"Жайлы мектеп" жобасы аясында екі білім ордасы салынады
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қазалы ауданында 2 білім ордасы бой көтереді деп жоспарлануда. Соның бірі Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығынан салынады.
Қазіргі таңда мектеп салынатын орын белгіленді. Оған екі аралықтан орын таңдап алынуы да бекер емес. Себебі алдағы уақытта осы аумақтағы 600 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, 3 мыңнан астам тұрғынға үй салу үшін жер беріледі. Сол уақытта халық бұл аумаққа көптеп шоғырланып, мектеп салуды қажет етеді.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларымен бірге білім ордасы салынатын орынға арнайы барып, бірқатар мәселелерді талқылады.
– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты даярланған нысан уақытылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты мекеме басшылары құрылыс жұмыстары басталғаннан-ақ әлеуметтік нысандарды зерделеп, талқыланып отырған білім ордаларының құрылысын қатаң қадағалауы керек. Осы орайда тиісті бөлім басшылары атқарылатын барлық жұмысты бақылауда ұстасын, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұхтар Әуесұлы мұнан соң қала мен кенттің екі аралығындағы жарықшамдар орнату жұмыстарының барысын көрді.
Айта кетейік, "Жайлы мектеп" пилоттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталған.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат