Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық аспапты ұлықтаған

Ұлттық аспапты ұлықтаған

Бүгінде баланы заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келетін ата-аналар саны артып келеді. Бірі биге баулыса, енді бірі әншілік қырын ашуға талпынады. Күнделікті сабақтан тыс өнер мектептеріне балаларын беріп, бойындағы талантын шыңдай түсуге талпынады. Арнайы орындардан бөлек орта білім беретін мектеп жанынан түрлі үйірмелер ашып, шәкірттермен шығармашылық байланыс жасау жүрген ұстаздар да аз еме. Солардың бірі – Ләззат Жүсіпова.
Музыка пәнінің мұғалімі Ләззат Жеткербайқызы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте жұмыс істейді. Ол өзінің сабағынан бөлек оқушыларға домбыра үйретуді қолға алған. Үйірменің ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда қазақтың қара домбырасында ойнауды меңгерсем деген оқушылардың өте көп екендігін айтады. Қазіргі уақытта отыз оқушы үйірмеге келеді.
– Өзім домбыра, баян аспаптарында ойнаймын. Үйірме ашып, дарынды балаларды дамытсам деген ойым болатын. Мектеп директоры Эльмира Сматуллаева: «Ләззат, үйірме жұмысын жүргіз. Білгеніңмен бөлісіп, шәкірт тәрбиеле. Бұл сенің қолыңнан келеді. Көптеген талантты балаларымыз бар», – деп қанаттандырды. Міне осылай жұмысымызды бастап кеттік.
Домбыраға қызығушылық танытатын шәкірттер саны күннен күнге көбеюде. Олардың талпынысы қуантады. Үнемі үйірмеден қалмай, үйренсем деп тұратын шәкірттерден үлкен үміт күтеміз, – дейді Ләззат Жүсіпова.
Бұнда ең алдымен балаларға аспаптың құрылымы таныстырылады. Содан кейін орындаушының отыру мәдениеті көрсетіледі. Қолына домбырасын ұстаған оқушылар қағысты үйренеді. Міне, осылайша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіледі.
– Ләззат нағыз өнер адамы. Әуелете ән салғанда әдемі дауысы тамсандырады. Аспаптарда да керемет ойнайды. Бірнеше ән байқуаларының жеңімпазы. Шәкірт тәрбиелеп те жүр. Біздің басты мақсатымыз – шәкірттерімізге кішкентайынан ұлттық аспаптың қадір-қасиетін таныстырып, ұлттық өнерімізді насихаттау. Жуырда ғана басталғандықтан айтарлықтай нәтижеге жеттік деуге әлі ерте. Дегенмен балалардың бойындағы талпынысы мен құштарлығы ерекше. Алдағы уақытта тағы да берер тәлімі мол, тәрбиесі зор үйірмелер ашсақ деген ниеттеміз, – дейді мектеп басшысы Э.Сматуллаева.
Мектепте үйірме ашылады деген күннен бастап дайындыққа кіріскен шәкірттердің бірі – Қуандық Дайрабай. Ол домбыра тартуды бұрыннан үйренгісі келіп жүргенін жасырмады. 5-сынып оқушысы білімді болумен қатар өнерді игеруді мақсат тұтқан.
– Нағашы атам домбырасын беріп, талабыма сәттілік тіледі. Үйірмеге үзбей қатысып жүрмін. Үйде әкем домбыра шертетіні бар. Жалпы бұл аспапқа деген қызығушылығым бала кезден қалыптасқан. Ләззат апайға алғысым шексіз. Ұғынықты әрі жеңіл түсіндіреді, – дейді Қуандық Қуанышұлы.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 ақпан 2023 ж. 563 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 48

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 96

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 103

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 73

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 104

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031