Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейәдеп сөз сан соқтырады

Бейәдеп сөз сан соқтырады

Тұрпайы сөздерді турасынан айтсақ, кей жағдайда еліміздің оңтүстігінде «шешеден», батысында «анадан» «жіберетіні» жасырын емес. Ал екі қазақ жаға жыртысып, үшінші жақтан біреу арағайындық жасап, төбелесті тежеп тұрғандағы боғауыз сөздер туралы айтудың өзі артық. Мұндай ерегес, жеке басқа өтіп кететін анайы сөздер әлеуметтік желіде жиі кездеседі. Кешелі бері заң шығарушы орган мұндай өрескелдікті тоқтатуға бағытталған құжатты жұрт талқысына салды. Қоғамдық орында мейлі телефонмен, әлде жаныңда тұрған адамға қарата, тіпті ешкімге бағыттамай-ақ, балағаттасаңыз 69 мың теңге айыппұл төлеуіңіз ғажап емес. Таңнан кешке дейін тынымсыз жұмыста жүрген бір адамның айлығы. Аз емес, ә?!
«Он күнәнің тоғызы – тілден» дейді қазақ. Ендеше шекені ашу қысып, шайтан түрткенде ауызға ие болып, сабыр қылуды үйренбек ләзім. Бірақ боғауызды қабылдап алған адам арызданса әлгі ашуыңыз жауапкершіліктен жалтаруға көмектеспейтінін түсіну керек. Дегенмен қайтындаудан, лас сөзден тыйылатын уақыт келгені қашан?! Оның үстіне елге белгілі тарихшы, этнолог Жамбыл Артықбаевтың: «Қай халық көп боқтайды, соған қарап сол елдің сондай құл болғанын, қорлықты көп көргенін аңғартады», – деген сөзі бар. Мұндайда «сонда қазақ қалай боғауызға жақын болды?» деген сауал тууы заңды. Мұны түсіну үшін журналист Нұрбек Бекбаудың жазбасын оқып шыққан дұрыс.
– Орыстың сұмдық боқтампаз болуының сыры – бұл халық өз байларына бірнеше ғасыр басыбайлы құл, «крепостник» болды. Орыс дворяндары құлды сырттан сатып алған жоқ, өзінің халқын құл қылды. Бай орыс – өзіне басыбайлы кедейге білгенін істеуші еді. Қатынын тартып ап, әбден ойнайтын. Қаласа мұжықты өлтіре салатын, басқаға сататын. Мұндай “издевательство” бірнеше ғасырға созылды. Әлбетте, мұжық дворяндарды жек көретін. Бірақ қылар амалы жоқ. Әлсіз құл боқтаумен ғана өшін алушы еді. Бай жоқта, сыртынан сөзбен небір былапыт айтушы еді. Боғауыздық қорының мол болуының сыры осында екен.
Ал қазақ ше? Қазақ та боқтайды! Шымкенттіктердің «шшс», Адайлардың «әнаңды сс», – деп былапыт айтатыны бар. Бұл бейпіл, арсыз сөз бұрыннан бар ма? Әлде өзбек-сартпен келді ме? Шындығында мұндай боқтық — ХІХ ғасырдың басында оңтүстік өлкені Қоқан хандығы, Маңғыстауды Хиуа әмірлігі жаулап ап, езгіге түсірген заманнан тамыр тартады, – дейді Жамбыл Артықбаев. Атақты «шшс» осы сарт басқыншыларына деген ғыжыл, зекет жинай кеп, ауылды ойрандап кететін Қоқан, Хиуа әскеріне шамасы келмеген қазақтың қарғысы.
Яғни «шешеңді», «анаңды» деген боқтық сөз сол шарасыз уақыттың естелігі. Олай болса, анаға тіл тигізу дегенді тастайық, бұл құлдың сөзі! Құл ғана боқтайды! Құлда ғана ана, әкенің қадірі жоқ, – дейді журналист.
Қазақ жұртын боқтампаз халықтың қатарына қосқымыз келмесе де, әкесі үлкен жігіт одан кіші туысынан туған ұлды шешеден боқтауға «права» беретін, жазылмаған дәстүр бар. Тарихшының пайымына сенер болсақ, бұл «салт» беріректе өмірге келсе керек. Алайда әкесі кіші адам кез келгеннен боқауыз ести бермейтін тәртіп бар. Бірақ жақын туысы шешеден кетіп жатқанда шыдас берудің өзі оңай емес. Қазалылық Болат Олжасбек солай дейді.
– Бала кезімде белгілі жағдайларға байланысты рулас ағайынмен араласқан жоқпын. Кейін ес кіргесін оң-солыма қарап, туыстарыммен жиын-тойларға жиі баратын болдым. Бір-екі дастарқандас болып, шежіремізбен танысқаннан кейін, үлкендер тұрпайы боқтауды шығарды. Алғашында ашуға ерік беріп, жаға ұстасып қалған кездерім болды. Кейін ру ақсақалдары мұның ешқандай зілсіз, өзіне жақын тарту ниетімен айтылатын әзіл сөз ретінде қарауға шақырды. Әрине, айтылған сөз, атылған оқпен тең екенін ұғынып, сөздің салмағын біле тұра, бұған бірден көндігіп кеттім деп айта алмаймын. Маған ағайынмен сыйласу маңызды екенін, бірақ боғауызсыз араласқым келетінін де қадап айттым. Кейбір мінезді ағаларым мұныма пысқырып та қарамады. Бірақ қазір жаныма жақын болып кеткен туыстарыма ренжи де алмаймын. Ебін тауып өздерін боғауызбен орғытып алудың амалын, айласын іздейтін болыппын. Қалай десек те, әзіл әзілімен. Былапыттың жақсысы жоқ. Бірақ мұны рулас ағаларыма түсіндіріп көріңіз, – дейді ол.
Екеуара әзіл түсінісетіндер ештеңе емес, біреудің аузын аңдығандар полицей шақырып, боқтампазға 70 мың теңгеге жуық айып арқалатады енді. Оны төлеуге шамасы келмеген адам 30 тәулікке темір торға тоғытылады. Алып қашпа әңгіме екен десеңіз, дәлел де бар.
– Бұған дейін ұсақ бұзақылыққа 17 мың теңге шамасында айыппұл салынатын немесе 15 тәулікке қамауға алынатын. Енді жауапкершілік күшейеді. Өзгерістер бойынша ұсақ бұзақылыққа қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттер кіреді, – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев.
Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген бұл өзгерістер наурыз айында күшіне енеді. Қысқасы, боқтық сөзді тыюға қатысты органның екі елі ауызға төрт елі қақпағы осылай бекітілмек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 қаңтар 2023 ж. 619 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031