Қазақстанда бір тәулікте 11 адам жол-көлік апатынан қаза тапқан
ҚР Ішкі істер министрлігі 19 қыркүйекте елімізде жол және көлік апатынан 11 адамның қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қайғылы салдарға әкеп соққан жол-көлік апаттары көбінесе жол жүру ережелерін сақтамағаннан болған:
Қарағанды облысында: МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ автобусы соғылып, салдарынан төрт адам көз жұмды.
Қостанай облысында: Қостанай — Әулиекөл — Сұрған тас жолында екі машина бетпе-бет соғылды. Апаттан бір кісі қайтыс болды, үш адам ауруханаға түсті.
Ақтөбе облысында: Кеңсахара ауылына жақын жерде РФ азаматы жол шетімен келе жатқан 32 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.
Жетісу облысында: жер үйдің ауласында жөндеуде тұрған DAF жүк көлігі абайсызда екі жасар қызды басып кеткен.
Жетісу облысында: Батыс Қытай — Батыс Еуропа тас жолында жол талғамайтын көлік аударылып, үш адам ажал құшты.
Астанаға жақын орналасқан Астана — Петропавл тасжолында ВМW алдында келе жатқан «Газельге» соғылып, седан жүргізушісі оқиға орнында мерт болды.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды, атап айтқанда, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді ереже сақтауға шақырады. Ең бастысы, бейқамдықтың салдары өте ауыр болатынын естен шығармаған жөн. Жылдамдық режимін, көлік арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтаудың маңызы зор.