Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғайдағы ағайынның көлік қатынасы қалай?

Шалғайдағы ағайынның көлік қатынасы қалай?

Жыл өткен сайын ауданға қарасты ауылдардың мәселесі ақырындап шешімін тауып келеді. Нақтыласақ, ауызсу, аяқсу, жол және жарық жайы бір жолға қойылуда. Бірақ осы тұста тағы бір алаңдататын жағдай бар. Ол – шалғай ауылдағы ағайынның көлік қатынасы. Бұл түйткіл жазғы уақытта аса бір қиындық тудыра қоймасы анық. Дегенмен қыстың көзі қырауда аудан мен округ арасын тоздыратын жұрт үшін бұл үлкен мәселе.
Қазір ауа райы жергілікті жерге күліп қарап тұрғандай. Қыстың екінші айы болса да көп ауылды әлі қалың қар баса қойған жоқ. Егер күн райы күрт өзгеріп, қытымыр қыс қылышын сүйрей жөнелетін болса, шалғайдағы жолдардың жабылары сөзсіз. Сондықтан алыстағы ағайынның көлік қатынасы қалай болып жатқанын білмекке бірнеше ауылмен байланыстық. Нәтижесінде түйіні тарқатылмай тұрған түйткілдің бар екенін аңғардық.
Қазіргі таңда Қызылқұм ауылдық округіне баратын жолдардың жөнделгенін жұрт жақсы біледі. Бұрын ұзақ уақытты жолға арнайтын сондағы тұрғындар қазір ә дегеннен қаладан бір шығады. Сол үшін елді мекеннен заңдастырылған 8 автобустың бесеуі тұрақты қатынап тұр. Барлығы мемлекет тарапынан берілген. Оның 2-еу түске дейін, қалған үшеуі түстен кейін шығады. Ал округке қарасты Ажар ауылына көлік аптасына, үшінші және демалыс күндері 2 рет жүреді. Ауылдық округ әкімі Оңталап Мүсіліммен тілдескенімізде осы мәселе жуырда ғана көтерілгенін айтты.
– Бұл түйткілді тұрғындар осыдан бірнеше күн бұрын айтқан болатын. Яғни, 1-2 адам болғанда автобустар «май-суын өтемейді» деп шықпай қалатын көрінеді. Осыған байланысты көпшілік жағдайын жеткізді. Негізі 53 үйде жеке көлік бар. Сондықтан болар автобустар адамға толмай қала береді. Автобус жүргізушілері уәжіне құлақ түрсек, олар Қожабақыдан шығатын түскі көлікті бізге берсе дейді. Өйткені жолай барлық адамдарды кентке ала барады. Осыдан соң жолын өтемейді деген әңгіме болмайды. Мұның да бір шешімі табылатын болады, – дейді ауыл басшысы.
Мұнан соң ауданнан 110 шақырым қашықтықта жатқан Сарбұлақ ауылдық округінің әкімі Руслан Жаңабаймен байланыстық. Елді мекен басшысының сөзіне сенсек, ол жақтан автобус қатынамайды. Ал бұл тұрғындар үшін аса бір қажеттілік тудырып тұрған жоқ. Әркім өз көліктерімен жолға шыға береді. Одан бөлек ағайын-туыстыққа салып, бір-біріне мінгесіп жетіп қалады. Негізі мұнда 480 тұрғын тіршілік етеді. Бірақ неге екені белгісіз, автобусты қажет санамайды. Ауыл әкімі Руслан Алпысұлы: «Егер мұндай мәселе болатын болса, бұған дейін көтерілер еді» дейді. Дей тұрғанмен бір ауылға қатынайтын автобустың қажет болары анық. Өйткені сөз басында айтқандай күн райы өзгеретін болғанның күннің өзінде тұрақты қатынап тұратын көлік қажет-ақ. Сондықтан мәселенің бір ұшы алдағы уақытта көтерлімес бұрын, тұрғындар қажеттілігін ерте бастан қолға алған жөн.
Ал Тасарық ауылдық округінің әкімі Әлмұқан Ерғалиұлы осы бір мәселені халық ортаға салып шешкенін айтады.
– Округке қарасты Лақалы, Тасөткел ауылдары бар. Онда барлығы 865 адам тұрады. Оның 516-сы Тасарық ауылының жұрты. Аудан мен округтің арасын алтын көпір еткен 2 жолаушылар көлігі бар. Май-суы өздерінің мойынында. Екеуі екі күннен алма-кезек ауысып отырады. Таңғы 7:00-де шыққан автобус,түс ауа 15:00-де кері қарай шығады. Міне, осы уақытта тұрғындар өздеріне қажетті азық-түлігін алып, жеке шаруаларын тындырып келеді. Яғни барлығы осыған үйренген. Одан бөлек жеке көлігі бар азаматтар өздері барып келе береді. Жалпы, кентке бару 1000 теңге, қайту мың теңге болады, – дейді ауыл басшысы.
Осы ретте Қызылқұм ауылдық округі секілді «егер ауданға барушылар саны аз болып, тасымалдаушының жол шығыны өтелмей қалса не болады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ мұны әуелден ойлаған олар жүргізушілермен келісім дұрыс болғанын айтады. Тізгіншілер автобус толса, толмаса да уақытылы жүріп тұрады. Сол секілді ауа-райы күрт өзгеріп, жолды қар басатын болса, барлығы халыққа ескертіліп, бірнеше күнге қатынас тоқтай тұрады екен. Демек мұның артында жолдың жайы жатыр. Сондықтан Тасарыққа апартын жолдың да жөндеуін күтіп тұрғанын құзырлылар естен шығармағаны абзал.
Шәкен ауылдық округі әкімі Тимур Кималов ауданмен екі арада автобус аптасына екі мәрте жүретінін айтады. Яғни, бірінші күні сағат 13:00-де шыққан автобус екінші күні 19:00-де кері қайтады екен.
Алыс-жақын елді мекеннің көлік қатынасын сұрай жөнелгенде барлық ауылдың әкімдері дерлік мәселенің жоқ екенін айтады. Дұрыс бір ауылға басшы болып отырған соң, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отыруы заңды. Бірақ түйткілдің бар екенін сондағы кейбір ағайын жасырып қалмайды. Анық-қанығын біліп, газет бетінен көрсетейік деп аты-жөнін сұрасақ, неге екенін белгісіз кірпідей жыйырыла қалады. Сондықтан алдағы уақытта барлығын қайта парақтауға тура келеді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

31 қаңтар 2023 ж. 273 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031