Қырғызстанда мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденгендердің тізімі жасалды
Фото: depositphotos.comҚырғызстанда мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденгендердің тізімі жасалды. Тоналған заттың шамамен 70 пайызы қайтарылды. Бұл туралы республиканың ҰҚК төрағасы Қамшыбек Тәшиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz Kaktus.media-ға сілтеме жасап.
Тәшиевтің айтуынша, мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу негізінен екі жолмен жүзеге асқан.
"Елдің бүкіл инфрақұрылымы мен өнеркәсібін жекешелендіру деген желеумен іс жүзінде әртүрлі адамдарға тегін берілді. Зауыттар, фабрикалар, автобазалар, жер учаскелері – мұның бәрі өндірісті қайта жандандырып, жұмыс орындарын ашу үшін емес, жеке байлық үшін берілді. Осылайша елде халық есебінен баю арқылы дәулет жинаған бір топ пайда болды. Жүздеген, бәлкім, мыңдаған адам ауқатты болып, ал миллиондаған азамат пен мемлекет кедей қалды", – деді ол.
Кейін "мемлекетті тонау" науқаны жалғасты. Адамдар билікке тек халықтың байлығын иемдену үшін келе бастады.
"Мэр, әкім, губернатор немесе министр лауазымы болсын – адамдар бұл қызметтерге қызмет ету үшін емес, ақша табу үшін барды. Мемлекеттік лауазымдар сатылған. Сол қызметтерді сатып алғандар жұмсаған қаражатын тез арада қайтару үшін бюджеттен ұрлады. Мысалы, мемлекет құрылысқа 100 сом бөлсе, соның 50–60-ы өзге қолда қалып қоятын. Соның салдарынан жаңа нысандар да, даму да болмады, халық кедейленді. Әскер мен мемлекеттік институттар әлсіреді, ал мемлекеттік қызметте байлар мен жемқорлар пайда болды", – деп ҰҚК төрағасы.
Тәшиевтің айтуынша, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров құқық қорғау органдарының алдына және оның өзіне қойған басты міндеттердің бірі – тоналған мүлікті қайтарып, халықтың байлығын қалпына келтіру.
"Президент маған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, мемлекеттік құрылымдарды әскери де, азаматтық та салада нығайту міндетін қойды. Ал ол үшін ресурстар керек. Біз мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденгендердің тізімін жасадық, нысандар бірінен соң бірі мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін тоналғанның шамамен 70 пайызы қайтарылды", – деп түйіндеді ол.












