Электрлі самокаттарды қолдану ережелері қандай?
Ішкі істер министрлігі елдегі электрлі самокаттарын қолдану ережелерін атады, деп хабарлайды baq.kz
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Айтуынша, ел аумағында электрлі самокаттарды қолданатын балалардың ғана емес, ересектердің де саны күрт өскен.
Мұндай қозғалыс құралдарын қолданушылардың барлығы жол қозғалысының қатысушыларына жатады. Электрлі самокат – жеке мобильділікке тиесілі көлік құралы. Оның ең көп жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Ол алдыңғы, бүйірлік және артқы жарық шағылыстырғышпен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ электрлі самокаттарда алдыңғы фара мен артқы шамның болуы да маңызды. Жақын маңдағы адамдарға ескерту жасау үшін дыбыстық құрылғы орнатылуы шарт, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сондай-ақ министрлік электрлі самокаттарды пайдалану кезінде не нәрсеге тыйым салынатынына тоқталды.
Электрлі самокаттарды тебу кезінде ұялы телефонды немесе өзге гаджеттерді қолдануға тыйым салынады. Рульді екі қолмен ұстап, тоқтаған кезде жылдамдықты бәсеңдету және абай болу керек. Тар жерде және кедергілер көп жерде, адамдар көп шоғырланған орындарда және көлік қозғалысы көп жерде электрлі самокатты қолданбаған жөн. Электрлі самокатпен қозғалыс кезінде шлем, сондай-ақ қол, тізе, бас пен шынтақты қорғайтын құралдарды таққан дұрыс. Жүк пен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Жолдағы қозғалыс ережелерін сақтап, жаяу жүргіншіге немесе велосипед теуіп келе жатқан адамға өзінің жақындап қалғаны туралы сигнал беру қажет, - деп түсіндірді Шұғыла Тұрлыбек.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордалық такси жүргізушісі есірткі қылмысының ашылуына көмектесті.