Атқарылған жұмыс көп, ауқымды істер алда тұр
Қазалы ауданының жыл санап дамып келе жатқаны туралы жұрт жақсы біледі. Қай жағынан алып қарасақ та алға жылжу бар. Өткен жылдың өзінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс аз болмады. Ал биыл ше? Нендей жағымды жаңалықпен аудан тұрғындарын қуанта аламыз. Бұл жайында апта басында аудан басшысы Мұхтар Оразбаев облыс әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтып берді.
Негізінен ауданда жер кезегінде тұрған тұрғындар саны көбейген. Бұл үшін аудан орталығынан көлемі 600 гектар жерге салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленген. Оған қоса баспана кезегін азайту үшін Ғ.Мұратбаев атындағы ауылдан ашылған аймаққа салынатын тұрғын үйлерді ауызсу, газ және электрмен жабдықтауға 251 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар болатын учаскедегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін тарту құрылысы басталмақ. Бұл үшін бюджет есебінен 110,2 миллион теңге қаралған.
– Қазалыда былтыр 20,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Аудан бюджеті 22,6 миллиард теңгеге жетіп, өз кірістеріміз 2,1 миллиард теңгені құрады. Өздеріңізге белгілі, бюджетті ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бүгінде ауданда кәсіпкерлердің саны – 6121. Ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 9366 адамды құрады. Өткен жылы жаңадан 25 кәсіпкерлік нысан бой көтерді. Сондай-ақ 382 жоба бойынша 4,3 миллиард теңге несие беріліп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді. Өз кәсіпкерлеріміз 7,5 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, күнделікті сауда-саттықтың нәтижесінде бөлшек сауда айналымы 10,7 миллиард теңгені құрап отыр, – деді аудан әкімі.
Ауданда өткен жылы 21,2 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Жергілікті жерден Ресей, Беларусия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай және Нидерланды мемлекеттеріне 3374,3 тонна күріш, 893,7 тонна балық, 711,1 тонна қамыс экспортқа шығарылды.
Сол секілді әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп, 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Cу тапшылығының алдын алу үшін 6 дана көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде қазалылық еңбеккерлер қамбаға 21 мың тонна Сыр салысын құйып, Қазалы ауданы «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласынан «Үздік аудан» атанды.
Былтыр Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдары табиғи газға қосылып, ауыл жұрты бір марқайып қалған болатын. Енді алдағы уақытта Абай ауылының тұрғындары қуанышқа кенелетін күн алыс емес. Яғни бұл жақты да газдандыру жоспарлануда. Ол үшін тиісті жоба-сметалық құжаттары да әзірленген. Сонымен қатар Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылына көгілдір отын жеткізілетін күн де алыс емес. Жоба-сметалық құжаттары жеке кәсіпкердің демеушілігімен әзірленіп, сараптамадан өтіпті. Ендігі қызу жұмыс басталған күні сүйінші сұрайтын боламыз.
Айта кетейік, қазіргі күні ауданды газбен қамту 63,2 процентті құрап отыр.
– Жол жөндеу бағытында көп еңбек атқарылуда. Мысалы, былтыр 75 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бойынша 7 жоба қолға алынған. Бұл үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Ал жұрт күтіп жүрген Әйтеке би мен Қазалы қаласы арасындағы 7 шақырымдық төрт жолақты жол биыл толық аяқталады. Сондай-ақ биыл аудандық маңыздағы 4 автомобиль жолы жөндеуден өткізілмек. Олар – Ғани Мұратбаев ауылына кіреберіс жолы, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей», «Қожабақы-Бекарыстан би», «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автожолдары. Бұл үшін бюджеттен 1,2 миллиард қаржы қаралды.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде биыл Әйтеке би кенті мен Түктібаев, Мұратбаев ауылдарының елдімекенішілік жолдары орташа жөндеуден өткізіледі. Бұдан бөлек, Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы арасындағы көпір құрылысы толық аяқталды. Ал «Қарлан» көпірінің құрылысын жалғастыруға бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді, – дейді аудан басшысы.
Қазалылықтар үшін жағымды жаңалықтардың легі бұл ғана емес. Мәселен, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан орталығынан 600 және Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп бой көтермек. Ал денсаулық саласы бойынша былтыр Әйтеке би кентінен ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ аудан орталығынан шалғай орналасқан Жұбан мен Жалпақ елді мекенінде медициналық бекет ашылды. Алдағы уақытта Бозкөл, Абай, Кәукей ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.
– Ел ішінде спорт алаңдарының көптеп іргетасы қалануда. Өткен жылдың өзінде 6 алаң, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Қ.Пірімов ауылынан спорт кешені салынды. Биыл Ү.Түктібаев ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Бекарыстан би және Ғ.Мұратбаев ауылынан да осындай спорт кешені құрылысын салу жоспарланып отыр, – деді М.Оразбаев
Биыл Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен Кәукей ауылынан 100 орындық клуб пайдалануға беріледі. Қосымша Бірлік, Майдакөл, Шәкен ауылдарынан 100 орындық клуб құрылысын салу үшін тиісті құжаттар дайындалған.
Абзал ЖОЛТЕРЕК