Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тас жолдағы тағдыр

Тас жолдағы тағдыр

Адам баласының тіршілік бабымен сапарлатуы қалыпты жағдай саналады. Заманның дамыған тұсында темір тұлпармен тегіс жолдағы машақат азайғаны рас. Алайда қауіп пен қатер еселенді. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, озық заманның жазықсыз адамға қапияда опық жегізетіні бар. Мұндай қайғылы жағдай, өкінішке орай, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінде жиі орын алып тұрады. Кешегі бір көлік ішінде мерт болған сегіз адамның қазасы иісі қазақтың қабырғасын қайыстырып, жолға шығуға үрейлендіріп қойды. Талай тағдырдың астаң-кестеңін шығарған тасжол төңірегінде ой қозғаймыз.

Жүйесіз «Жібек жолы»
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралін салу идеясы Ұлы Жібек жолынан бастау алатынын білеміз. Кеңестік кезеңде Мәскеу-Пекин тас жолын салу нұсқасы қарастырылып, ол әлемдегі ең ірі екі социалистік елдің астаналарын байланыстыруы керек еді. Алайда бұл жоба басқа державалы елге ұнамай, кейінге қалды. Тек 2008 жылы Ресей мен Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін дамыту туралы меморандумға қол қойды. 2015 жылы Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында ынтымақтастық туралы келісімге келді. Көп ұзамай Қытайда 40 миллиард АҚШ доллары инвестициясымен Жібек жолын дамыту қоры құрылды.
Ресей Федерациясының шекарасынан, Ақтөбе облысының Мәртөк ауылының маңынан Шымкент қаласына жол толығымен салынды. Шымкент пен Тараз арасында, сондай-ақ Алматыдан Қытаймен шекараға дейін жұмыс әлі жүріп жатыр. Ел аумағындағы ауқымды жоба 2019 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ одан бері үш жыл өтсе де автодәліз толық аяқталған жоқ, салынған трасса сапаға сай емес. Мәселен жол жабынының сапасы бойынша Ресей Федерациясының шекарасынан Қызылорда қаласына дейін ІІ санатқа жатса, Қызылордадан Қытаймен шекараға дейін І санаттағы жолға жатады. Қазақстан аумағын тіліп өтетін 3000 шақырымға созылуы тиіс жобада төрт немесе алты жолақты жол салынады деп көрсетілген. Сонымен бірге заманауи асфальт қыстыгүні қар тұрмайтын, мұз қатпайтын қасиетке ие болуы тиіс еді. Қармақшы ауданына дейінгі жабында мұндай мүмкіндік қаралмағаны, аздап қар түссе, көктайғақ күйге түсетіні жыл сайын айтылып жүр. Арал мен Қазалы арасында жолдың тайғақтығы мен екі жолақты жолда көліктердің бетпе-бет соғысуынан қаза тапқан кешегі 8 жолаушының азапты өліміне жол салудағы селқостық себеп болды десек қателесейпейміз.

Сақтық апаттан сақтай ма?
Екі жолақты жолда шекті жылдамдық сағатына 100 шақырымды құрайды. Бірақ жүргізушілер арасында сағатына 109 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат деген түсінік бар. Көз ұшында полицейдің ақ-көк көлігі немесе дабыл жарығы байқалмайынша көп жолаушы шекті жылдамдықты ескермейтіні жасырын емес. Егер жылдамдықты асырған сәтте көліктің дөңгелегі жарылып немесе ұшып кетсе, жеңіл көліктер жүк көлігін басып озуды ойлап, үлгермей қалса, содан қарама қарсы бағытта жүйіткіп келген көлікке соқтығысса бітті дей беріңіз. Қауіпсіздік белдігі тағылмаса жан түршігерлік жағдай сонда болады.
– Қызылорда – Қазалы бағытында жұмыс бабымен жиі жолға шығамын. Алла сақтанғанды сақтайды демей ме?! Жолға шығарда алдымен дөңгелектерді тексертіп аламын. Желі қалыпты ма, больттары берік пе деген сияқты... Бұдан кейін қауіпсіздік белдігін тағып, жүк көліктерін басып озғанда қарсы көліктің алыста келе жатқанына толық көз жеткізуге тырысамын. Мұндай қарапайым ережелерді білмейтіндер аз, дегенмен жолға шыққан адамда қасындағы жолаушылар үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі артылатынын естен шығармаса екен, – дейді кент тұрғыны Қази Маратұлы.
2022 жыл оқыс оқиғалардан басталды. Әр үйдің аяулы сегіз адамының мертігуі де жолаушылар үшін естен кетпес оқиғаға айналары сөзсіз. Бірақ мұндай қайғылы жайт аудан төңірегінде жылда орын алып тұрады. Аудандық полиция бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы автомагистралдағы 9 жол көлік оқиғасынан 10 адам жан тапсырған. Тағы үш азамат ауыр жарақат алып, жаны қалды. Ал өткен жылы даңғыл жолдың бойында 7 адамның дәм-тұзы таусылды. Үш азаматтың періштесі қағып, жарақатынан жазылып шықты. Мұның бәрі Қазалы ауданының аймақтық бөлінісінде, Байқожа мен Ақбай ауылдарының арасында орын алған.
– Ауданаралық, қаларалық қатынастағы жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер теміржол вокзалы, «Нұршуақ» автобекеті мен базар маңындаңы автовокзалдан сапарға шығады. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оларға қауіпсіздік ережесін сақтау жайында, дөңгелектерін мезгілге сай ауыстыруын үнемі ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Одан бөлек аудан ішінде күндіз, түнгі мезгілде төрт қызметтік көлік аудан ішіндегі көліктердің көзге түскен кемшіліктерін ескертіп, заң талаптарына сай жауапкершілікке тартады. Әлеуметтік желіде амандық шарты – сақтық екенін ұдайы жариялап тұрамыз. Осындай талаптарға аудан тұрғындары бейжай қарамаса, жол апатынан келер қауіп азаяр еді, – дейді аудандық полиция бөлімінің полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Аманов.

Тендерде танысың болса...
Бүгінгі күні жұмыссыз жүрген жігіттер такси қызметімен айналысуға құмар. Шетелдің арзан көліктерін несиеге сатып алып, сонымен бала-шағаның нәпақасын ажыратытындар көбейді. Мұның сөгеттігі жоқ. Алайда Ұлы жолда тәжірибесі болмаса да амалдың жоқтығынан тәуекелге баратындарды қоштауға болмайды.
Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының берген ақпарына сенсек, Қазалы ауданында 200-ге жуық азамат такси қызметімен айналысады. Бұл ресми дерек екенін ескеріңіз. Қала арасында қатынайтындардың кейбір салық төлеуден жалтарып, тіркелмейтінін де өз ауыздарынан естіп жүрміз. Бұл жолаушылар тасымалында белгілі бір тәртіп пен ереже жоқ екенін, болса да құзырлылар тарапынан қатаң бақылауда болмайтынын аңғартса керек. Сол сияқты газель, автобустардың техникалық жағдайы талапқа сай келмейтіні айтылып келе жатқаны қашан?! Мұндай көліктердің салық органына 137-сі тіркеліпті.
Басқа қалаға сапарлаудың ең қауіпсіз жолы пойыз екені даусыз. Бірақ азаматтардың басым бөлігі автобусқа тәуекел етеді. Мұнда да шикілік барын жұрт білмейді. Жүзге жуық адамның жауапкершілігін арқалаған кейбір арам ойлылардың тірлігін жолаушы білсе мінбесі анық.
– Негізі жолаушылар тасымалы мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Жемқорлық бұл жерде де орын алып тұрады. Біз бірнеше жыл бұрын осы іспен айналысқанда тендер талабына көз салатынбыз. Онда көліктің шыққан жылы жаңа болуы керегі көрсетілген. Алайда кәсіпкерлер автобус жаңартудың орнына бірнеше миллиондық «таныс» іздейтін. Тендерді ұтып алғаннан кейін тексерушілер келсе, бір түйір жылы жаңа көлікті «көз» қылады да, сапарға көнелерін шығарады. Автобустардың жолда жиі бұзылып, жолаушылар шаруасынан қалып жүргеніне осы себеп. Қай бір жылдары осының салдарынан жол апаты болғаны да естеріңізде шығар?! – дейді есімін атамауды өтінген кәсіпкер.

Төрт жолақты жол – жұрт талабы
Қызылорда облысынан батысқа қарай төрт жолақты жол түседі деген қаңқу сөздің ел аралап жүргеніне бірнеше жыл өтті. Бірақ жол бойынан құрылысшы техникалары байқалмайды. Қаншама адам өлімі мен келеңсіз оқиғалардың ең басты себебі – жолдың екі жолаққа есептелуі. Төрт жолақты трассада жол апатының ауыр түрі – көліктердің бетпе-бет соқтығысуы сирек кездеседі.
– Қызылорда қаласынан Шымкентке апаратын тасжолды көрсеңіз көз тояды. Облыс орталығанан әрі қарай адам өмірі жақсырақ бағаланатын секілді. Жол апатынан бөлек төрт түліктің трассаға шығып кетуі де қоршаулармен тежелген. Ал біз жақта қалай? Халықаралық дәліздің шұрық-тесігі бір бөлек, біресе мал шықпаса екен, ендігіде басып озғысы келген көлік соқтығыса кетпесе екен деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бұл жолдың да тозығы жетті. Жаңартып, төрт жолақты етсе күніге орын алатын кісі өлімін тоқтатуға болады ғой. Осыны билік басындағылар неге ойламайды екен? – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Талғат Әбілдаев.
Қазалы – Қызылорда бағытында мен де жол апатына түскенім бар. Ол да осындай көктайғақ кезде орын алды. Сағатына 40 шақырым жылдамдықта келе жатып, кенет шыр айналған көлік ішіндегі үш адам үнсіз, қозғалыссыз қалдық. Құдай оңдап, қарсы бағытта көлік байқалмады. Ұршықша иірілген темір тұлпарымыз жолдан шығып кетіп, бір бүйірін көтеріп ондаған метрге дейін сырғанап барды да, қайта қалпына келді. Осыдан кейін Қармақшы ауданына жеткенше жол жиегімен жүруге тура келді. Қызығы сол, көрші ауданға жеткенде мұнда мұз жоғын байқадық. Осыдан кейін Төретам кентінен бері қарайғы трассаның сапасыз салынғанына сана сенді. Ал оның жөнделіп, төрт жолақты жолда жүйіткитін күн қашан туары бір Құдайға аян. Әзірге жолаушыны тас жолда тастай тәртіпті сақтап, жылдамдықты асырмау ғана құтқара алады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫ
18 қаңтар 2022 ж. 318 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031