Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзекті мәселе, өткір шешім

Өзекті мәселе, өткір шешім

Дүйсенбі күні басталған аудан әкімінің 2023 жылдың I тоқсанындағы аудан халқына есеп беру жиыны сәрсенбіде Сарыкөл, Ақтан батыр және Арықбалық ауылдық округінде жалғасын ­тапты.
Әуелгі аялдама Абай ауылы болды. Мұнда әдеттегідей аудан басшысы М.Әуесұлы ауыл жұртын бірқатар атқарылған жұмыстар мен жеңісті һәм жемісті жыл жайында айтып, таныстырып шықты.
Сондай-ақ өткен кездесуде ауылға газ желісін жүргізу, ауылдың электр желісін жаңарту мен қос көшеге жарық шамын орнату сынды тұрғындардың ұсыныс-пікірлерінің нәтижесіне де тоқталды. Аталған мәселелер бойынша бюджеттен белгілі соманың сұралғаны жайлы айта кетті.

Тұрғындар тілегі орындалмақ
Сөз кезегі тұрғындарға берілгенде Һәкімнің есімін ғана емес ойшылдығы мен даналығына да мұрагерлік еткен ағайын өзекті, түйткілді мәселелерді дөп басып, турасын айтты. Нақтырақ айтсақ, ауыл ақсақалдарының өтініші ауылға газ жүргізу мен осы мекендегі үздіксіз жұмыс жасап тұрған үш бұлақтың бітелуі себебінен ірі қараны суару қиынға соғып тұрғаны жайында сөз қозғалды. Бұлақ құбырының бітелуінен малбіткенді жаздыкүні өзенге суаруға апаратын көрінеді. Алайда өзенге жақындаған сиырлардың көбі суға түсіп, шыға алмай қалған күндер де аз болмаған. Осындай олқылықтар қайта орын алмас үшін ауыл тұрғындары төрт түлікті ауыз сумен суарады екен.
Ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жайына байланысты аудан әкімі есебінде тоқталғандай, биыл аталған ауылды газдандыруға жоба-сметалық құжаттарына қаржы бөлінген. Яғни, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көрер күн алыс емес.
Ал ірі қараны суару мәселесі бойынша тиісті орындарға мән-жайды жеткізіп, алдағы уақытта скважина қаздыру жоспарда.

Қалқымалы көпірден қауіп көп
Ауылға барар жолдағы қалқымалы көпірдің қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Ауыл ақсақалының айтуынша, екі аралықты жалғап тұрған жалғыз қалқымалы көпірді қысқы-көктемгі мұз бен су ағыны әсерінен бір орында тұрмайды. Өткелден көлікпен ғана емес жаяу өткіншілердің суға құлап түсу қаупі бар. Оның үстіне қыстыгүні сіресе қатқан мұзды-өзеннен тұрғындар үрейленіп өтетін көрінеді.
Көтерілген мәселе мен айтылған ұсыныстарды ескерусіз қалдырмай, қаперге алынатынын айтқан аудан әкімінің тұщымды жауабынан қанаттанған халықтың көкейіне қуаныш ұялады.
Содан соң есеп беруші топ ақша бұлтты Ақтан батыр мен Сыр бойылық ағайындарды Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінде қолбасшылық еткен Жанқожа бабаның есімі берілген қос ауылға бет алды. Елдімекенде есеппен танысқан әрбір ауыл тұрғындары көкейдегісін айту мүмкіндігін тиімді пайдаланды.

Шешімін табар шаруа көп
Көларық ауылдық округінде өткен кездесуге ауыл халқы түгел қатысып, тұрғындары озық ауылдар сапынан көріну үшін һәм осындағы жұртқа әлде де қолайлы орта қалыптастыру мақсатында өткір әрі өзекті мәселелерді қымсынбастан айтты. Нақтырақ айтсақ, ауылдық клубқа жиналған жұрт ауылға жаңа балабақша мен спорт кешенін салу, жол жөндеу және бұлақ көздерін ашу сияқты өзекті мәселелер көтерді.
Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы жоғарыда айтылған ұсыныстар назарға алынып, кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтып өтті.

«Жайлы мектеп» – жаңа мүмкіндік
Арықбалықтықтардың көптен көтеріп жүрген күрмеулі мәселесінің бірі – ауылдағы апаттық жағдайдағы білім ошағы еді. Бұл жайында Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Ақан Төлешов кешелі-бүгінді округтегі №94 мектептің жай-күйін айтып, дер кезінде дабыл қаққан.
Ауыл тұрғынының айтуынша, мектептің жертөлесіндегі қаланған кірпіштер мүжілген. Егер дер шағында қадағалауға алынбаса, балалар мен ұстаздар өміріне қауіп туындауы ықтимал екенін айтқан.
Қуанышқа орай «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерер құрылыстың тізіміне аталған ауылға 300 орындық білім ошағы да кірістірілмек. Яғни, алдағы уақытта ауылда жаңа білім ошағы бой көтеретін болады.
«Жайлы мектепке» таңертең кірген бала кеш қарайғанға дейін түрлі бағытта өзін жетілдіруге жақсы мүмкіндік алады. Дәлірек айтсақ, барлық пән жан-жақты, тереңінен, ерекше тәсілде оқытылатын болады.

«Ащыкөл» ашындырып тұр
Жанқожа батыр ауылындағы екінші өзекті мәселе – ауыл тұсында орналасқан «Ащыкөлден» нәпақасын тауып жүрген ағайынның қолын байлап отырған меншік иесінің шектеулері болып отыр. Нақтырақ айтсақ, көлдің байлығына баланған балығын аулатпайды, қамысын шамптырмайтын көрінеді.
Бұл сауалға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы қажетті құжаттарды дайындап, мәселенің мән-жайын анықтап, тұрғындар пайдасына шешуге жұмыс жасалатынын жеткізді.
Одан бөлек, ауыл маңындағы қорым басына қоқыс төгіп қорлағандар мен қаңғыбас иттер көрсеткен кесел және мал біткеннің көршілес үй аулаларын ластауы сынды арыз-шағым, ұсыныс-пікірлер айтылды. Жоғарыда аталған шағымдар бойынша ауданның полиция бөлімі тиісті тапсырмаларын алды.

Түйіні тарқатылатын түйткіл көп
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың бейсенбі күнгі ауыл тұрғындарына есебі Бекарыстан би, Ақжона және Алға ауылдарында жалғасты. Ең әуелі би атындағы ауылға аялдаған аудан басшысы ел ішінде атқарылған, өткен жылы көтеріліп, шешімін тапқан жұмыстарға тоқталды.
Ауданнан 44 шақырым қашықтықта жатқан ауылда былтыр тұрғындар тарапынан ауылға газ желісін жүргізу бойынша ұсыныс беру көтерілді. Сөйтсек, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Y.Түктібаев ауылдарына магистральді газ құбыры құрылысының ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған екен. Жоба құны – 3,8 миллиард теңгені құрайды. Яғни, алдағы уақытта ауыл халқы пеш астынан күл алатын күйбең тірліктен арылады.
Бекарыстан би ауылының жастары белсенді. Оның ішінде спортқа жақын. Сондықтан ауыл жұртына спорт кешені қажет-ақ. Олай дейтінім, осы ауылдың аяқдопшылары қазір аудандық әуесқойлар футбол лигасында өнер көрсетіп жатыр. Өткен жылдың күміс жүлдегерлері үшін маңыздысы осы – спортзал. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсынысқа селсоқ қарамайтын аудан басшысы мұның да түйінін тарқатқан.
Нәтижесінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы спорт кешенінің құрылыс жобасы әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылған. 429,5 миллион теңге тұратын жоба ендігі рұқсатын күтіп тұрса керек. Мұны естіген ауыл аяқдопшылары енді спортпен шұғылдану үшін алыс-жақын ауылдарға сандалмайтынына қуанды.
Былтыр ауыл тұрғыны Төребай Қожақов М.Ізмағамбетов көшесінің асфальтталмаған бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныс тастаған. Сәтін салып аталған көшенің 0.830 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге құны 60 миллион теңге болатын бюджеттік өтінім әзірленген. Демек, алдағы күні көше бойындағы тұрғындар үшін қиындық қашықтайды. Сол секілді «Еңбекарық» бойындағы «Сәдір» шлюзін бекіту де айтылды. Аудан әкімінің айтуынша, аталған каналдың бойындағы шлюз төменгі жақтан бекітілген.
Келер күннен не күтеміз?
Жиында Бекарыстан би ауылының жұрты айтқан ұсыныс аз емес. Соның ішінде маңыздысы Ү.Түктібаев атындағы №24 мектептің жайы. Жағдайды жеткізген Дауылбай Қапаровтың айтуынша, білім ошағы 1976 жылы пайдалануға берілген.
– Қазір 500-ден асатын оқушы білім алады. Қиындығы сол, әуелден құрылысы дұрыс қаланбаған мектептің оң жақ шатырына қар еріп, жаңбыр жауғанда су жиналады. Сосын сыныптың ішіне тамады. Ол ол ма, іргетасы қаланғанына 50 жылға жақындаған мектептің қаланған кей кірпіштері езіліп, бетондары құлай ма деген қауіп бар. Оған арнайы тіреуіш жасап қойған. Сол секілді спортзал бетіне және мұражай жағына жырық түскен. Демек, қай күні құлайтынын күтпей, дереу апаттық жағдайға жіберу керек, – дейді ауыл азаматы.
Қойылған сауалға байланысты аудан әкімі білім ошағына тексеру жүретінін айтты. Сосын соған сай шешім шығатын болады. Не күрделі жөндеуге, не апаттық жағдайдағы ғимарат есебіне кіреді. Солай болған күннің өзінде әрі қарайғы жұмыс қолға алынып, жаңасын салуға ұсыныс беріледі екен.
Мұндағы тағы бір мәселе – оқушылардың мектепке қатынауы. Бастауышта 200-ге жуық оқушы бар десек, олардың келіп-кетуіне автобус қажет. Өйткені, 3 көлді жағалай орналасқан ауылдың үлкендігі сонша, білім ошағына жету кейбір отбасы үшін мұң. Тіпті, кешегідей бет қаратпайтын суықта балалардың өзін жібере салу ата-аналар үшін оңай емес. Сондықтан бірге баруға тура келеді. Мұның да реті табылатынын айтқан аудан басшысы аудандық білім бөлімінің басшысына ұсыныс берілетінін айтты. Сосын одан кейінгі жайды баяндап отыратынын жеткізді.
Мұнан соң ауыл тұрғыны Төлеу Смағұл сөз алды. Азаматтың аудандағы көмір беретін кәсіпкерлерге көңілі толмайды екен. Өйткені, бағасы қымбат және қанша мөлшер салып беріп жатқаны белгісіз. «Барсақ «1 тонна салдық» деп қоя береді. Оны қалай өлшеп тұр? Осының барлығын тексеру қажет. Не болмаса есептегіш құрал қою керек», – дейді ауыл тұрғыны. Көтерілген ұсынысқа қатысты аудан әкімі жауап беріп, алдағы уақытта бақылауға алатынын айтты.
Мәдениет үйі мұңға айналды
Тілшілік тіршіліктің келесі аялдамасы – Ақжона ауылдық округі болды. Жуырда ғана әкімі ауысқан ауылдың тұрғындары өткен жылы спорт алаңына орташа жөндеу сұраған. Жағдайды дереу назарға алған жауаптылар бұл үшін 2,5 миллион теңге қараған.
Одан бөлек, округ көшелеріне орташа жөндеу қажет екенін айтқан ағайын мұның да жауабын алды. Аудан басшысының айтуынша, 3,9 шақырым болатын 4 көше 129 миллион теңгені құрайды. Ал ол үшін жоспар жасалынып жатыр екен.
Ақжона жұртына бірінші қажет ғимарат – Мәдениет үйі. Одан соң бақша егетін жер керек және оған аяқсу тартылуын бір жолға қою қажет. Ал келер жылы ауылға 50 жыл болатынын ескерсек, соған сай шаралар атқарылып, балабақша бой көтерсе дейді сондағы ағайын.
Мұнда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастар аз емес. Ол үшін жолдарын таныстырып, елдің аузында жүрген 2,5 проценттік несиені алуға жағдай жасау қажет. Міне, осының барлығы Ақжонадағы тұрғындардың базынасы. Басқосу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қойылған ұсыныстарға жауап беріп, назарда болатынын жеткізді.

Алғадағы ағайын дән риза
Сол күнгі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуінің соңғы аялдамасы Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың есімі берілген ауыл болды. Сол тұста ауданнан 75 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың жайынан хабар алдық.
Жалпы, округте 2000-ға жуық тұрғын күн кешеді. Мұндағылардың басым бөлігі егін мен мал шаруашылығымен айналысады. Міне, осы тұрғындар былтыр балабақша қажет екенін айтқан. Аудан басшысының айтуынша, бұл үшін ұсыныс беріліп, қазір кезекте тұр.
Өткен жылы тағы бір қозғалған мәселе – елді мекен ішілік жолдың жөндеуден өтуі. Мұны да назардан тыс қалдырмаған жауаптылар ауыл ішіндегі айналма жолдың 12 шақырымына республикалық бюджеттен қаржы қарап, орташа жөндеу жұмыстары жүрген.
Ал бүгінгі кездесуде округ тұрғындары су ұңғымасы туралы қозғады. Олар скважинаның қаржысы шешімін тапса дейді. Бұдан бөлек, көгілдір отынның жайынан хабар сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, сәтін салса газ игілігін көретін күн Алға жұртына да жетеді.
Биыл бәрінен бұрын Алға ауылының жастары бөрігін көкке лақтырды. Олай дейтінім, Олжас Ахметов басшылық жасайтын ауылда «Ангар типтегі» спорт кешені пайдалануға беріледі. Құрылысы аяқталған ғимарат ендігі қабылдауын күтіп тұр.
Бұған дейін бұл мәселені ауыл тұрғыны Ғабдулла ­Изатов бірнеше мәрте мінберде көтерген. Енді міне, ұсыныс шешімін тауып отырған жайы бар.
Хош, бұдан кейін Алға округінің балалары дене шынықтыратын жер іздемейді. Барлығын көзбен көрген біз, су жаңа спорт кешеніне құтты болсын айтып, ел атын шығаратын намысты спортшылар шығуына тілек білдірдік те ауданға кері оралдық.

Серік АҚМЫРЗА
Абзал ЖОЛТЕРЕК
10 ақпан 2023 ж. 132 0

Музей – тұнған тарих

18 мамыр 2024 ж. 91

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 141

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031