Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шөлдедім, су ішемін»

«Шөлдедім, су ішемін»

Соңғы жылдары «Эко мектеп» жобасы аясында Қазалы ауданында ерекше қарқын алды. Жергілікті білім бөлімінің қызметкерлері жобанының негізгі мақсаты педагог қызметкерлердің, оқушылардың, ата-аналардың қатысуымен оқытудың экологиялық бағыты саласына тиімді білім беру моделін енгізуді көздейді. Сонымен бірге экологиялық табиғатты қорғау бағытында практикалық дағдысы бар тұлға қалыптастыру жобаға қатысатын мектептердің басты бағыты саналады. Қазіргі таңда жобамен жұмыс істейтін оқушылар қатары артып, өнертапқыш өрендердің тобы «Жасыл мектеп» жобасы аясында айтулы тірлік атқарып отыр.
Оқу жылы басталғаннан бері мектеп ғимаратының ішінде жылыжай жасауға арнайы бөлме бейімделген. Алғашында оқушылар мұнда бөлме өсімдіктерін, көкөністер өсіріп, тәжірибе жасауды бастап кетті. Ең қызығы сол, мектеп оқушылары пән мұғалімдерімен бірлесіп, бірнеше айға созылған зерттеу нәтижесінде өсімдікке қажетті тыңайтқыштарды қолдан жасап шығарды. 
– Қазіргі таңда өзіміздің мектепте өндірілетін тыңайтқышты биология пәнінің мұғалімдері мен дүниетануға қызығушылығы мол оқушылар ойлап тапты. Оған құнарлы «Биогумус» деген атау беріп, білім ордасының эмблемасын жапсырдық. Наурыз айында демеушілер арқылы 6\3 шаршы метр көлеміндегі жылыжай сатып алдық. Онда оқушыларымыз зертханалық жұмыстар жасап, ғыылмға бет бұрып келеді. Әзірге жылыжайға қызанақ, қияр, декоротивтік гүлдер отырғыздық. Өзіміздің тыңайтқышпен күтіп-баптаймыз. Бұдан бөлек көктем айларында мектеп ауласына жеміс ағаштарынан тұратын бірнеше аллея жасалды. Аталған жұмыстарға ата-аналар да атсалып жатыр, – дейді мектеп басшысы Қымбат Сермахан. 
Өткен жұмада аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов эко жоба аясында ашылған жылыжайдың жұмысымен, оқушылардың ашқан жаңалықтарымен танысып қайтты. Бас ұстазға мектептің 10-сынып оқушысы Нұржан  Теңізбай информатика пәнінің мұғалімі Г.Айгелдиеваның жетекшігімен жасап шығарған «Субұрқақ» құрылғысын көрсетті. Бұл технология ауладағы бақшалықты автоматты түрде суғара алады. Құрылғының «миына» тіршілік нәрін барынша үнемдеуді қамтамасыз ететін бағдарлама орнатылған. 
Бұдан бөлек 10-сыныпта білім алатын Нұрбек Амангелді бөлме өсімдіктерінің топырақтарының ылғалдылық деңгейін анықтайтын «Шөлдедім» деп аталатын құрылғы ойлап тапты. Арнайы құрылғы топырақ құрғаған жағдайда «Шөлдедім, су ішемін» деп хабар берсе, суарылған соң «Су қандай дәмді! Рахмет» деп алғысын білдреді. Бөлме өсімдіктерінің уақытылы суғарылуын реттеп отыруға арналған «Шөлдедім» информатика пәнінің мұғалімі Бағымкүл Баймаханованың жетекшілік етуімен ойлап шығарылды. 
– Оқушылардың бойында өнертапқыштық құзіреттілікті қалыптастыру, кіші ғылыми жобаларға бейімдеу мақсатындағы жұмыстар әр мектепте осылай жүйелі ұйымдастырылса технократ шәкірт тәрбиелеуіміз әлдеқайда жеңілдейтіні анық. Балалардың қоршаған ортаны сақтау, оны зиянды әрекеттерден қорғау туралы түсінігі кеңейіп, туған жеріміздің дамуы жеделдейді. Осы жасында таңғаларлық құрылғы жасап шыққан шәкірттеріміз келешекте сумен жүретін көлік ойлап табатынына күмәндана алмаймыз. Құмның ортасында орналасқан мектеп ауласын жасыл-желекке айналдыру да директордың жұмысқа деген ынтасын суреттейді деп ойлаймын. Тек осы бағыттағы қарқынды бәсеңдетіп алмай, балаларға нәтижелі бағыт-бағдар көрсетуден жаңылмауымыз керек, – деді ауданның бас ұстазы. 
Айта кету керек, «Жасыл мектеп» жобасы аясында ауданның білім беру ұйымдары бірқатар бағытта жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, оқушылар мен ұстаздар биоалуантүрлілік, баламалы энергия көздері, су ресурстарын үнемдеу, қалдықтарды өңдеу, ақпараттық – экологиялық шаралар, дұрыс тамақтану және мектеп жылыжайын баптау ісіне ізденіс жасау арқылы жаңашылдық әкелуде. 
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 сәуір 2023 ж. 592 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 47

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031