқа апарып тапсырасыз. Қызылордада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бастаған комиссия отырысында жобаңызды қорғайсыз. Олар оң шешім шығарса, 1 ай ішінде шотыңызға ақша түсіп, кәсібіңізді бастай берсеңіз болады.
– Несиеге құжат қабылдағанда қандай кәсіп түріне басымдылық беріледі? Салаға байланысты қаржысын қайтаруда қандай айырмашылық бар?
– Елімізде мал шаруашылығын қолдау ерекше қарқынмен жүреді. Сондықтан бұл бағдарлама да ет-сүтпен, төрт-түлік басын көбейтем деушілердің бетін қайтармайды. Бұдан бөлек техника, сауда-саттық үшін құрал-жабдық сатып алушылар бақ сынап көрсе мархабат. Алдымен жалпыға бірдей тапсыруы тиіс құжаттар жайына тоқталайық.
Бірінші бизнес-жоспар жасау керек. Несиеден ниеттілер жеке кәсіпкерлік, жеке және неке кәлігі, зейнетақы түсімі жөніндегі анықтама, салық басқармасында қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжат пен салық декларациясын жинақтайды. Сонымен бірге, банкте есудалық қарыжы жоқ, 20 сандық шоты ашылған анықтамасын қоса тапсырады. Кепіл затты тігуге кепілгер мен талапкердің жұбайы немесе зайыбының келісімін алу да міндетті. Үйді немесе техниканы бағалатып, несие тарихы туралы анықтама да тізімге енуі тиіс.
Енді тек мал сатып алатын азаматтар жергілікті мал дәрігерінен төрт-түлігі бар немесе жоғы жөнінде және жергілікті елді мекен бойынша эпизотиялық ахуалы таза екенін дәлелдейтін анықтама алуы міндетті. Мал сататын сатушының ИСЖ анықтамасын құжат тапсырғанда бірге өткізуіңіз керек. Бизнес-жоспарда сатып алатын мал басын 40 мың теңгеден бастап, 800 мың теңге тұратын түйеге дейін енгізуге болады.
Сонымен қатар, техника сатып алуды көздейтін тұлғалар керекті техниканың техпаспортының көшірмесін алдыртады. Ал сауда-саттықпен айналысуға ниеттілер негізгі құжаттарға сатып алынатын құрал-жабдыққа коммерциялық ұсыныс немесе сатушымен алдын-ала келісім жасалған қағазды қосып тапсырады. Мал шаруашылығымен несие алғандар 7, қалған екі бағыт бойынша жобасы мақұлданғандар 5 жыл ішінде тиісті қарызды қайтарып болуы керек. Сондай-ақ несиенің 1 жыл каникулы барын қаперде ұстаған ұтады.
– Мақұлданған жобаның қаржысын алғандар, несиені басқа мақсатта жұмсауына тосқауыл қою мүмкін бе? Әйтпесе, Үкіметтің кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жобасы тиімсіз болып қалады емес пе?
– Шынында да, экономиканы дамытып, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін мұндай бастамаларды мәресіне жеткізу маңызды. Десек те, бұл бағыттағы жұмыстар біздің құзіретімізге кірмейді. Есесіне, облыс орталығындағы «Аграрлық несие корпорациясының» мамандары мақсатсыз жұмсалған несиеге мониторинг жүрпгізіп тұрады. Егер бизнес-жоспарға сәйкесқаржы жұмсалмаса, болмаса бағытын өзгертсе, кәсіпкер мемлекеттен алған қаржыны толқытай қайтарады. Бұдан кейін мұндай ұтымды бағдарламаларға қатыса алмауы да бек мүмкін.
– Уақыт бөліп, ашық ақпаратпен бөліскеніңізге ризашылығымды білдіремін.
Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
27 мамыр 2023 ж. 291 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031