Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер есімі ел есінде

Ер есімі ел есінде

Өткен ғасырдың басында 1902 жылы Қазалы уезінің №3 ауылында дүниеге келген Данияр Жұпарбайұлы сол кездегі қиын-қыстау заманда Ақтөбе облысына жол тартады. Бұғанасы қатаймаған 15 жасар бозбала елді жайлаған аштықтың кесірінен күнкөріс қамымен бөтен жерде, яғни Самара-Златаусска теміржолына қарасты Ембі және Жұрын стансаларында және бай фабриканттың қарауында қызмет етеді. Бұл аралықта оның әкесі дүниеден өтіп, Қазалыға қайтып келуге мәжбүр болады. Темірдей тәртіп пен тоғыз тораптың ауыр жұмысына шыңдалған жасөспірім Көбек стансасына қарасты №97 разъезде жеті жыл қатарынан тер төкті.
1927 жылы Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты халықтың жағдайын онан сайын әлсіретті. Ел арасындағы жаппай ашаршылық үдей түсті. Сол шақтағы қаныпезер Голощекиннің саясатына шыдамаған жұрт жан-жаққа бас сауғалап, тым-тырақай қашты. Солардың қатарында Данияр Жұпарбайұлы да бар-тын. Оның еш байлығы болмаса да ас-сусыз бұратылмай, азық тауып, күнкөруге ұмтылды. Осылайша елде тәркілеу басталғанда көппен бірге Қарақалпақстанға өтті. Онда қолынан келетін жол жөндеу жұмысына білек сыбана кірісті. Мұнда оның жігерлі мінезі мен еңбекқорлығына тәнті болған шенеуніктер Қоңырат ауданындағы ұжымдастыру жұмысына басшылыққа тағайындайды. Бұл алғаш рет лауазымы көтеріліп, жауапты мемлекет тапсырмасын мінсіз атқарады. Дегенмен жүрегіне адалдық ұялаған ол келешекте бұл ісімен біреуге қиянат болар деген ниетпен саяси науқаннан бас тартады. Қазақстанға оралып, 1930 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты жанындағы Рабфабқа қабылданады. Оның білімге құштарлығын ұстаздары байқайды. Осы оқу орнында партия қатарына қабылдайды. Алматыда жоғары білім алып, елдің әлеуетін көтеруге атсалысқан Данияр Жұпарбаев Алматы облысының Шелек және Жамбыл аудандарында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы және аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықты фашисттерді жеңуге жігерлендірудегі еңбегі ерен. Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев дүниеден өткенде жерлеу комиссиясының төрағасы болуы, оған Қазақстан Республикасының сол кездегі басшыларының көрсеткен сенімі еді. Кейіннен «Орталық комитеттің» жолдамасымен туған жерге оралды. Туған елде өндірісті өрге сүйреуге үлгілі ісімен де, адамгершілік өнегесімен де лайықты үлес қосты. Қазалы ауданындағы «Қазалы» совхозының директоры, сбербанк бастығы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Амангелді колхозының, Қазалы қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен өткерді. Жауапкершілігі мол қызмет сатыларынан өтіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Мұнан кейін де қоғамдық жұмыстарға араласып, жастарға өмірлік тәжірибесін үйретуден жалықпады.
Данияр Жұпарбаев елдің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі үлесі тасада қалмай, еленіп-ескерілді. Әр жылдарда жоғары наградалармен марапатталды. Архив деректерінде Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі, Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі ордендері мен соғыс жылдарындағы еселі еңбегі үшін бірнеше медальдары да бар. Қайда жүрсе де туған жерін есінен шығармаған өз ісіне мығым азаматқа лайықты құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы деуге болады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 сәуір 2023 ж. 174 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 35

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 49

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031