Тауықтан табыс тапқан
Қазір ебін тауып еңбек ететін заман. Әсіресе кәсіпкерлікке бет бұрғындар қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Аталған салаға көрсетілетін қолдаудың нәтижесінде қаншама азамат қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Өткен жылы өз ісін өркендеткендердің қатарында құс шаруашылығына көңіл қойғандары жетерлік. Олар кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бүгін де тауық бағып, табыс тауып отқандардың бірі – Әсел Жарас.
Әселдің негізгі мамандығы теміржолшы. Алайда заман талабына сай бизнесте бағын сынамаққа бел буды. «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы оқып, қайтарымсыз қаржы алуға құжаттарын тапсырды. Оның бастамасы, бизнес жоспары, жұмыс істеймін деген таудай талабы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қолына тиген 583 мың теңгеге 70 бас тауық пен екі инкубатор аппаратын сатып алды. Жас кәсіпкер тауықтың етін, жұмыртқасын дүкендерге өткізіп, балапанын да сатады.
– Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз деуге болады. Жолдасым вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бос уақытында маған жәрдемдеседі. Анамыз бар, ол кісі де қолынан келген көмегін аямайды. Жем-суын уақытылы беріп, жайлы орынға орналастырсаңыз бұл құс аса бір қатты жағдайды талап етпейді. Үй тауығының жұмыртқасы да еті де зиянсыз. Өйткені не жеп, не ішіп жатқанын көзіммен көріп, үнемі бақылап отырамын, – дейді Әсел Сәбитқызы.
Кәсіпкерлікке келген кез келген адамда табыс пен қоса шығында жүретінін айтқан жас келіншек бастаған істі жарты жолда қалдырмау керек дейді.
– Бірден ісім өрге домалады демеймін. Бірте-бірте жолға қойылып келеді. Қазір күн жылынды, енді инкубатор аппаратынан балапан басып шығаруды қолға аламыз, – деген Әселдің алға қойған мақсаты айқын.
Тетігін тапсаң, табыс келетінін кәсіпкердің тыңғылықты ісінен ұғуға болады. Қол қусырып қарап отыруды жөн санамайтын Әселдің қыз-келіншектерге сұлулық сыйлайтын да өнері бар. Әсемдікке құмар арулардың көркіне көрік қосып тұратын кірпігін жалғауды, күтіп, баптауды жақсы біледі. Өйткені бұл салада да бірнеше рет білім алды, еңбек етті.
– Бір ғана жалақыға қарап отыратын кез емес. Жастық шақта бойдағы жігер мен күш-қайратты дұрыс пайдалану керек. «Бұл менің қолымнан келмейді» деп тартыншақтай беру тек жалқауларға тән. Адамның істегенін, адам істейді, сондықтан қорықпай, қадам бассаң, мұратқа жетесің, – дейді Әсел Сәбитқызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА