Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Офицерлер әулеті

Офицерлер әулеті

Әдетте біздер күні кешеге дейін малшы мен егінші, теміржолшы мен құрылысшы, ұстаз бен дәрігер әулеті жайлы майын тамыза әңгімелеп, кеңінен көсіле жазып келдік. Ал әскери форма киген, иығына пагон ілген, темір тәртіпті, атыс құралын шебер меңгерген офицерлер әулеті турасында қалам тербер тұста күмілжіп, кібіртіктеп қала беретінімізді қайтіп жасырасың?! Шынтуайтына келгенде, жас ұрпақты Отансүйгіштік рухта талмай тәрбиелеуде арамыздан топ жарып шыққан, туған жер десе жанын беруге әркез дайын, қастангөй сырт дұшпанға қарсы тұратын, оны күйрете жеңе алатын әскери ер азаматтарымызды үлгі ету, дәріптеу, өнеге тұту қажеттілігін дүлділ уақыттың өзі дәлелдеді. Алысқа бармай-ақ, өткен ғасырдың екінші жартысындағы дүрбелеңді оқиғалар (сырт мемлекет – Ауғаныстандағы әділетсіз соғысқа қатысқан ұландарымыздың басынан кешкені т.б) тұсында әскери мамандардың рөлі арта түскендігі белгілі. Ел тәуелсіздігіне әупірімнің күшімен қол жеткізген жас мемлекетіміздің азаматтары төңірегімізде болып жатқан геосаяси жағдайға (Ресей мен Украина арасындағы әділетсіз соғыс) алаңдаулы. Білгенге бейқамдықтың заманы өтті. Кез келген төтенше оқиғаға тас түйін дайын отыруымыз қажет-ақ. Осындайда өткен ғасырдың ортасы мен соңғы ширегінде Отан үшін от кешкен, перзенттік парыздарын, әскери борыштарын барынша адал атқарған аға буын өкілдері әсіресе, арнаулы және жоғары білімді офицерлеріміздің іс-қызметінен батырлық, патриоттық үлгі-өнеге алуымыз қажет. Міне, сондай бетке ұстар үлгі етер, мақтан тұтар әулеттің бірі де бірегейі – әкелі-балалы Жарболовтар десек асыра дәріптегенге, қызыл сөзге берілгенге жатпас еді. Олай болса, Сіз ден қойыңыз, ал біз баяндайық...
Әулет басы – полковник Бірімжан Жайшылықта көбімізге жаттанды тіркес болып сезілетін ата-ананың қанымен, Алланың қолдауымен жарық дүниеге келіп, жер басып жүрген адам атаулыны басынан кешкен заманы (тарихи оқиғалар) шыңдайтыны, ширатып, шынықтыратыны ал уақыт болса жетілдіретіні бар ғой. Міне, өмірдің осындай шыңдалу мектебінен өткен, болат серппедей ширығып өскен жанның бірі, біздің бүгінгі ауыз толтырып айтар кейіпкеріміз Бірімжан (Пірімжан) Жарболұлы ағай (1923-2011 жж) еді. Ол өткен ғасырдың алғашқы ширегінде, яғни 1923 жылдың наурызында Сыр-Ананың қазыналы Қазалы, ортаймаған қазаны атты өңірде дүниеге келген. Ол заманда Сырдариядан тарайтын сансыз көл мен аралдардың жағасындағы қалың, ну қамыста Тұран жолбарысы жортатын. Он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында батыстан суықтаған патшалық Ресей отаршылдары мен Қызылқұмның қиясынан бері асып, басқыншылық ниет танытқан Хиуа мен Қоқан хандығы әскерлеріне қарсы тұрып, тойтарыс берген атақты Жанқожа батырдың (1774-1860 жж) ерлігі жайлы баяндайтын терме-жырлар мен қисса-дастандар ел ішінде жиі жырланатын. Ұрпағына Отанын сүю жолында ұран болған ер Жәкемнің ту ұстап, тұлпар мінген жаужүрек сардарлары мен жасақтарының қатарында Бірімжан ағайдың арғы атасы ер Дабыл да болады. Жыршы ақын О.Сұлтановтың «Жанқожа батыр» дастанында қапыда дұшпанның қолына түскен Ақмырза батыр қара ниетті Раманқұлға зілденіп: «Алты әлім, арғы түбім – қалың шекті,
Түгелдей сені білмейтін сыр қала ма?
Ер Дабыл елге мәлім Ақтан батыр,
Сау болсаң бір келерсің бұл араға», – деп түбінде алтын басы үшін кек алынатынын еске салатынын бар. Тумысынан құлағы түрік Бірімжан ағамыз құйма құлақ үлкендер аузынан ел мақтанышы, аталас туысы, сыр сүлейі Қарасақал Ерімбек шайыр мен Күншығыс жастарының жетекшісі, небәрі жиырма үш жыл ғұмыр кешкен Ғани Мұратбаев ағасының да есімін естіп қалып жататын. Мұның бәрі дерлік өсе келе тектілігіне тартуға, туған жердің тарихынан нәр алып, өсуіне көп септігін тигізді.
Алайда өмір есігін ашып, жан жағына көз тіге, оң мен солын тани бастаған бүлдіршіндей жастың маңдайынан тағдыр дейтін алпауыт күш сипай қоймады. Небәрі тоғыз жасқа келгенде, отбасы мен жақын-жуық туысымен ашаршылық пен қатерлі індетті де бастарынан өткізді. Күн көріс қамымен іргедегі тоқшылықты Қарақалпақ өңірін, одан соң Ресейдің Магнитогор қаласы мен қайта ораларда Ақтөбе облысы, Степной ауданы Әлімбет совхозын сағалады. «Ат айналып қазығын табады», – дегендей Сауытбай ағасымен туған топырағы Қазалыға қайта оралады. Отбасы болып, көшіп-қонып, сергелдеңмен жүргенде Ерімбет шайыр болып кеткен «Жыланда жыламаған бала қалмайды», – деген 1941 жылдың маусымы да келіп жетеді. Осы аралықта әупірімнің күшімен жетінші сыныпты бітірген түбіт мұратты бозбала білдей он сегізге толып еді. Қолына қару ұстайтын ер азаматтың бәрі майданға аттанады. Бір жылға жетер жетпес мерзімде, он тоғызға енді толған Бірімжан әскер қатарына шақырылады. Толық емес орта білімі және орыс тілінен хабардар болуы, сымдай тартылған қағілездігі ескеріліп, Ресейдің Орынбор облысы, Ақбұлақ стансасындағы кіші командирлер, сержант дайындайтын оқуға жіберіледі. Көріп отырғандай офицерлік лауазымға көтерілудің алғашқы талпынысы мен баспалдағы (1942-1943 жылдары орта командирлер дайындайтын курсты да тәмамдайды) осы сәттен басталады.
Көп кешікпей өзі де өңмеңдеген басқыншы неміс фашистерін тізе бүктіріп, күйретуге бағытталған қанды шайқасқа да кеудесі кектеніп қатысады. Қысқа мерзімді оқуды 1942 жылы аяқтасымен бұлар келіп қосылған Горький облысы Джержинский қаласы маңындағы 93-ші атқыштар дивизиясының 266-шы полкі құрамында Калинин майданы Белый қаласы маңында бекінген дұшпан бекінісін тартып алуға қатысады. Оқтың иісін, жеңістің мәнісін сезінеді. Басшылық ұйғарымымен 1942 жылдың желтоқсанында оны орта шенді командирлер дайындайтын оқуға жібереді. Кіші лейтенант атағын алып, өз бөлімшесіне оралған ол 1943 жылдың наурызында взвод командирі болып тағайындалады. Атақты 93-ші атқыштар дивизиясының құрамында өзіне бекітілген взвод жауынгерлерін шеберлікпен басқара білген сайыпқыран жас офицердің қанды қасап ерлік жолы Калинин, Дала майданында, Великие луки, Украинаның Полтава облысы Зеньков қаласы түбіндегі шайқастарда жалғасады. Аталған жылдың (1943 жыл) қыркүйегінде бұлардың полкіне Зенков қаласын жаудан азат ету тапсырмасы жүктеледі. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау операциясы тұсындағы кескілескен шайқастың бірінде лейтенант шеніндегі Бірімжан ағамыз жау оғынан ауыр жарақат алады. Амалсыздан Перм облысындағы әскери госпитальдің бірінде емделіп, денсаулығын түзеу үшін елге демалысқа жіберіледі. Күтпеген қиындық осы арада туындайды. Осы екі аралықта Ақтөбедегі отбасы Қызылорда облысына қоныс аударса керек. Қазіргіде айшылық алыс жерден хабар алдыратын байланыс құралы болмағандықтан, ағамыз жақындарын іздеуді Арал қаласынан бастайды. Іздестіре, сұрастыра келіп, олардың іргесіндегі Қазалыға орныққанынан хабардар болады. Өзі ойлағынындай Сауытбай ағасы мен жас інісі бұрынғы нөмірі 4-ші ауыл (қазіргі Абай) маңындағы Ботбай көлінің жағасында өлместің күнін кешіп тіршілік етіп отырса керек. Ұзақ мерзімді алты айлық демалысында отбасы мүшелеріне қол көмегі мен қаржылай жәрдемін тигізген ол, 1944 жылдың маусымында әскер қатарына қайта шақырылады. Алланың қарасқаны болар, әскери комиссариат басшыларының ұйғарымымен білімін жетілдіру үшін Ташкент қаласындағы үш айлық арнайы оқу орнына жіберіледі. (Бұл тұста Батыста соғыс өрті әлі өршіп тұрған болатын). Ол тиісті құжатқа қолы жеткен соң, Қазалы аудандық әскери комиссариатының бөлім бастығы болып тағайындалады. Ағамыздың өмірінде болған мұндай күрт өзгеріс мағыналы ғұмырының белгілі бір белесіне дейін тәжірибелі әскери қызметкер, ел қорғаны офицер болып қалыптасуына берік арна қалайды.
Адамзат атаулыға ауыртпалық әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстан (1945 жыл) кейін бейбіт өмірдің бүгінгідей мамыражай бола қоймағандығы бесенеден белгілі. Фашистік Германияның тепкісінен қауіптеніп, амалсыздан КСРО-ның одақтасы болған АҚШ-тың әскери басшылары 1945 жылы тамызда Жапонияның бейбіт халқына әуеден атом бомбасын тастап, жүздеген мың тұрғынды ажал құштырған, Кариб теңізіндегі текетірестен бастап-ақ екі держава арасындағы қырғи қабақ қатынас ушыға түскені белгілі. Осыдан келіп айдарынан жел ескен Кеңестер одағы қорғаныс қабілетін бұрынғыдан да арттырып, Қарулы күштерінің қатарын көбейтпесе, азайтқан жоқ. Күтпеген жерден соғыстың тұтанып кету қаупі сейілмеді. Бейбіт тұрғындар арасында Отанды қорғауға әркез дайын тұруға жұмылдыру, жастарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру іс-шарасы бір сәт те бәсеңсімеді. Міне, Қоғалы өңіріндегі осы бір абыройы ерен, тауқыметі көп іс-шараның басы-қасында белсенді әскери комиссариат қызметкері Бірімжан ағамыз жүрді. Осы жылдар аралығында жетімдік пен жоқшылықты, от пен оқты көрген жанның жеке басына қатысты біраз оқиғалар өтті, айтулы өзгерістер де болды. Алдымен сүзек ауруына шалдыққан анасынан, ізінше қамқор панасы Сауытбай ағасынан айрылды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, аяғы ауыр жеңгесі босанысымен екі айлық сәбиімен бірге Өктем құдағайы (жеңгесінің анасы) өзінің жұртына кетеді. Ағамыз туған бауырының көзі саналатын қарындасын араға елу бес жыл салып, шарқ ұрып іздестіруінің арқасында Қазалыдан тауып, қауышады. (Бұл шырғалаңды хикаят бөлек бір әңгіменің арқауы) «Бас екеу болмай, мал екеу болмасын» сезінген Бірекең 1946 жылы өмірлік жары, елдің көрікті қызы, үлбіреген Үріммен бас қосады. Керегесі кең, уығы мықты, шаңырағы берік отбасын құрады. Көп ұзамай тұңғыштары Әліби өмірге келеді. Жанұялары сәбидің шаттық күлкісіне толады. «Ұша білген қыранға дүние кең» ғой қашан да. Республикалық әскери комиссариатының жоғары басшылығының ұйғарымымен істе шыңдалаған, тәжірибесі толысқан Бірімжан ағамызға үлкен сенім көрсетіп, 1953 жылдың соңында қиырдағы Сарыарқа жеріне, Ақмола облысы Қорғалжың ауданының әскери комиссары етіп тағайындайды. Орысы мен орманы басым өңірде табаны күректей тоғыз жыл жақсы қызмет атқарған, өз міндетіне барынша жауапкершілікпен қараған, облыс пен аудан басшыларымен шебер тіл табысқан, ел-жұрт арасында үлкен беделге ие болған ол 1963-1965 жылдары көршілес Балқашты (қазіргі Сандықтау ауданы), араға екі жыл салып Макин ауданы әскери комиссары қызметін абыройлы атқарады. Барынша сәтті басталған, небір асулы биіктерді бағындырған әскери қызметі білдей отыз бір жылға ұласып, күні кешегі бейбіт заманда, яғни 1973 жылдың қыркүйегінде, ердің жасы елуде болып, қалыптасқан әскери ерекшелік бойынша еңбек демалысына шығады. Бойында күш қуаты мен мол тәжірибесі бар ағамыз қол қусырып қарап отыруды, толыспаған зейнеткер санауды арсынып, облыс орталығы Ақмола қаласына қоныс аударысымен осындағы облыстық кәсіптік-техникалық училищеде он бес жыл табан аудармастан әскери дайындық тобының әдіскері қызметін ыждағатты атқарады. Қанды майданда ие болған бірінші дәрежелі «Отан соғысы» мен «Қызыл жұлдыз» ордені қатарына бейбіт замандағы әртүрлі дәрежедегі жиырма медаль қосылады. Түптеп келгенде ағамыз әскери қорғаныс саласындағы қызметін аға офицер саналатын полковник шенімен аяқтайды. Өмірден озғанша тік тұрып, тік жүрді. Қоғамдық істерден қалыс қалмады.Тіпті 2005 жылдың мамырында Мәскеуде жеңістің 60 жылдығы құрметіне өткен Жеңіс парадына Қазақстандық майдангерлер құрамында болып, қатысты. Ардақты әке тәрбиесімен өскен қос бірдей ұлы: Әліби мен Әлиханы офицерлер әулетінің керегесін кеңейтіп, көк туын көкке желбіретеді. Енді осы турасында бірер сөз...
Әке көрген оқ жонар
Халқымыздың қыран тектес ақыны, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің атақты «Байқоңыр баспалдақтары» поэмасының бас кейіпкері – Иманқұл қартқа сипаттама бергенде «Тілігі – қазы, қауыны нан, кәдімгі Қарасақал ауылынан», – деп түп атасына тоқталғандай, Бірімжан ағамыздың да түп аталары Сыр өңіріне танымал Жарбол батыр болатын. Ел арасында күні бүгінге дейін сақталып қалған, жаугершілік заманда дұшпанның қалың қолы Жарбол бабамыздың Қызылқұм бойындағы жасақтарын тықсырып, буырқанған Сырдарияға тақаған тұста, тақымындағы кер бестісімен: «Жау да болса, бір кешуі» деп көкжал толқынды суға қойып кеткен, осылайша жанындағы жүздеген серігіне, айдаудағы мыңдаған жылқыға жол бастаған көзсіз ерлігі үлгі етіледі. Заманында тұлпар мініп, ту ұстаған даңқты бабаларының өнегесімен өсіп, соларға ұқсау үшін тауқыметті әскери мамандықты таңдаған ағамыз ізін жалғастырып, дүниеге келген ұлдары: Әліби (1950-1982 жж) мен Әлиханды да (1955 жылы туған) жастайынан өз кәсібіне баулыды. «Әке көрген оқ жонар», – деген халық қағидасы текке айтылмаса керек. Тұңғышы Әліби мектеп қабырғасынан соң, Ташкент қаласындағы жоғары жалпы әскерлік әскери училищеде оқып, білім алады. Лейтенант Әліби Жарболов еңбек жолын 1970 жылы Алматыда ашылған И.С.Қонаев атындағы жалпы командалық қызметінен бастап, рота командиріне (1973 жыл) дейін өседі. Араға бірер жыл салып (1975 жыл), батальон командирі дәрежесіне көтеріледі. Алдымен Георгиевкада, ізінше Семей қаласы маңындағы әскери бөлімшеде қызмет атқарады. Жоғарғы әскери басшылықтың ұйғарымымен ол Жезқазған өңіріндегі Жезді қаласы әскери комиссары болып тағайындалады. Жібектей аруды сүйіп, отбасын құрады. Нұрхан атты ұл, Нұргүл, Жанаргүл есімді қыз сүйеді. Алайда індеттің ошағына айналған Семей полигонының зардабынан айықпас кеселге тап болған Әліби бауырымыз 1982 жылдың шілде айында, небәрі 32 жасында дүниеден озады. Көзіндей болып ізінде қалған ұрпағы Нұрханы есейе келе, текеті әулетіне сара жол салған атасы мен әкесінің жолын қуады. Алматыдағы әскери училищені тәмәмдағасын генерал С.Нұрмағанбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде қызмет атқарады. Қан дегенді қойсаңшы, қызы Нұргүл де офицер атанады. ҚР Қорғаныс министрлігінде қызмет атқарады. Халқымыздың «Ат тұяғын тай басар», – дегені осы болса керек.
Орыстың атақты қолбасшысы А.Суворовтың «Генерал болуды аңсамаған солдат, солдат емес», - деген қанатты сөзі бар. Әртүрлі себептермен мұндай биік дәрежеге Бірімжан ағамыз қол жеткізе алмаса (Полковник шенімен қанағаттанған), ол оның есесіне қатарынан оза туған ұлы Әлихан білімдарлығы мен табандылығының арқасында осы биікті бағындырды. Ол әскери саладағы алғашқы талпынысын сонау 1970 жылы бұрынғы Целиноград облысы, Макин ауданындағы мектептің сегізінші сыныбын аяқтаған соң, арнайы шақыртумен Ресейдің Свердлов қаласындағы Суворов әскери училищесінде оқиды, ысылады, шыңдалады. Әскердің темірдей тәртібіне бағынады. Білімін ары қарай жалғастырып, 1976 жылы кезінде Әліби ағасы қызмет атқарған, жақсы із қалдырған Алматы жалпы командалық жоғары әскери училищесін 1976 жылы алтын медальмен тәмамдайды. Оның мұнан кейінгі жастық жалынға толы іс-қызметі, білімі мен тәжірибесі туған Қазақстанымыздың қорғаныс саласын нығайтуға бағытталады. Әділетсіз Ауған соғысының да ажал сепкен оқ-дәрісін сезінді. Қырық жасында генерал атанады. Әсіресе оның қарым-қабілеті, батылдығы, буырқанған күш жігеріеліміз тәуелсіздікке жеткен жылдары жарқырай көрінді. «Қырқында қамал алды» дегендей, ол 1995 жылы Семей өңіріндегі армиялық корпусқа кейінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қолбасшылық жасайды. Мұнан соң генерал-майор Әлихан Бірімжанұлы ҚР Қарулы күштері бас штатының бастығы, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қызметін мінсіз атқарады. Жаңадан ашылған құрлық жауынгерінің әскери институтының бастығы бола жүріп, айбынымыз бен айбатымыз саналатын жас кадрларын даярлауға, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқытушылар мен курсанттарға қалыпты әлеуметтік-тұрмыстық жағдай тудыруға айтарлықтай үлес қосады. Еңбек демалысына шыққаннан кейінгі уақытта да қол қусырып отырмай, Тараздағы электрмен жабдықтау мекемесінде еңбек етті. Әйтеуір не керек, әке даңқын асқақтатты, «офицерлер әулеті» деген атақты қастер тұтты.
Қадірменді оқырман! Қасиетті Қазалы топырағынан жаралған, күн сәулетті Қазақстанымызға көпке үлгі етілер әскерилер әулетінің ірге тасын қалап, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктеткен Бірімжан Жарболов (1923-2011 жж) ағаның туғанына жүз жыл толуына арналып жазылған бұл мақала Отанымыздың көздің қарашығындай қауіпсіздігін қорғауды мақсат тұтқан, осы қастерлі мамандықты атадан немереге мирас етіп қалдыра білген бір әулеттің қысқаша тарихы, міне, осындай! Көкжиегін кеңейтіп, ауқымдандыра түсемін десеңіздер ерік сіздерде.
Қараша ҚАРАМАН,
Алматы облысы

11 мамыр 2023 ж. 121 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 30

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930