Қазақстан ауруханаларына 2027 жылға арналған дәрілер қашан жеткізіледі
2027 жылға арналған дәрілік препараттар желтоқсан айында бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізіле бастайды.
Фото: canvaАл оларды Қазақстанның медициналық ұйымдарына тарату 2027 жылғы 5 қаңтардан бастап жоспарланып отыр. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Жиында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Николай Палинка 2027 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу жұмыстары белгіленген мерзімнен үш ай бұрын басталғанын мәлімдеді. Сатып алудың жалпы құны 662,1 млрд теңгені құрайды.
Сатып алу рәсімдерін ертерек бастау келісімшарттарды уақытылы жасасуға және дәрі-дәрмектерді жеткізуді алдын ала ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде препараттар тапшылығының туындау қаупін азайтуға бағытталған.
Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор жүйесі 1 875 медициналық ұйымды қамтиды. Оның аясында дәрілік заттардың 2 мыңнан астам атауы жеткізіледі. Жүйе арқылы 2 миллионнан астам пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
"СК-Фармация" мәліметінше, 2024–2026 жылдары дәрі-дәрмек сатып алу кезінде бюджет қаражатының 195 млрд теңгеден астамы үнемделген. Оның 70 млрд теңгесі 2026 жылға арналған сатып алуға тиесілі.
– Біздің басты міндетіміз – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде пациенттерді сапалы дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету. Сонымен қатар сатып алу рәсімдерінің ашық, уақтылы және экономикалық тұрғыдан негізделген болуы біз үшін аса маңызды", – деп атап өтті "СҚ-Фармация" ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Николай Палинка.
Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және халық үшін дәрілік көмектің қолжетімділігін жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныс енгізді.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылдың соңына дейін дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға қатысты барлық рәсімді аяқтауды тапсырғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Қазақстанда жаңа дәрілік препараттарды тіркеу рәсімі жеделдетілді. Енді дәрілерді тіркеу мерзімі 15 жұмыс күні болып белгіленген.
Отырыс барысында компания өкілі сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін тұрақты түрде арттыруға басымдық беретінін айтты.












