Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі артқан майдангер

Мерейі артқан майдангер

«Ел басына күн туса, ер етіпкен су кешер» демекші, Отан анаға қауіп төнсе, оны қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы саналады. Талай жерді шарпып, талай жанды жалмаған екінші дүниежүзілік соғыста қаруын иығына асына, жанын шүберекке түйген тарландар парызын орындап, елге жеңіс сыйлағанына биыл тура 78 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыста от кешкен, туған жер үшін жанқиярлық ерлікке барған жандардың қатарында қазалылық батырлар да болды. Өкінішке орай, оның көпшілігі жер жастанса, қалғаны елге түрлі жарақатпен оралды. Солардың бірі – қан майданда асқан ерлік танытқан Бекарыстан би ауылының тұрғыны, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, «Жеңістің 25, 30, 40, 50 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл» мерекелік, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың, А.Гречконың естелік медальдарын иеленген майдангер Қабақ Смағұлов.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Бекарыстан би ауылында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Қазалы ауданының әкімдігінің қолдауы мен майдангердің ұрпақтарының демеушілігімен «Ғасыр жасаған майдангер» атты Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың 100 жасқа толуына орай дүбірлі думан, ұлан асыр той тойланды.
Тағылымды шара басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен шараға келген қонақтар ғасыр жасаған тұлғаны күтіп алып, Ұлы Отан соғысынан елге оралған жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Содан соң Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың ескерткіші алаңына бағыт алды.
Өзінің батыр Үрмәштің көзін көрген адам екенін, қас батыр бар қазақтың мақтанышы болып қалатынын айтты.
– Елден аттанған 300-дей азамат едік, тең жартысынан астамы қайтпады. Мен соның куәгерімін, – деген майдангер ауқымды мерейтой алаңына келіп жайғасты.
Мерекелік жиын ұрыста ерлік көрсеткен жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Сонымен қатар аудандық «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіттің бас имамы Нұрдәулет Асқарұлы қан майданда қаза тапқандардың рухына құран бағыштады.

Құрмет төріндегі тау тұлға

«Ғасыр жасаған майдангер» атты шараның ашылу салтанатында Мұхтар Оразбаев сөз сөйлеп, көпшілікті қатар келген мерекемен және Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлды жүз жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
– Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Біздің аталарымыз елдігіміз үшін кеудесін от пен оққа тосып, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тұтастығын қорғады. Сондықтан өскелең ұрпақ осындай майдангерлерді есінен бір сәт шығармауы тиіс.
Бүгінгі таңда ауданымызда екі соғыс ардагері бар. Олар – Қабақ Смағұл мен Тілеуберген Тобабергенов.
Міне, бүгін осы екі қаһарманның бірі – Қабақ Смағұл ақсақал 100 жасқа толып отыр. Өмірінен өнеге тараған, ұрпақ ұлағатына айналған майдангердің мерейтойы құтты болсын, – деді.
Одан кейін аудан басшысы тау тұлғалы ардагерді сахна төріне шақырып, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауы мен арнайы сыйлығы – сәйгүлікті тарту етті. Сондай-ақ Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев сынды белгілі азаматтардың құттықтауын жеткізді.
Мерекелік шараға арнайы келген Арал аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төреахметов сахнаға шығып, Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың құттықтауы мен сыйлығын берді.
Толассыз құттықтаулар мен жылы лебізден соң М.Әуесұлы ғасыр жасаған майдангерге «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.

Жауынгер жайлы жазба

Бекарыстан би ауылындағы шарада ғасыр жасаған тұлғаның 100 жастық мерейтойына арналып, Алматы қаласындағы «Люксмедиа» баспасынан шығарылған «Тамыры терең бәйтерек» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Кітаптың авторы – Бекарыстан би ауылының төл перзенті, журналистика саласының ардагері, қарымды қаламгер Сахи Қапар.
Мұнан соң мерейтойға жиналған көпшілік аудан өнерпаздарының өнерін тамашалап, ақындар айтысының куәгері болды.
Көмейіне жыр толтырып, ұйқасынан жаңылмаған сөз серілері көрермендерді ұлттық өнреге қанықтырып, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Алғыс хаты» және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ат шаптырып, бәйге алды

Мерейлі мерейтой «Қыдыр» нұрасында жалғасып, қазақтың ұлттық ойыны аударыспақтан басталған білектілердің додасы ат бәйгесіне ұласты.
Ең әуелі білегі мен белі мықты жігіттер ат үстінде күш сынасты. Нәтижесінде Ғ.Мұратбаев ауылынан келген Алмат Көбейсін есімді палуан жеңісті көп арасынан суырып алды. Ал екінші орын Құмжиек ауылының батыры Ақтілек Манасовқа бұйырса, үшінші орынды Жалаңтөс батыр ауылынан қатысқан Ақниет Бөлеков еншіледі. Жүлделі орыннан көрінген жігіттер қаржылай сыйлыққа ие болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған ауқымды шараға ризашылығын білдірді.
Мұнан соң дүйім жұрт бас қосқан дүбірлі дода басталды. Жүйріктер жиналған ат бәйгесі ғасыр жасаған Қабақ Смағұлдың батасымен басталып, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шабандоздарға сәттілік тіледі.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бәйгеге Жамбыл, Түркістан облыстары, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Арал аудандарынан 50-ден аса шабандоз келді. Ауыздықпен алысқандардың аламанына тігілген жүлденің жалпы қоры – 3 600 000 мың теңгені құрады.
Аламан десе арқасы қозатын жұрт ең әуелі тай бәйгесінің куә болды. Мұнда мәрені бірінші кескен Жалпақ ауылының «Айторысы» жеңімпаз атанды. Екінші орынды Бекарыстан би ауылының «Тұмар» жылқысы жеңіп алса, үшінші орынды Ү.Түктібаев ауылынан келген «Батыр» жүйрігі иеленді.
Бәйгенің арғымақтар арасындағы сайысында бірінші орын Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылынан келген «Ақжол» арғымаққа бұйырды.
Ал екінші орынды Тараз қаласы, Меркі ауданының «Құпиясы» иемденді. Сондай-ақ үштіктен Ү.Түктібаев ауылының «Жебесі» көрінді.
Аламан бәйгені асыға күткен жұртшылық құнан бәйгенің шабандоздарына тәнті болды. Өйткені, төрешілердің пәрмені берілгеннен үш бірдей шабандоз қатар шапты. Соңғы айналымда жеңімпазын анықтаған доданың бірінші орынын Жаңақорған ауданының «Мустангы», екінші орынды Бекарыстан би ауылың «Асыл мұрасы» және үшінші орынды аралдық «Әлем» еншіледі.
Сыйақысы 1 миллион теңге болған аламан басталып, сегіз айналымнан тұрған бәйгеде Ақсуат ауылының «Абыройы» үмітті ақтады. Шиелі ауданынан келген «Шамшырақ» екінші орынды алып, үздік үштікті Тараз қаласының «Абсент» жүйрігі қорытындылады.
Мерейтой қарсаңында өткен ат бәйгесінің жеңімпаздарын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, арнайы тігілген қаржылай сыйлықты табыс етті.

Көңілді кешке ұласты
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай «Ғасыр жасаған майдангер» атты Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың 100 жасқа толған мерейлі мерейтойы Мәдениет орталығы өнерпаздарының кешкілік концертімен қорытындыланды.
Гала-концертте алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов ауыл халқын мерекемен құттықтады.
– Екі күнге созылған шара жоғары деңгейде өтті деп пайымдаймын. Біз әрқашан аға ұрпақ өкілдерінің өз Отанына деген сүйіспеншілігін ескеріп, есте сақтап, оны үлгі тұтуымыз керек. Алдымызға салған асыл қазынамыз, тарихымыздың тірі шежірелерінен қандай істе болмасын таусылмас қуат, тәлім-тағылым аламыз. Сондықтан біз үшін от кешкен аталарымызды ұлықтау біздің басты парызымыз, – деген Дәурен Оңғарбайұлы ауқымды шараға атсалысқан аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қызметкерлеріне аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Алғыс хатын» табыстады.
Мұнан соң, өнерпаздардың өнеріне тәнті болған ауыл тұрғындары ризашылығын жеткізіп, қос қолдап шапалақ ұрды. Шара соңы «Атамекен» әнімен аяқталып, ауылдың аспаны түрлі түсті отшашуға боялды.

Серік АҚМЫРЗА
11 мамыр 2023 ж. 170 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930