Теннистің тәнге пайдасы
Үстел теннисі әлемдегі жас спорт түріне жатады. Ептілік пен шапшаңдықты қажет ететін ойын 1988 жылы Сеулде өткен олимпиадада алғаш рет бағдарламаға енді. Бұл спорттың федерациясы Қазақстанда 20 жыл бұрын құрылып, алғашқы жарыста жерлестеріміз Швицарияда өнер көрсетті. Елімізде теннис ойыны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйікті спорты ретінде де танымалдыққа ие. Бүгін асқан сақтықты, егжей-тегжейлі есепті талап ететін ойынның адам денсаулығына пайдасы туралы сөз қозғаймыз.
Қазақтар қаншалықты қызығады?
Ең алдымен үстел теннисінің біздің елдегі танымалдығына тоқталып өтейік. 1993 жылдан бері үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты үздіксіз өткізіліп келеді. 2017 жылы ТМД елдерінен алғаш болып Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің ең үздік 16 спортшысы арасында өткен үстел теннисінен «2017 ITTF World Tour Grand Finals» финалдық турнирін қабылдады.
Үстел теннисінің белсенді дамуы Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация президенті болып сайланғаннан кейін Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарды. Осы уақытта елімізде бұл спорт айтарлықтай деңгейге көтерілді. Бүгінгі күні федерацияға Әбілғазин Данияр Рүстемұлы жетекшілік етеді. Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті еліміздің барлық өңірлерінде үстел теннисін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөліп жүр.
Ресми мәліметтерге сенсек, бүгінде Қазақстанда үстел теннисімен 160 мың адам айналысады. Оның ішінде жеті мыңға жуығы тұрақты түрде шұғылданады. Соңғы уақытта тенниске қызығатын жастар саны күн санап артып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқушы кезінде үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанғаны бұған әсер етпейді десек жалған болар. Президент кейін екі жылдай республикалық федерацияны басқарып, спортшыларымыздың әлемдік рейтингте үздіктердің қатарынан көрінуіне үлес қосты. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама да үстел теннисінің нағыз шебері болған. Бұл тізімде әлемдік футбол ойынының жарық жұлдызы Криштиану Роналдудың да есімі бар. Тіпті кәсіби боксшылардың өзі осы ойын арқылы шапшаң қимылдау тәсілдерін жетілдіріп отырады екен.
Ал Қазалы ауданында үстел теннисінің сұранысқа ие болғанына бірнеше жыл ғана өтті. Қазірдің өзінде осындағы 36 мектептің барлығында дерлік көк тақта орнатылып, ойынға әуес оқушылар еркін жаттығып жүр. Тіпті кәсіпқой теннисшілер тобы қалыптасып үлгерді. Олар аудан абыройын арқалап, облыста үздік үштіктің, республикалық жарыстарда қарсыласқа есе жібермей, қоржынға талай жүлде салып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.
Теннистің ағзаға әсері
Үстел теннисінің адам ағзасына жағымды әсері мол. Әсіресе Қытай халқы шағын тақтадағы жарыстың жай ғана ойын емес, жылдам ойлау сайысы екенін жақсы түсінген. Сондықтан бұл спортты мектеп бағдарламасына енгізген. Үстел теннисімен шұғылданған баланың дені сау болып, сабақ үлгерімі жақсарады, әрі өзін сергек сезінеді. Бұл ойынды бұқаралық мақсатта дамытқан Қытай елінің денсаулық пен спортта қаншалықты алға кеткені белгілі. Денсаулықты мықты етуге бағытталған мұндай цивилицазия қазалылық мектептерде бары қуантады. Тек мектеп бағдарламасына енуі ғана қалып тұр.
Теннистің адам ағзасына пайдасы туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Оны медицинадан хабары аз адамдар да жобалап білетіні анық. Десек те бұл туралы белгілі спорт дәрігері Бауыржан Құсайыновтың аузынан естіген жөн.
– Тұрақты түрде шұғылданған адам буын ауруларының алдын алады. Қан қысымын да қалыпта ұстайды. Сонымен қатар үстел теннисі – ең қауіпсіз спорт түрі. Оны кез келген адам ойнай алады. Тіпті теннис ракеткасын енді ұстаған жандар да аталған спортқа тез бейімделеді. Шағын тақтадағы ойын болғанымен адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Үстел теннисі әсіресе білек пен иық бұлшық еттерін шынықтырады.
Сондай-ақ, тірек-қимыл жүйесіне жағымды әсер етеді. Қолжетімді спорт болғандықтан, салауатты өмір салтын ұстанатындарға нағыз керек ойын түрі деп айтуға болады. Ойыннан кейін тұтас денеге түскен жүктеменің жағымды әсерін сезесіз. Себебі жаттығудан соң, ағзада эндорфин пайда болады. Яғни, адам шаттыққа кенеліп, бақыт гормондары белсенді жұмыс істейді. Жаттығудан кейін де көтеріңкі көңіл күйде жүресіз. Ұйқы дұрысталады. Әрі қатып қалған буындарды, тұз қатқан жауырынды босатады, – дейді Б.Құсайынов.
Теннис шығарған тер
Теннис шығарған тердің ересектерге үлкен пайдасы бар. Оларды жіктеп өтсек, бұл спортты жақсы көріп кететіндердің қатары қалыңдайтыны сөзсіз. Ең бірінші жылдам допты қайтара алған адамның қозғалыс жылдамдығы артып, шалттыққа үйренеді. Сағаттап көлік жүргізетін жандардың вестибулярлық аппарат жағдайын жақсартады. Бұл дегеніміз белгілі бір зат пен адам денесінің ара қашықтығын ойша дәл есептеуі дамиды деген сөз. Ұзақ жолда көлік басқаратындар бұл қиындықтың салдарын жақсы біледі.
Көрнекі гимнастика неге негізделеді? Әрине, әртүрлі қашықтықтағы объектілерді байқауға көмектесетін жаттығулардың көркем берілуімен әсер береді. Сол сияқты, допты үнемі бақылайтын үстел теннисі біздің көз жанарымызға пайдалы. Бұл спорт ауыр жұмыс күнінен кейін көзді босаңсытуға ғана емес, сонымен қатар көздің көру деңгейін арттыруға көмектеседі.
Мысал келтіре кетейік, қазіргі таңда экологиялық проблеманың ортасында орналасқан Қазалы ауданында жүрек-қан тамырлары ауруынан азап шегетіндер саны аз емес. Мұндайда дәрігерлер кешенді ем ұсынатыны белгілі. Ал үстел теннисі кардио жаттығуларының бағдарламаларына енгізілген. Өйткені ол жүрек бұлшықеті мен қан тамырлары жүйесінің жағдайына жақсы әсер етеді. Соңғы ауру үшін икемді және тиімдірек болады. Себебі ойын қан ағымының жеделдеуін тудырады және әртүрлі органдар оттегіні белсендірек пайдалана бастайды.
Айтуды ұмытып барамыз, үстел теннисін пинг-понг деп те атайды. Бұл доптың ракетка мен үстелге тигендегі дыбысынан пайда болған атау. Бір ойында ракетканы қысып тұрған қол орнын жүздеген рет өзгертеді. Бұл, айтпақшы, ептілікке ғана емес, тіпті қолжазба мен сурет салғанда дәлдікке жақсы әсер етеді. Бұдан бөлек ойыншы үстелдің жанында тұрақты қозғалыста болатындықтан қосымша жүктеме әрқашан аяқтың бұлшықеттеріне түседі.
Әрі қарай тізіп шығайық, теннис артық салмақтан арылуға, ептілік пен өзін-өзі басқаруға, ойды жинақтау әрі ұшқыр етуге және ең бастысы, стрестен арылуға орасан көмегі бар. Спорттың балаларға пайдасын бөлек түсіндіру керек.
Жеткіншектің ойыннан жеңері бар
Ата-аналар баласын салауатты өмір салтына неғұрлым тезірек бейімдесе, соғұрлым жақсы. Мұны таңертеңгілік жаттығулар мен тұрақты серуендерден бастау керек. Мұндағы мақсат кәсіби спорттық мансапқа жету емес, кішкентайдың келешекте алдына мақсат қоя алатын, дені сау азамат болып қалыптасуына зор әсер етеді. Сондай-ақ балаға қандай спорт түрі қызықтыратынын түсіну әлдеқайда маңызды.
Үстел теннисін алты жастан бастап ойнауға болады, алайда бұл ойында жеткіншек үшін аздаған қиындық бар екенін есте ұстаған жөн. Бұл жас ойыншылардың ересектермен бірдей үстелді қолдануымен түсіндіріледі.
Айта кету керек, үстел теннисі балаларда сколиоздың дамуына жылдамдатады. Өйткені бұл ойын дененің бір бөлігінде стресс тудырады. Балаңызды осындай қорқынышты перспективадан қорғау үшін іш пен арқа бұлшықеттерін дамытуға көмектесетін қосымша жаттығуларды жасату керек. Сапалы спорттық жабдықтары бар және штатында тәжірибелі және кәсіби жаттықтырушы бар жақсы секцияға жазылу маңызды.
Жаттықтырушы тек ойын ережесін түсіндіріп, ракетканы қолдануды үйретіп қана қоймайды, сонымен қатар тиімді стратегияларды қалай қолдану, жиынтықты бақылау, қарсыластың әрекетіне талдау жасауды айтып береді. Теннистің бұл түрі тактикалық ойындардың қатарына жатады және жеткілікті үлкен білім қорын қажет етеді.
Спорт сақтықты сұрайды
Үстел теннисі ең жарақатсыз спорт түрлерінің бірі болып саналса да, оның қарсы көрсеткіштері мен шектеулері бар. Сондықтан сколиозбен ауыратын адамдарға жаттығудан бас тарту ұсынылады. Бұл теннис үстелінің айтарлықтай төмен болуы мен қозғалыстар тек бір қолмен орындалатынына байланысты.
Сондай-ақ, үстел теннисі миопияның жоғары дәрежесі немесе көз түбінің асқынуы бар адамдарға жақсылықтан гөрі көп зиян тигізеді. Мұндай жағдайларда офтальмологпен кеңесу міндетті болып табылады. Белсенді жаттығулар ішкі ағзалардың аурулары, жүрек-тамыр жүйесі проблемалары бар адамдар үшін қауіпті болатыны анық. Сондықтан дәрігердің кеңесімен тенниске келгендер өзінің нормасын да біле келгені абзал.
Жарақаттардан немесе операциялардан кейін қалпына келтіру кезеңінде өзін нашар сезінетін жандар да ойыннан толыққанды ләззат алуға асықпағаны жөн. Сөз соңында кез келген үстел теннисін ойнауға құмар адам алдымен дене қыздыруы керек екенін еске саламыз. Бұл бұлшық ет пен сүйектен алатын жарақаттардың алдын алады.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ