Көрпеге қарай көсілейік
Қазақтың қонақжай да, дарқан халық екенін елімізге келіп, дәм-тұзы татқан кез келген ұлт өкілі біледі. «Қонақты сөзбен тойдыра алмайсың» дегенді бекер айтпаған бұрынғылар бар сақтағанын қонағының аузына тосып үйренген. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болған ізгі дәстүріміз жайлы ғұлама ақын Қадір Мырза Әлі:«Ол бастан жомарт қазақ топырағы,Ол қашан дастарқансыз тоқырады?
Мейманға нәрін беріп, барын беріп,
Конақтан қалғанын жеп отырады», – деп жырлаған болатын.
Мейманға нәрін беріп, барын беріп,
Конақтан қалғанын жеп отырады», – деп жырлаған болатын.
Қонақ табалдырықтан аттаса, барымызды салып қазан көтеріп, жылы-жұмсағымызды тоңазытқыштың бір бұрышына тығып жататынымыз да сол дәстүрдің ұшқыны деп ойлаймын.
Алайда ата дәстүрдің де халықтың тұрмысы, ел экономикасына байланысты өзгеріп, жаңарып, жаңғырып, отыратынына ешкімнің таласы жоқ. Осындайда мақтаныш дәрежесіндегі ұлттық мінезіміз бой көрсетіп қалатыны бар. Сол әдетімізге салып, қонақтың жай отырмай, сынап отыратындығын білгендіктен оған сый-сияпатын барынша жасап қалуға тырысудың даңғойлыққа қатысы бар деп ойлаймын.
Осындайда Абайдың: «Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан, біреуден озамын деген күншілдікті білдіреді», – дегені ойға оралады. «Анадан асырайын, мынадан кем болмайын» деп қонақ жайлау барысында үлкен ысырапшылдыққа жол беріліп, ауқаттты топтардың іс-әрекетін жасауға тырысып, халықтың әлжуаз таптары да банк жағалап, несие алып, қарызданып-қауғаланып жатады. Әсіресе қайтыс болған жанды жайғару үстінде санаға сыймайтын жаға ұстатар ысыраптың куәсі болып жүрміз.
Қазіргі қазалы жайдағы ас мәзірінің той дастарқанынан еш айырмашылығы жоқ. Оны тек арақ-шарабы жоқтықтан айыратын жағдайға жеттік.
Еліміздің басқа өңірлерінде, тіпті көршілес Арал ауданында да дін өкілдерінің араласуымен дүние салған адамды жерлеу кезіндегі бірқатар рәсімдер дұрыс жолға қойылып, дастарқандағы ас түрі қарапайымдандырылған көрінеді. Тепсе темір үзетін жап-жас кейбір жігіттеріміз қайғыға душар болған үйді танысын-танымасын баса көктеп барып, садақа ретінде таратылатын тиын-тебенді «оңай олжаға» немесе кірістің бір көзіне айналдырып алған сыңайлы. Дастарқан «тонайтын» әбес қылығымыз тағы бар.
Жуырда Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов аудан ардагерлерін және өзге мешіт өкілдерін шақырып, өлік жайлауды қарапайымдандыру бағытында жақсы бастама көтеріп өз ойын ортаға салды.
«Ақпан айында облыстық дін басшыларының қатысуымен өтетін діни танымдық конференцияда осы мәселе бойынша қаулы қабылданып, пәтуаласатын боламыз», – деді.
Айта кететін жайт. Қаза болған адамның намазына тек қана сауап үшін барайық, көмек үшін беретін азын-аулақ қаржымыздан «қайтарым» күтпейік дегім келеді. Қайғырған отбасыдан кілем, көрпе, жастық арқалап қайтуды өз басым өте ұят, әбес қылық деп санаймын.
Айтпағым, дәл қазір нарық экономикасы қыспаққа алып, қымбатшылық болып жатқан шақта ретсіз шашылуға жол берілген дұрыс болар ма екен? Табиғи болмысымыз демей, жат әдеттерден аяғымызды тартсақ қайтеді? Әрине халқымыздың бойына, санасына мысқылдап кіріп қалған, пайдасынан зияны көп әдет-дағдылардан бір мезетте құтылу мүмкін де емес. «Ханның айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген бар. Көбіне жай адамның айтқанын жұрт тыңдап, құп көре бермейді. Тіпті зейін қойып назар аудармайды.
Сондықтан ақпарат құралдары, аудандық кітапхана пікірталастар ұйымдастырса, танымал азаматтар, ру басшылары, дін жанашырлары мен өкілдері, мектептердегі мұғалімдер ой-пікірлерін айтса, халықтың санасына жетер еді деп ойлаймын.
Сонау нәубетті жылдардағы аға буын нан тапшылығын көріп, тұрмыстың азабын сезініп өсті. Қазіргідей тоқшылық заманда кейбір жастарымыз нанның қадірін түсінбейді. Жерде жатқан нанды көрсе де көрмегендей сыңай танытады. Болмаса ойланбастан қоқыстың арасына тастай салатындар да кездеседі.
Бұл әрине кешірілмес күнә. Нан небір асыл дүниелерден де артық тіршілік көзі екендігін жастарға түсіндіруден жалықпауымыз керек.
Құдайға шүкір, кең астықты елде тұрып, аста-төк заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемде азық-түлік тапшылығын көріп жатқан елдер әлі де жетерлік. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дегендей, қалталылардың тасынған әрекетін қайталау біздің менталитетімізге, салт-дәстүрімізге, дінімізге жат. Сондықтан да көрпемізге қарай көсілейік ағайын.
Өзге өңірлердегідей, дүние салған адамды жерлеу рәсімі кезінде дастарқандағы ас түрлері барынша қарапайымдандырылса, келген жамағатқа кілем, көрпе-жастық, шапандар, ақша таратылмаса деген ұсынысым бар, сіздер қалай ойлайсыз оқырман?
Кемалбай КӨПЖАСАР,
Қаржы саласының ардагері,
Қазақстан Журналситер Одағының мүшесі