Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Зобалаң жылдар қасіреті

Зобалаң жылдар қасіреті

Биыл Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін белгіленгеніне тура 25 жыл. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жапты. Халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Жұрт қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді.
1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алды. Республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды. Ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
Қазақтардың саны 1897 жылғы санақ бойынша 4 миллиондай болған. Араға жиырма жыл салып, 1917 жылы 5 процентке өсіп, 6 миллионға жетті. Табиғи өсімді есептегенде 1939 жылы кемінде 8 миллиондай болуы керек еді. Бірақ ресми санақ жүргізілгенде 2 миллион 500 мыңдай ғана қазақ қалған. Бір миллион қазақ шет елге босып кеткен десек, қалғаны ашаршылық пен қуғын-сүргіннен көз жұмған.
ХХ ғасырда жер бетінде қазақ ұлтындай қасірет шеккен халық болған жоқ. Өкінішке орай жазықсыз жапа шеккен ашаршылық құрбандарын осы күнге дейін жоқтай алмай келеміз.
1932-1933 жылдардағы ашаршылық шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті. Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы ауыр күйзеліске ұшырады.
1931-1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 миллион республика халқының 2,1 миллионы қырылды. Жалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жегендігі тарих беттерінде қатталды.
Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халқын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы – большевиктік эксперименттің нәтижесі еді.
1993 жылы елде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. Мақсаты – отаршылдық салдарын жою, саяси зұлматтан зардап шеккендердің құқығын қалпына келтіру мен тоталитарлық режимнің актілеріне саяси құқықтық баға беруді көздеді.
Бүгінде 1921-1954 жылдар аралығында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған деген дерек бар. Олардың 25 мыңнан астамы аяусыз атылған. Осы күндері елде 345 мың заңсыз қуғындалған адам ақталды. Оның ішінде Қазақстанға жер аударылғандары да бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
31 мамыр 2022 ж. 467 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 38

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 86

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 93

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 63

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 97

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031