Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқсанға аяқ басқан асыл ана

Тоқсанға аяқ басқан асыл ана

1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырған жаппай қырғында Украина мен Қазақстанның көп жапа шеккені тарихтан белгілі. Сол зұлматқа толы жылдардан кейінгі халықтың жағдайы тез оңалмады. Араға уақыт салып, фашистер соғыс ашты. Сондай уақытта ел-жұрт болып, майдандағы жауынгерлерді қолдау мақсатында ауыл-аймақтағылар тылға азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті дүниелер жіберіп тұрды.
Солардың қатарында Сақыпжамал Қожақ та бар. Сол кезде бұғанасы қатаймаған, тұлымшағы желбіреген қыз тылда тер төкті. Сақыпжамал Төлешқызы 1933 жылдың желтоқсанында дүниеге келген. Қазір тоқсанды алқымдаған кейуана республикалық, облыстық және аудандық басылымдарды үзбей оқиды. Көкірегі ояу, көзі ашық әжей кез келген тақырыпта әңгіме өрбітеді. Әкесі ашаршылық тыйылған кезде жарыққа шыққан сәбиін Тоқшылық деп атапты. Кейін арнайы молда алдыртып, кітап ашқызған деседі. Кітап ашқан дін өкілі жаңа туған нәрестеге Сақыпжамал есімін қояды.
– Бала кезімде үлкендердің айтқан әңгімесінен есімде қалғандары – жарты, кейде бір уыс арпа-бидай қолдарына түссе, ашаршылық кездері соны егіп күнелтеді екен. Құдайдың қарасқаны болар ексе, жайқалып жеміс берген. Ауыл болып жиналған дәннің бір бөлігін келесі жылға қалдыратын көрінеді. Осылайша қиын-қыстау шақтан бірлесе аман-есен шығыпты. Әкем атқа мініп, ел аралап жүретін сопы болған. Халыққа кеңесін айтып, сый-құрметке бөленген. Дегенмен сұрапыл соғыс басталып, ол майданға аттанады. Сол кеткеннен одан хабар-ошар алмадық, елге оралмады. Біз 6 ағайынды ата-әжеміздің қарауында болдық, – деп ағынан жарылды кейуана.
Оның айтуынша, ерте жастан ата-әжесі балаларды еңбекке баулыған. Ол 5 жасында ұршық иіріп, тоқу өнерін меңгерген. Кейін соғыс басталған кезде егістікке үлкендермен шығып, масақ терген. Ал өте кішілерін бір қараша үйге жиып, басқалары бір-біріне бас-көз болып бағады-мыс.
– Қайсібірін айтайын бала болып, жөнді асыр салып ойнамадық. Ерте есейдік. Оның есесіне еңбекпен шыңдалдық. Қырман сыпырдық. Қыз болып та серуен құрмадық. Мектепке де кеш бардым. Бірақ алғыр болдық. Кітапты іздеп жүріп, жастана оқитынбыз. Өз басым дәрігер болуды, кіршіксіз ақ халатты киіп, науқастарға ем-дом жүргізуді аңсайтынмын. Содан Медициналық институтқа оқуға түстім. Сол кезде Ақмолаға целинаға апарды. Молотилкаға бидай аттық. Тұрмыс құрып, 15 перзентті дүниеге әкелдім. Солардан қазір үш ұл, бес қыз бар, – деп өткен күндерді еске алды Сақыпжамал Төлешқызы.
Есін білгеннен еңбектен қол үзбеген әжей қазір 36 немере мен 60-тан аса шөбересін сүйіп отыр. Бүкіл өмірін бірінен соң бірі дүниеге келген балаларына арнап, армандаған оқу орнын бітіре алмаған. Кейін олар аяқтанғаннан кейін есепші мамандығын техникумда оқыған. Дей тұрғанмен ол жұмысты алып жүру оңайға түспеген соң, сылақ сылап, үй салу ісіне бет бұрады. Себебі жұбайы Ахмет Қожақов білікті зоотехник болған.
Өмірі үлгіге толы кейуанадан ұзақ жасаудың сырын сұрағанымызда ол кезде құнарлы ас ішіп, таң атқаннан кеш батқанға дейін қара жұмысқа араласатындығын меңзеді. Ештеңеден үрейленбей, тайсалмай кез келген істі еңсеретінін жеткізді. Бірнеше ауылға отағасының жұмыс бабына орай көшіп-қонғандығын да тілге тиек етті. Ал бұның барлығы әйел адамның мойнына артылатын жүк екенін алға тартты. Тар баспанада тұрған кездерінде де, кең үйде болғанда да шаңырақтарынан қонақ үзілмей, дастарқан жайған. Министр де күткен батыр ананың ұзақ жасауының сыры осында болса керек.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

28 ақпан 2023 ж. 185 0

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 45

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 90

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 139

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 148

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031