Елімізде жер учаскесін рәсімдеу жеңілдетіледі
Елімізде жер учаскесіне құқықтарды рәсімдеу жеңілдетіледі, деп хабарлайды baq.kz.
Сенат жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсембинов заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды.
Заң жобасының мақсаты - жер қатынастары саласындағы заңнаманы, аталған салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетуді цифрландыру және электрондық форматқа көшіру арқылы жылжымайтын мүлікке және қала құрылысына құқықты тіркеуді жетілдіру.
Заң жобасын қабылдау нәтижесінде жер учаскесіне құқықтарды рәсімдеу жеңілдетіледі. Қызметтерді электронды форматқа көшіру арқылы автоматтандыру, жерге орналастыру жобасы, жер учаскесіне сәйкестендіру сияқты бірқатар құжатты алып тастау, жер комиссиясының жұмысына өзгерістер енгізу арқылы келісімдер санын азайту, әртүрлі инстанциялар бойынша құжаттарға онлайн мониторинг жүргізу, құжаттарды қарау және келісу ұзақтығы 1 жылдан 30 күнге дейін қысқару қарастырылып отыр, - деді сенатор.
Сөзінше, заң жобасына бұрын болмаған ұғымдарды енгізу жоспарланып отыр. Мысалы, жария кадастр картасы, рәсімделген жер учаскелерін және оларды жылжымайтын мүлік объектілерін визуализациялау, сондай-ақ бос жер учаскелерін көрсету құралы. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты, жер учаскесі бойынша мәліметтерді және жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық сипаттамаларын қамтитын жылжымайтын мүлік объектісіне сәйкестендіру құжаты. Ол өтініш берушінің жеке кабинетіне электронды форматта түседі.
Ол сенаторлар заң жобасын қараған кезінде бірнеше өзгерту мен толықтыру енгізу керегі туындағанын атап өтті.
Заң жобасының атауына өзгеріс енгізілді. Жаңа және кейбір ұғымдардың атауларына өзгерістер және одан басқа да өзгерістер енгізілді, - деп толықтырды Сұлтан Дүйсембинов Сенатта.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті таныстырған заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды Сенат екінші оқылымда қабылданды.