Білім саласының біліктілері бақ сынасты
Өткен аптада аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен пәндер мен сала бойынша үздік қызметкерлерді, ұстаздарды анықтауға арналған сайыс басталды. Қазірдің өзінде бірнеше пән мұғалімдерінің жұмыстары, әдістемелік құралдары сарапқа салынып, жеңімпаздар анықталып үлгерді. Өз саласы бойынша үздіктерді анықтауға бағытталған алғашқы дода педагог-психологтардың арасында өтті.
Ауданның іріктеу кезеңінде психологтар өзін-өзі таныстыру, элективті курс, түзете-дамыту авторлық бағдарламасымен таныстыру, өз тәжірибесінен тренингтер көрсету, «Мен мамандығыммен мақтанамын» тақырыбында эссе жұмысын жазу кезеңдері бойынша бақ сынасып, педагог-психолог портфолиосы сырттай сараланды. Осылайша сайыс жеңімпаздары анықталды.
Әділ-қазылар шешіміне сәйкес, бірінші орынды Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектеп педагог-психологі Баян Ермаханова иеленіп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Бұдан бөлек, №165 орта мектептің педагог-психологі Гүлнар Жаңабергенова екінші, №96 орта мектептің педагог-психологы Іңкәр Әлімжанова үшінші орынды иеленді. Ал №100 орта мектептің педагог-психологі Айнұр Жанәбілова, №204 орта мектептің маманы Айна Жұмахметова және №170 орта мектептің педагог-психологі Мырзалиева Қазына алғыс хатпен марапатталды.
Шығармашылықпен жұмыс жасайтын, талантты мұғалімдерді анықтау, оларды қолдау, тәжірибесін тарату, жаңа инновациялық технологияларды пайдалану, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған жарыс математиктер арасында да ұйымдастырылды. Облыстық байқаудың аудандық кезеңі №276 мектеп базасында өтті.
Бірнеше кезеңге бөлінген сайыс барысында есептің ілімін алғандардың «Бір сабақ – бір әлем» тақырыбындағы ашық сабақ өткізу ісі сынға түсті. Пән мұғалімдерінің 45 минуттық сабағы бейнеролик арқылы сырттай бағаланды.
«Мұғалімнің шығармашылық шеберханасы» кезеңінде мұғалімдер педагогикалық тәжірибесінде жасаған авторлық бағдарламасын, оқу-әдістемелік көмекші құралын, таратуға лайықты педагогикалық идеясын немесе математика пәнінен олимпиадаға, ҰБТ-ға дайындаудан тиімді лайфхактарымен бөлісті. Ал «Білімді мыңды жығар...» кезеңінде ұстаздардың интеллектісі, кәсіби сауаттылығы, ойлау қабілетінің шапшаңдығы таразыға тартылды.
Қазылар алқасының шешімімен кіл мықтылар арасынан №276 мектептің мұғалімі Құдайберген Төлепберген бірінші орын алды. №16 мектеп-лицей мұғалімі Ғалия Халтова екінші орынға тұрақтап, №25 мектеп мұғалімі Салтанат Дәрібаева, №170 мектеп мұғалімі Гүлжанат Наурызалиева және №226 мектеп-гимназия ұстазы Камшат Оңдашова үшінші орынды өзара бөліске салды. Бұдан бөлек, №100 мектеп мұғалімі Айфара Жалелова және №249 мектеп-лицей мұғалімі Ақгүл Асаубаеваға білім бөлімінің Алғыс хаты табысталды.
Бұдан кейін №170 мектепте мектеп оқушыларын кітап оқуға үйрету, білім нәрімен сусындатуда аянбай еңбек етіп жүрген кітапханашылардың үздіктері анықталды. Сайыс шартына сәйкес, қатысушылар «Тест», «Кітапханашы таныстырылымы», «Жаңа ой, жаңа қадам, жаңа талап», «Ізденуден талмаған», «Кітапханашы феномені» үздік таныстырылым, шығармашылық ізденіс, авторлық жоба бойынша бақ сынасты.
Бабы мен бағы қатар шапқан №170 мектептің қызметкері Махаббат Дүйсенова жеңіс тұғырынан көрінді. №25 мектеп кітапханашысы Дана Аблаева екінші орынға, №234 мектептің маманы Жәния Жеткербай қола медальға қанағат тұтты.
Сайыста белсенділігімен көзге түскен №92 мектеп кітапханашысы Аймира Бекбаева, №17 мектептің атынан қатысқан Аяжан Есенжолова, №190 мектептен Гүлнұр Алиева, №204 мектеп кітапханашысы Айзада Мырзалы және №276 мектептің қызметкері Латифа Абдраманова алғыс хатпен марапатталды.
Мектептің мықты, білікті шәкірт шығаруы мекеме директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарларының жұмысына тікелей байланысты. Өз саласының майталманына айналып үлгерген орынбасарлардың оқыту әдісін дұрыс таңдауы, пән мұғалімдеріне талап қоюы додаларда талай шәкіртті жетістікке жеткізген. Ал олардың есімін елге таныту үшін дүбірлі сайыс ұйымдастыру міндет.
Өткен аптадағы үздіктерді анықтау сайысын оқу орынбасарлары арасындағы тартық қорытындылады. Талапкерлер бірінші кезеңде «Менің жетістігім – мектебімнің мерейі» тақырыбында таныстырылымын ТЕD форматында бейнеролик арқылы қорғады. Бұдан кейін эссе жазу, оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың портфолиосын бағалау, білім сапасын арттыруға бағытталған жобаларын, сабақ талдау тәжірибесінің жаңа үлгісін ұсыну бойынша ұпай жинады.
Байқау нәтижесі бойынша С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Набат Берекетова үздік деп танылды. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп- лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Дөңесова және Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгерім Теңгебаеваның жұмыстары деңгейлес деп бағаланып, екінші орынды бөліп берді. Сондай-ақ, Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Қалыбекова үздік үштікті қорытындылады. Ал №92 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Еңсепбаева алғыс хатпен марапатталды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ