Ана сұлу көрінер қызыменен
«Балапан» балабақшасында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ана сұлу көрінер қызыменен» атты тәрбиешілер арасында аудандық байқау өтті. Шара «Балапан» балабақшасының тәрбиеленушілері сахналаған «Балапан қаз» театрының қойылымымен ашылды.
Мерекелік шарада алғашқы болып «Қазақ тілі» Қазалы ауданы бойынша қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрбибі Әшір сөз алды. Ол жиналғандарды айтулы күнмен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа «Айгөлек» балабақшасынан тәрбиеші Айда Оразбай мен тәрбиеленуші Аяла Нұрбекқызы, «Шұғыла» балабақшасынан Рыскүл Төлегенова мен Жанерке Ғабидолла, «Балдырған» балабақшасынан Айгүл Душанова мен Альфия Маралбек, «Балапан» балабақшасынан Гүлшат Сейітова мен Альмира Нұрмағанбетова, «Алпамыс» балабақшасынан Айсәуле Нұртай мен Әмина Қамысбай және «Ақбота» балабақшасынан Күлзада Елеева мен Мүслима Батырхан қатысты.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алдымен талапкерлер өздерін таныстырды. «Өнерлі өрге жүзер» атты екінші кезеңде анасы қызымен бірге болмаса жеке дара өз шеберлігін көрсетті. Ал «Шебер қолдар» сайысында жеміс-жидектерден композиция құрастыру, іс тігу, ою-өрнек, құрақ құрау міндеттелді. Соңғы шарт бойынша тәрбиеге байланысты мақал-мәтел, жұмбақ шешіп, ситуациялық сұрақтарға жауап берді.Сайысқа түсушілердің білімі мен өнерін әділқазылар Нұрбибі Әшір, «Өрімтал» балабақшасының меңгерушісі Рабиға Қарымсақова және «Аида ЖШС» балабақшасының меңгерушісі Әлия Мәшенбаева бағалады.
Шара кезінде «Балапан» балабақшасының тәрбиеленушілері «Ана туралы жыр», «Ақ мамам» әнін орындап, «Асатаяқ» биін биледі.
Бұдан соң «Өз анаңды тап» ойыны ойналды. Бұнда аналарды тізбектеп қойып көзі байланған балалар өз аналарының бетін, қолын сипау арқылы табу керек болды. Ойын аяқталған соң балалар аналарға, қыздарға гүл сыйлап, керемет кештің көркін одан әрі кіргізді. Жарысқа қатысушы тәрбиешілер мен қыздары «Аяулы ана» әнін бірге орындады.
– Байқау жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, «Шұғыла» балабақшасының «Ең қымбат нәрсе» атты ана мен қызының арасындағы қойылымы, киімдері, «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының әшекей бұйымдары, бейнеролигі, ән шырқауы керемет болды. Ал «Балапан» бөбекжай-балабақшасының «Арманбек» сауда орталығында түсірілген бейнеролигі, «Жетімек» монологы, өзін-өзі таныстыруы, көріністері, жеміс-жидек композициясы бәрі де көрерменнің көңілінен шықты. «Ақбота» балабақшасының қатысушылары анасы мен қызының қолдан жасаған шоқ гүлдері, «Алпамыс» балабақшасының анасы мен қызының ән шырқауы, тұс киізі, бейнеролигі, ситуациялық сұрақтардан тиімді жол тауып шығуы өзгелерден ерешелеп тұрды. «Айгөлек» балабақшасының қатысушылары өз қолдарымен дайындаған тұмарлары, ою -өрнектері өте керемет болып шықты, – дейді әділқазылар алқасының төрайымы Нұрбибі Әшір.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Балапан» бөбекжай-балабақшасының қатысушылары Гүлшат Сейітова мен қызы Альмира Қуанышбекқызы жеңіп алды. Бірінші орын «Балдырған» балабақшасының қатысушылары Айгүл Душанова мен қызы Альфия, Маралбекке және «Алпамыс» балабақшасынан келген Айсәуле Нұртай мен Әмина Қамысбайға бұйырды.
«Шұғыла» балабақшасының қатысушылары Рыскүл Төлегенова мен қызы Жанерке Ғабидолла және «Ақбота» балабақшасының қатысушылары Күлзада Елеева мен қызы Мүслима Батырхан екінші орын иеленді. Үшінші орын «Айгөлек» балабақшасының қатысушылары Айда Оразбай мен қызы Аяла Нұрбекқызы ға бұйырды.
Жеңімпаздарға «Алғыс» хаттар, бағалы сыйлықтар, ал бүлдіршіндерге дипломдар беріліп, сый-құрмет көрсетілді.
Ұ. ЕРБОЛҚЫЗЫ