Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қателікке өмірдің соңғы межесі ретінде қарауға болмайды»: психолог тұлғалық даму жайлы

«Қателікке өмірдің соңғы межесі ретінде қарауға болмайды»: психолог тұлғалық даму жайлы

Қазіргі таңда «толық адам» феномені аса маңызды рөл ойнайды. Себебі технологиясы дамыған, бәсекелестік көбейген заманда ішкі тұрақтылықты сақтап қалу оңай емес. Оның үстіне ақпарат ағынының көптігі өмір сүруді жылдамдатып, адамның күйзеліске, тоқырауға тап болуына әсер етеді. Ал осындай кезеңдерді қалай еңсеру керек? Депрессияға түспеудің жолдары қандай? Тұлғалық дамуды тоқтатпауға мотивация қайдан келеді? Azattyq Ruhy тілшісі психолог, коуч Сымбат Әбдірахманнан сұхбатында осы мәселелерге тоқталып өтті.
Маманның айтуынша, адам үшін үнемі даму үстінде болу – өте маңызды. Себебі адам ішін толтырып, бір орында тұра беретін қап емес. Осы жерде еске салатыны, Абай атамыз «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген өлеңінде де білімсіздікті сынайды. Демек, рухани, адами даму ғасырдан ғасырға өзектілігін жоғалтпай келе жатқан дәстүр.
«Дамуға жұмсалмаған энергия деградацияға ұшырайды. Адамның күйде үнемі жүремін дейтін тұрақты күйі болмайды. Сондықтан адам тоқырағысы келмесе, дамуы керек. Себебі әлем де, табиғат та өзгеріске ұшырайды. Табиғаттың циклденіп өзгеруі де қалыпты процесс. Балалардың өсіп, жетілуі де сондай үрдіс деп атауға болады. Себебі олар алдымен еңбектеп, артынан жүруді үйренеді. Кейін аяғында нық тұрып, оң-солын тани бастайды. Мектеп пен университет бітірген соң адамның дамуы тоқтайды деп айтуға болмайды. Адам баласы өмір бақи дамиды, оқиды», - дейді психолог.
Сымбат Әбдірахман әңгіме арасында өзінің өмірлік тәжірибесі туралы ой бөлісті. Маман психология саласына аяқ баспас бұрын бірнеше саланы бағындырып, бірқатар қызметте жетістікке жеткен. Алдымен журналистика мамандығынан басталған кәсіби карьерасы құрылыс саласы компаниясында басшылық етуге дейін ұласқан. Кейін өзін іздеудің нәтижесінде психологияға бет бұрған. Осылайша, қазір адамдардың жанын емдеуге септігін тигізіп жүрген маманға айналған. Ол өзінің атасы айтып отыратын тәмсілді есіне алды.
«Адам шәкірт,
Өмір ұстаз,
Жалғыз ғалым – бір Алла,
Көрген білген, қашан да аз,
Адам, білім көп жина», - деп атам марқұм айтып отыратын еді. Шынымен де, көрген, білген шынымен де қашан да аз. Біз ешқашан мынау маған жеткілікті деп айта алмаймыз. Сондықтан үнемі тұрақты даму, оқу, білім алу жас әрі сұраныста болуға әсер етеді. Қазір жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Біз қазір өте жылдам өзгеретін турбуленттік кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Тұрақты даму табиғатта бәсекеге қабілеттілікті сақтай отырып, өмір мен табиғат арасындағы балансты сақтау үшін ауадай қажет», - дейді Сымбат Әбдірахман.
Оның айтуынша, адам – тірі жан. Сондықтан ол өзіне механизм ретінде қарамауы керек.
«Тас та тозады. Адамның да қажыр-қайраты шектеулі. Сол үшін де күйзеліс пен шаршаңқылық болса, ресурсты қалпына келтірген жөн. Мысалы, көліктің жанармайы таусылғанда, оны толтырамыз ғой. Сол сияқты адам да мұңайып, шаршайды. Ішкі күйі тұрақты болмаса, демалыс сыйлап, ішкі күйді тыңдаған абзал. Жалпы депрессия неден пайда болады? Ол – адамның қиын кезеңде өзін тыңдамағандықтың нәтижесі. Адамдар бұл күйімді жеңемін деп уақытты созып, оны ақыр соңы депрессияға айналдырып алады», - дейді ол.
Маман кейде түкке зауқың келмей, еріншектік еңседен басқа кезде де адам ішкі дауысына назар аударған жөн екенін айтады.
«Еріншектік 1-2 күннен кейін тарауы мүмкін. Ал еріншектікті тұншықтырып, оның сезілуіне мұрша бермесең, кейін ұзақ уақыт бойы ештеңе істегің келмей қалатыны да рас. Бұл жерде өзіңе әртүрлі сезімдерді сезінуге рұқсат беру – аса маңызды. Себебі негативті сезім болмайды. Мысалы, ашу-ыза, мұң сынды сезім жай ғана өмірдің кейбір жағдайларында болатын сезімдер палитрасы. Бұл – қалыпты жағдай. Адам оны түсінуі керек. Кейде адам «ауруымен» бетпе-бет кездескісі келмей, қашқақтайды. Шын мәнінде, ондай сезімге тіке қарап қана ол сезімді аяқтайды немесе одан шығады. Олардан қашып жүру – мәселеден шығу емес», - дейді Сымбат.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекет жастардың дамуына шектеу, кедергі келтірмейді. Қай қырынан дамимын десе де, адамның өз еркі. Әрине оның барлығы заң аясында болуы керек.
Психолог өзін-өзі дамытуға күш-жігер қайдан келетінін түсіндіріп берді.
«Мен үшін мотивация – өмірдің өзі. Мен өмірді сүйемін. Табиғатым бойынша эстетпін, айналамның барлығы әдемі болғанын көздеймін. Менің сұлбам, киімім, үйім, қоршаған ортам сұлу болғанын қалаймын. Осындай сұлулыққа, әсемдікке, жайлы өмірге ұмтылу адамға ерік-жігер, күш сыйлайды. Кейбір адам мотивация жетпейді деп жатады ғой, шын мәнінде, оларға ішкі жігер, қалаудың аздығы әсер етеді. Сапалы өнім тұтынып, сапалы адамдармен араласқым келеді. Бұл таза мотивация бола алады», - дейді ол.
Маман өз сөзінде қозғап өткендей, үнемі білім алу да адамды өз қалпында, баланста болуына әсер етеді.
«Себебі оқуды тоқтатқан күні сен тоқырайсың, бәсекеге қабілетсіз боласың. Спорт тәніңнің саулығы, оның сапалы болуына әсер етеді. Сондықтан адамның формасы ішкі жан-дүниесіне әсер етеді. «Жетістікке жету – ол қателіктен қателікке сенімді жоғалтпай жету» деген дәйексөз бар. Сондықтан сенімді ешқашан жоғалтпаған абзал. Қателіктерге өмірдің соңы, соңғы нүкте ретінде қарамау керек. Өмірдегі әрбір қиындық пен қателік бізді инфантилизмнен ажыратып, психологиялық тұрғыда ересек болуымызға көмекетеседі. Ақша да ересек адамдарға келеді. Егер адам өмірінде болып жатқан барлық жағдай мен таңдауы үшін жауапкершілікті тек өзі алса, белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Қателіктер мен қиындықтар біздің шалыс басқанымызды, бір жағдайда жауапкершілік алмағанымызды, бірдеңеге бала сияқты үміттенгенімізді көрсетеді. Сондықтан қателіктен қорықпай, алға қарай ұмтыла беру керек», - деді ол.
Сымбат Әбдірахманның айтуынша, біздің қазіргі өмір сүріп жатқан заманамызда қолайлы жағдай жасалған.
«Мысалы, өткен ғасырдың кеңес заманында ата-анамыз бір мамандықты игеріп, өмір бойы сол бойынша еңбек етті. Қазіргі таңда 5 мамандықты да меңгеріп алуға болады. Сондықтан бірінші қадамнан кейін бетің қайтпай, ештеңеден қорықпау керек. Айналадағы орта, адамдарды да реттеп отыру керек. Себебі олар да сенің өміріңнің сапасына әсер етеді. Психологиялық саулық та аса маңызды. Біреудің жолы болып, екіншісінде болмаса, демек сенің ойлауың, бағытың басқаша болып жатыр деген сөз. Осы төңірегінде жұмыс істеу керек. Адами өсімге әсер ететін тұлғаларды, ұстаздарды іздеу керек. Өмірге ашық болу керек. Тәжірибеңмен бөлісуге, біреудің тәжірибесінен сабақ алуға машықтану керек. Сол кезде өзінің сапалы тұлға болып қалыптасуына септігі тиеді», - дейді психолог.
02 наурыз 2023 ж. 238 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031