Кенттегі келелі кеш
Қытымыр қыстың ызғары қайтып, табалдырықтан жаймашуақ, көркем мінез көктем кіргелі ауданда ауқымды шаралар легі жалғасуда. Мұның ішінде Нұрлыбек Байқараұлы басшылық еткен кенттік мәдениет үйі өнерпаздарының да мереке қарсаңында тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлар керемет кештері де бар.
Кенттік мәдениет үйі өнерпаздарының мереке қарсаңында алғаш қолға алған шарасы 7-наурыз күні «Атамұра» ардагерлер халық ансамблінің 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырған. Шара аясында ансамбль мүшелері жиналған жұрттың жаны мен тәнін әсем әнмен тербеді.
Онан соң шуақты көктемнің әсем мерекесіне орай өткен кезекті кеш жалғасын тауып, кенттік мәдениет үйінде Әйтеке би кенті әкімі апппаратындағы ер азаматтар қауымы әйел азаматшаларға сый-құрмет көрсетті. Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Жақсыбайұлы нәзікжандыларға ыстық ықыласын білдіріп, барша аналарды мерекесімен құттықтады. Содан соң мәдениет үйінің қызметкерлері Әлібек Айдар, Бауыржан Ізмағанбетов, Рақымжан Мақсатбаев, Альбина Сембай, Еділ Нағыметов, Кеңес Ердәулетов сынды өнерпаздар ән шашуларын арнады.
Кенттегі кезекті шара көп ұзамай «Қазалы соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігі» мен «Қазалы ауданының мүгедектер қоғамы» өткізген «Өмірдің гүлі, өмірдің жыры – Аналар» атты іс-шараға ұласты.
Кеш барысында қоғам мүшелері әсем ән тарту еткен өнерпаздарға жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ шара соңында қоғамдық бірлестік мүшелеріне «КазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен сый-құрмет көрсетілді.
Көп ұзамай аталмыш орын кенттегі ерекше балаларға арнап концерт қойды. Нақтырақ айтсақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің ұйымдастыруымен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын ерекше жағдайдағы қыздар арасында мерекеге орай «Өмірдің гүлі, өмірдің жыры – Аналар» атты іс шара өткізілді.
Кеш аясында қатысушылар және олардың ата-аналарын аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы С.Бабанаев құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Іс-шараның мақсаты – анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру мен құрметтеу, сыйлау мен балалардың бойындағы жеке қабілеттерін дамыту, адамгершілікке пен ізгілікке және достықты қастерлей білуге тәрбиелеу болды.
Ерекше балалармен бірге ата-аналарда, әлеуметтік қызметкерлер би билеп, ән салып, өз өнерлерін ортаға салды. Бүлдіршіндердің өнерін көзбен көріп, өмірге деген құштарлығына барша жұрт тәнті болды.
Мұнан соң мереке қарсаңында, 8 наурыз күні Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің өнерпаздары және мәдениет Үйі жанындағы ВИА «5 Аймақ» тобы мерекелік ән шашуларын кәсіпорын алдында жанды дауыста шырқады. Базар маңындағы халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау, мерекенің сәнін келтіру мақсатында ұйымдастырылған еркін форматтағы кешке барша тұрғындар дән риза болды. Шара соңында көрермен болған халыққа гүл шоқтары тарту етіліп, елге деген тілегі тыңдалды.
Міне, осылайша көктемнің алғашқы күнінен бастау алған мерекелік кеш кешегі күнге дейін ізін үзбей, кенттіктерге керемет көңіл күй сыйлап келді.
Серік АҚМЫРЗА