Талапты ерге нұр жауар
Табиғаттың қолайлы немесе жайсыз мезгілін елемейтін болат жол бойындағы қауырт тірлік күндіз-түні тоқтаған емес. Мұндағылар қашан көрсең де ерсілі-қарсылы тынымсыз қозғалған жолаушылар пойызы мен жүк құрамаларының межелі жеріне дер кезінде, кідіріссіз жетуі жолында аянып қалмайды. Солардың арасында вагон қараушы-жөндеушілерге жүктелетін міндетті жеңіл дей алмаймыз.
Осы саланы жанымен қалаған Нұрлыбек Бисенов Қазалы пайдалану вагон депосына қарасты Қазалы техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі. Жиырма жылдан аса еңбек өтілі бар Нұрлыбек Ерғалиұлы ұжымдастары арасында ерекше бағаланады. Себебі темірдей тәртіпте шыңдалған ол жұмысына мұқияттылығынан былтыр наурыз айының 30-31 не қараған түні үлкен апаттың алдын алды. Ішкі ережемен журналға тіркелген 03 сағат 20 минутта стасансаға қабылданған №3424-ші жүк пойызына техникалық қызмет көрсету барысында №70504105 вагонының доңғалақ жұбының подшипнигінің сынғандығын анықтайды. Сол сәтте жедел қимылдайтын сала мамандары вагонды құрамадан ағытып, ағымды жөндеуге берді. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, табылуы қиын ақауды дер кезінде анықтау арқылы жол қауіпсіздігін сақтап қалды. Мұндай жағдай мыңнан бірінде ғана кезігеді екен.
– Кезінде әкем Үкілісай деген жерде №93 разъезде вокзал бастығы қызметін атқарды. Сонда теміржолшы болуды аңсайтынмын. Арлы-берлі өткен пойыздарға қызыға қарап, оларды жөндеумен айналысқым келетін. Осы арманның жетегінде жүріп сегізінші сыныптан соң Қазалыдағы техникалық училищеде оқып, 3 жыл 8 айда вагон қараушы мамандығын алып шықтым. Қазір мен сияқты теміржол саласында жолсерік ретінде бір ұлым қызмет етеді. Өмірлік жарым да осы салада жұмыс істейді. Қиындығына қарамастан өз мамандығым ұнайды. Пойыз доңғалақтарын тоқылдату арқылы ақаудың бар-жоғын шыққан дыбыстан байқаймын, – дейді Нұрлыбек Бисенов.
«Талапты ерге нұр жауар» деген. Өз ісінің шебері Нұрлыбектің айтуынша, ауысымда 10 адам бар. Аға вагон қараушы Арман Айболатов, вагон қараушы-жөндеушілер: Айболсын Сүндетов, Иса Алмағамбетов, Қазтуған Өтемісов, Ермахан Күлімбетов, Айбек Өтепбергенов, Зинадин Жарылқасын, Қайрат Меңдібаев, Айбек Қараманов, Талғат Ақбаевтармен бірлесе теміржол қауіпсіздігіне жауап береді.
Бүгінде теміржол саласының батыры Құдай қосқан қосағы Эльмира Махановамен бірге 3 ұл тәрбиелеуде. Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА