Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дәлізде» жатқан денелер...

«Дәлізде» жатқан денелер...

Қазақ дүниетанымында пенде пешенесінен асып, ешқайда кете алмайды. Қиындық пен қуаныш аралас өмірінің белгілі бір тұсында бұйырған дәм-тұзы таусылады да, мәңгілік мекеніне аттанады. Көнекөздер кәміл сеніммен айтатын мұндай даналыққа айтар уәжіміз жоқтың қасы. Дегенмен замана көшінен сәл кемшіл келе жатқан кейбір жауапты азаматтардың ісіне салғырттығы салдарынан жазықсыз жандарды ажал «әлдеқашан» бұрын алып кетіп жатқандай көрінеді. Мезгілісіз өлімнің көп бөлігі халықаралық дәлізде орын алып жатыр десек, қателесе қоймаспыз.
«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолындағы жантүршігерлік апаттың көпшілігі Қызылорда мен Ақтөбе қалалары арасында болады. Мұның басты себебі – жолдың тар салынуы. Жер бауырлап келе жатқан автопойызды басып өту бұл аралықта мешел мұң. Он метрлік «фураның» соңынан «қарсы бағыттағы автокөлікті басып оза аламын ба?» деп сығалаған жүргізушіге ажал да сығалай қарайды. Шынымен кез келген көлік жүргізушісінен сұрап көріңіз, мұндай тәуекелдің нақ екенін айтып, сөзімізді құптайды. Ешкімнен сұрамай-ақ, кеше ғана Арал мен Қазалы ортасындағы Шөміш маңында орын алған жол апатын еске түсірсеңіз де жарайды.
Жауапты мекеме мен оның басшыларының салғырттығы туралы айттық, көліктегі 5 адамның төртеуі жан тәсілім еткен апат болар алды жауын жауған деседі. Мұндайда шекті жылдамдықтан сәл асырсаңыз алдыңыздан қуана қарсы алатын полицейлер де, тұз бен құм араластырып, мұздаққа шашып жүрген «ҚазАвтоЖол» мекемесінің қызмет көлігі де байқалмаған. Енді ше? Халықаралық автожол пайдалануға берілгенде трасса бетінде мұз қатпайтын айтып, ант-су ішкендер ұнтақ сеуіп жүрсе, өз өтірігін өзі ашқандай болады емес пе? Ал құрғақ жолда онсыз да жүк көлігін басып озу қауіпті екенін ескерсек, көз арбайтын мұз құшақтаған қара трассада адамның аман қалуы екіталай.
Облыс орталығынан Батысқа апаратын Ұлы жолды кеңейту туралы мәселе кеше-бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Бұл жайында түрлі мінбер мен әлеуметтік желіде ұсыныс тастаудан талған азамат аз емес. Халық үніне құлақ асудың орнына тиісті акционерлік қоғам талапқа сай емес жолды ақылы қылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бұрын жолаушылар қалтасын жұқартуға асық.
– Елімізде демографиялық саясатқа басымдық беріледі. Бірақ оны тежеуші фактормен күреспейді. Балалардың қауіпсіздігіне, дамуына тұтас жылды арнады. Дегенмен жол апатынан жылына 200 бала періште күйінде бақилыққа аттанып жатыр. 3 мыңнан астам түрлі жарақат алғаны БАҚ беттерінде жазылып жүр. Ересектердің өлімі де жанды жабырқатады. 12 айда 2500 мыңға жуық отбасы қара жамылатын көрінеді. Ендеше Ұлы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қандай себеп керек? Төрт жолақты асфальт төсеп, оны мұз ерітуге қауқарлы ету, жол жиегіне қоршау салу өлім көрсеткішін бірнеше есеге кемітер еді. Жауаптыларды немкеттілігіне қарап, мемлекеттің басты байлығы – адам деген заңға бейжай қараймыз ба деген ой келеді, – дейді кент тұрғыны Нұрберген Төлеген.
Бірер жыл бұрын жол жиегінде жайылатын төрт түліктің мойнына жарық шағылыстырғыш «алқа» тағуды міндеттеу туралы заң жобасы қолға алынғаны туралы теледидардан жарыса көрсетті. Дегенмен сөз бен істің алшақтығы кезекті рет көзге ұрып отыр. Көлікке мініп, көп сапарға шығатын біздің өзіміз мал қағып кетуге сәл-ақ қалған кездеріміз көп болса да, аталған ерекшелікті бір рет те байқамадық. Әрине мұның себебі анық. Шаруашылық иелері үшін мыңдаған мал басына «алқа» тағу қажетсіз шығын көрінеді де, жергілікті атқарушы биліктің нұсқауын құлаққа ілмейді. Алда-жалда малы көлік апатына себеп болса, айыппұл арқалаған арқаға жеңіл түседі. Бұл еліміздегі кейбір заңның әлсіздігін де көрсетеді.
Өткен жылы көлік жүргізушілері жолдың ақылы болуына байланысты наразылық білдіргенін білеміз. Алайда Қызылорда қаласынан бастап әрі қарайғы жол ештеңеге қарамастан ақылыға айналды. Ендігі кезек Батысқа апаратын жолға келетінін ескерсек, жолдың талапқа сай болуын талап етуі тиіс. Бұл үйдегі жақынымыз, туған-туыстың амандығына тікелей әсер етеді. Лайым, халық үніне құлақ асатын үкімет, ашық жол болсын, жолаушы!

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

20 желтоқсан 2022 ж. 239 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031